Сəлем, достар! Бүгін кейбіріңнің күнделікті тұрмыстағы əрекеттеріңе байланысты назымды айтып, хат жазғым келді. Əріп танитын болғандықтан бəрің мұқият оқып шығасыңдар деп сенемін. Ең əуелі төмендегі статистикаға назар аударыңдаршы.

Халықаралық еңбек ұйымының мəліметінше, əлем халқының 70 пайызы сапасыз су тұтынады. Бұл проблема əсіресе дамушы елдерде өршіп тұр. Сапалы су дегенімізді жеңіл тілмен былай түсіндірейінші: жер астында тұщы су қоры көп емес. Өздерің география пəнінен оқығандай, жер астының үштен екі бөлігін су алып жатыр. Бірақ ол судың бəрі тұтынуға жарамды деп айта алмаймыз.

Тұщы су қоры жетіспейтін елдер қатарына Үндістан, Қытай, АҚШ, Пəкістан, Жапония, Таиланд, Индонезия, Бангладеш, Мексика жəне Ресей мемлекеті кіреді екен. Ауыз судың тапшылығы əсіресе Қытайда, Үндістанда жəне бүкіл Африка құрлығында қатты сезіледі. Енді дүниежүзілік картаны жақсылап қараңдар. Аты аталған мемлекеттер картаның қанша бөлігін қамтып жатыр екен? Қолыңа қызыл қарындаш ал да, сол елдерді бояп шық. Əп-сəтте қып-қызыл болып шыға келді ме? Көрдің бе, досым, жер шарының осыншама елі тұщы су қорына зəру. Ал ішуге тұщы су ғана жарамды.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мəліметі бойынша, əлемдегі аурулардың 80 пайызы судың сапасыздығы мен антисанитарлық жағдайдан болады. Досым, сен де интернет желісінен, газет-журнал беттерінен, теледидардан Африкадағы жағдайы қиын балалардың суретін жиі байқайтын шығарсың? Арасында əлемнің əр түкпірінен жиналған қайырымды жандардың ауыз сумен қамтамасыз етіп жатқан фотосын да көріп қалған боларсың? Сол кездегі өздеріңдей балалардың краннан аққан мөп-мөлдір суға қалай қуанғанын да байқаған боларсың? Бір сəт көңілің түсіп кетті ме? Аянышты көрініс пе? Көңіл-күйіңді бұзбас үшін ол суретке ұзақ қарамадың. Тіпті, «Африкадағы балалардың таза су ішпеуіне біздің не қатысымыз бар? Оған мен қалай көмектесемін?» деп отырған шығарсың? Түсінемін, бұрын мен де солай ойлайтынмын. Бірақ біз үнемдеу арқылы көмектесе аламыз. Қалай? Егер біз суды босқа ысырап етпесек, сорғылар мен тазарту қондырғыларының жұмысына жұмсалатын энергияны үнемдейміз. Айтпақшы, электр энергиясын үнемдеуді де ұмытпайық. Біз неғұрлым электр энергиясын көп тұтынған сайын, бүкілəлемдік жылыну процесі де жылдамдай түседі. Алып мұздықтар ерісе, жер бетін су басатынын көз алдыңа елестетіп көрші.

Ал үнемдеу үшін не істеу керек? Қызық бір мысал айтып берейін. Қалада тұратын өздерің секілді кішкентай досыммен ауылға қыдырып бардық. Жаз кезі болатын. Ауылда сыртта тұратын душ бар. Таңертең су толтырып құясың. Түске қарай ысиды. Оңтүстікте түс кезінде көбі бір сəтке көз шырымын алады. Ұйықтар алдында салқындау үшін душқа кіріп-шығады. Сөйтеді де кешке қарай жуынатын суды қайта толтырып қояды. Ауылға барған бірінші күні ыңғайсыз жағдайға тап болдық. Кешкісін малын жайғап, егінін суғарып келіп, душқа түсейін деген үй иелері душтан бір тамшы су таппады. Сөйтсек қаладан барған кішкентай досымыз бес-алты адам жуынатын суға бір өзі шомылыпты. Үстін сабындап, басын көпіршіткен кезде де суды өшірмеген. Қаладағыдай краннан үздіксіз келіп тұрған су емес. Жылыған су дереу таусылып қалған. Сол күні үй иелері қазанға су ысытып жуынды. Ал қалалық досымыз сабынданған кезде бұранданы бекітіп үйренсе, мұндай жағдай болмас еді. Досым, мейлі сен ауылда тұр, қалада тұр, бірақ ысыраптан аулақ бол. Мəселен, күн сайын, апта сайын ваннаға су толтырып түсу міндет емес. Оның орнына душқа шайынып шық. Тіс, ыдыс жуғанда да кранды жауып қой. Бір тостаққа сабынды су дайындап алып, ыдыстың майын кетіріп ал. Соңынан асықпай таза суға шаясың. Суды тым сарылдатып ағызуды əдетке айналдырма.

Ал енді кір жууға келейік. Қазір қолмен кір жуатын адам сирек. Сондықтан ба, жуылатын кірдің мөлшері де артқан. Иə, əжелеріміз айтпақшы, «ақ келін» үйде кірден кір қоймайды. Кір жуатын машинаға ұнтақ салып, тетігін бассақ, киімімізді əппақ шатырдай қылып шығарады. Технологияның дамығаны қандай жақсы, иə? Бізге істейтін жұмыс қалдырмады, тұрмысымызды жеңілдетті. Қазір аналар киімін былғап келген баласына ескерту жасаса, «бəрібір кірді сіз жумайсыз ғой, кір машина жуады ғой» дейтінін естіп қаламын. Мойындашы, сен де кірді анам емес, машина жуады деп ойлайсың, иə? Солай-ақ болсын.

Енді мына мысалға назар аударшы. Қалада қыздармен пəтер жалдап тұратын құрбым бар. «Үйде қыздар екі кофта немесе бір кроссовка жуу үшін кір машинаны айналдырады. Күніге жұмыстан барсам, кір жуылып жатады. Айдың соңында коммуналдық ақының түбіртегі келгенде, шығынның көп шыққанына ренжиді. Күн сайын химикатпен кір жуу, электр энергиясын пайдалану экологияға қанша зиян əкеліп жатқанын неге ұғынбайды? Экология мəселесін айтсаң күле қарайды. Олардың ойынша күніге кір жумайтын адам – салақ адам», – деп мұң шақты. Досым, сен осы мысалдағы қыздың сөзіне ойланып көрші. Таза екенмін деп күн сайын машинамен кір жуа берген дұрыс па? Біреуді сыртынан жазғырмайық. Ең дұрысы, киімді жуғанда жинап, сорттап жуып үйрен. Ақ түсті, бояуы шықпайтын киімді бір бөлек, қара түсті киімді бір бөлек кір жуатын машинаға толтырып сал. Неге толтырып салу керек? Оны кір машинасын пайдалану жөніндегі нұсқаулықты оқысаң түсінесің. Солай сен кір жуатын ұнтаққа да, суғада, электр энергиясына да, уақытыңа да үнем жасайсың.

Ең бастысы, экологияға зиян келтіруің анағұрлым азаяды. Келістік пе? Сенің кішкентай ғана елеусіз əрекетің əлемді құтқарады. Сен де əлемнің бір бөлшегісің. Əр істі істегенде əрбір тіршілік иесін: өзің сияқты басқа да адамдардың бар екенін, олардың денсаулығын, жан-жануарларды, құстарды, қыбырлаған жəндіктерді, жайқалып тұрған гүл-жапырақтарды, ағаштарды, қылтиып өсіп келе жатқан шөпті көз алдыңа елестетші. Сенің кесіріңнен олар жапа шегіп жатқан жоқ па? Табиғат жанашыры болу сенің де қолыңнан келеді. Өйткені сен де табиғаттың ғажайып жаратылысысың, досым! Тек бəрі өзіңнен басталатынын ұмытпа!

Жадыра НАРМАХАНОВА

Ұлан» газеті, №47
19 қараша 2019 жыл

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз