Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті журналистика факультетінің 3-курс студентімін. Биыл Фараби академиялық ұтқырлық бағдарламасы бойынша Түркиядағы алдыңғы қатарлы жоғарғы оқу орындарының бірі – Стамбұл мемлекеттік университетінің студенті атандым. Шетелде оқып, білімін жетілдіріп, тәжірибелі маман болу әрбір жастың арманы. Басқа мемлекеттің білім жүйесін көріп, ақпарат алмасу, жаңа адамдармен танысу кімнің болса да деңгейін арттыратыны анық. Түркияда оқуды мен де көптен бері армандап жүрдім. Алдын ала 4 ай тіл курсына барып, дайындық бастап та кеткен едім. Жаз мезгілінде құжаттарымды жинап, Түркияға жібердім. Қыркүйекте ҚазҰУ-дағы сабағым басталып кетті. Түркиядан жауап келмеген соң, ол туралы ұмытып та кеткенмін. Бірақ қыркүйектің ортасында шақырту келіп, Стамбұлда жарты жыл оқу мүмкіндігіне ие болдым.

Түркияда студенттердің сабағы қыркүйектің соңында басталады. Оқу жүйесі де өзгеше. Жеті апта бойы ұстаздар студенттерге дәріс өтеді. Бұл дәріске әрбір білім алушы ерікті түрде қатыса алады. Яғни дәріс қызықтырса келесің, уақытың болмай бара жатса, сабаққа қатыспасаң да ешкім күштемейді. Ең бастысы жеті аптадан кейінгі емтиханды ойдағыдай жазып шықсаң болғаны. Дегенмен біздің топта дәріске келетін студенттердің қарасы көп.

Біз сабаққа тура уақытында келіп үйреніп қалғанбыз. Сәл кешігіп келсең, есік қағып, рұқсат сұрап кіру әдетке айналған. Тіпті кейбір ұстаздар кешіксең сабағына кіргізбей қояды. Дәріс тыңдайсың, артынша мұғалімнің тапсырмасын алып, үй жұмысын орындайсың, студенттің өзіндік жұмысын тапсырасың. Бұл – Қазақстандағы жүйе.

Ал Түркияда мүлдем басқа. Бәрі әлдеқайда еркін, өзіңе қажет деп тапсаң оқисың,
ізденесің. Егер білетін нәрсең болса, оқудың қажеті жоқ. Мұғалімнің өзі сабаққа асықпай, қалаған уақытында келеді. Студенттер де дәріс залына кіріп-шығып жатады. Дәріскер оған мән бермейді. Қаласаң сабақтан шығып кетсең де, барып тамақ ішіп келіп, қайта қосылсаң да болады. Ал мұғалім әуелі өзі жазып келген жаңалықтарды айта бастайды. Артынша, 20-30 минут дәріске арнайды. Одан кейін студенттер дәріске қатысты сұрақтарын қояды. Білім алушылар қоғамдағы болып жатқан оқиғаның анық-қанығын ұстаздан біліп, бірлесе отырып сол мәселелерді талдайды, ойларын ортаға салады. Осы уақытта қаншама ақпарат алып үлгересің. Мұғалім керек жерлерді түртіп алатын сөйлемдерді ескертіп отырады. Сабақ үстінде ер балалардың белсенділігі өте жоғары. Ой білдіріп, пікір айтады, білгісі келгенін сұрайды. Бір қызығы, үлкен аудиторияның ең артында отырғандар да сұрақ қойып, сабаққа атсалысады.

Ал емтихан аптасы тіпті қызық. Факультетімізде студенттердің саны күрт артып кетеді. Барлығы бақшаға, кітапханаға барып дайындалып жатады. Шыны керек, жалғыз өзі емтиханға дайындалатын студентті кездестіру қиын. Керісінше студенттер бірлесе отырып, бір-біріне түсіндіреді, талдайды, талқылайды. Кейбір мұғалімдер емтихан уақытына үй жұмысын береді. Емтихан кезінде үй жұмысыңды алып барасың. Сынақ барысында тобымызды шашыратып жібереді. Бір дәріс залында 10-15 оқушыдан отырып, берілген 30 минуттың ішінде сұрақтарға жауап бересің де шығып кетесің. Егер дайындығың жақсы болса, 5-6 сұраққа жауап беру қиындық туғызбайды. Ал дайындалмай барсаң, бірден білініп қалады. Өйткені, 30 минутта ойланып та үлгермейтінің белгілі. Сынақты тапсыру оңай емес. Бірақ, студенттер сондай бейқам, ештеңені уайымдамайды, әр нәрсеге сабырмен қарауға тырысады. Бәрі білімді, сабақ жайлы не сұрасаң да мұғалімнен жақсы түсіндіріп беруге қауқарлы.

Тағы бір таңғалғаным, Түркияда адамдар қанша жасқа келсе де білім алуға құштар. Бір мамандықты бітіріп, екіншісіне тапсырып, қажет болса, үшінші рет жоғарғы оқу орнында оқи береді. Үшінші курста 40 жастағы ағайлар мен апайлар да бар. Кейде ұстаз бен студентті ажырата алмай қалып жатасың. Топтағы ең кішкентайы – мен. Өйткені түріктер мектепті бітіре салып, студент атануға асықпайды екен. Жұмыс істегісі келгендер жұмыс істеп, сосын оқу орнына тапсырады. Болмаған жағдайда, университетке түсу үшін бір жыл дайындық курсын өтеді. Яғни олар бірінші курсқа 22-23 жасында қабылданады. Ал 19 жастамын десең, таңғалып, әлі кішкентай екенсің, мектепте оқуың керек деп санайды.

Бір қызығы, Түркияда биліктің күші басым болғанымен, сөз бостандығы, демократия ұғымы жастар арасында кең таралған. Олар қандай жағдай болса да ойларын білдіріп, наразылық таныта алады. Стамбұлда жастар жиі бейбіт шеру, митинг жасап тұрады. Мемлекетте болып жатқан оқиғаға қарсылық білдіре алады, саясатқа араласуға мүмкіндіктері әлдеқайда жоғары. Елде болып жатқан жағдайлар Стамбұл университетінің студенттерінің назарынан ешқашан тыс қалған емес. Олар талаптарын жазып, «Отаным үшін бәріне дайынмын» деп әндетіп, белсенділік танытады. Ал университет басшылығы бұған қарсылық білдірмейді. Керісінше, қолдау көрсетіп, ақпараттандырып отырады. Өзім бірнеше шерудің куәгері болдым, мысалы.

Түркияда студент үшін барлық жағдай жасалған. Университетте 250 теңгеге таңғы, түскі, кешкі ас беріледі. Ішінде тәттісі, жемісі, сусыны міндетті түрде болады. Тегін уайфай, арнайы студенттің жолаушы картасы қарастырылған. Әр факультеттің өзінде бірнеше кітапхана бар. Тағы бір ерекшелігі, жатақхана, тамақ үшін студенттер арасында грант ойнатылады. Егер ол грантты жеңіп алатын болсаң, бір жыл бойы тегін жатақханада тұрып, тегін тамақ іше аласың. Жатақханадағы жағдай да жаман емес. Бөлмеңе тазалық жұмысы жүргізіліп тұрады. Киіміңді жуатын, кептіретін машиналар мен үтіктейтін жабдықталған бөлмелерден бөлек, фитнес бөлмесі де қарастырылған. Осылайша, білім алып, тәжірибеңді жетілдіру үшін барлық жағдай жасалған.

Стамбұлға келгелі бері көптеген адаммен таныстым. Олардың өмірге деген көзқарасы, білімге құштарлығы мені де шабыттандыра түсуде. Басқа елдің мәдениетін көріп, жаңа ортаға бейімделудің өзі адамды жетілдіре түсетініне көзім жетті. Түркияда оқып жатқаныма қуанамын. Бұл мен үшін үлкен тәжірибе алаңы болатыны сөзсіз. Алдағы уақытта елге оралып, алған білімімді қатарластарыммен бөліскім келеді.

Дана РУСЛАНҚЫЗЫ,
«Ақ желкеннің» жас тілшісі

Ақ желкен» журналы, №11
Қараша, 2019

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз