Біраз уақыт бұрын Kazakhstan Energy Week 2019 – Kazenergy XII Еуразиялық форумы аясында БАҚ өкілдеріне арналған «Салалық журналистика: мұнай жəне газ тақырыбына тəн ерекшеліктер» деген семинар-тренингке қатыстық. Оны «Шеврон» компаниясының Қазақстандағы өкілдігі мен «Бизнес Медиа» компаниялар тобы» атынан республикалық «Деловой Казахстан» газеті ұйымдастырды. Экономика саласын зерттеп жүрген журналистерге арналған бұл шараның басты мақсаты – салалық журналистиканың қазақ тілінде дамуына үлес қосумен қатар, журналистерді отандық жəне əлемдік мұнай-газ индустриясының бүгінгі тыныс-тіршілігімен, мұнаймен байланысты кəсіпке тəн ерекшеліктермен таныстыру. Тренингті экономикалық журналистикаға, мұнай жəне газ саласына маманданған журналист-медиатренер Əсия Акишева мен Елена Бутырина жүргізді. Шара барысында мұнайға қатысты мəселені ғана емес, маман тапшылығын да сөз еттік. Инженер-технолог Айгерім Андасбаевамен аз-кем сұқбаттастық. Мамандық таңдау жолында тұрған оқырман үшін Айгерімнің əңгімесі пайдалы болады деп үміттенеміз.

Мамандыққа машықтану керек

Айгерім: Жыл сайын Қ.Сəтбаев атындағы Қазақ Ұлттық техникалық зерттеу университетін мұнай-газ саласы бойынша 150 маман бітіріп шығады. Химия, экология, геология мамандарын даярлайтын оқу орындарын санамағанда, елімізде мұнай-газ саласы бойынша он университет бар. Қазіргі таңда тапшы мамандық иелерін əзірлеуге мемлекет тарапынан көңіл бөлініп жатыр. Назарбаев университеті, Атырау мұнай жəне газ институты, С.Торғайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университеті сияқты оқу орындарында осы салаға қажетті мамандарды əзірлеу жолға қойылған.

Ұлан: Бакалавр мамандығын бітіргендер мұнай саласына араласып кете алмайды деген түсінік бар. Міндетті түрде магистратура бітіру керек пе?

Айгерім: «Мұнай ісі» мамандығының бакалаврын бітірген түлекке жұмыс табу қиын екені рас. Тіпті магистратураны бітіргендер де жұмыссыз жүр. Егер жұмысқа орналаса алмаса, магистр дəрежесі болмауы деп түсіндіреміз. Біраз танысым мұнай компанияларында колледж бітіріп, жартылай жоғары біліммен жұмыс істейді. Енді бірі шетелде оқыса да, жұмысқа орналаса алмай жүр. Сондықтан кесіп айту қиын.

Ұлан: Екі құрбым мұнай машиналарын жөндеу жəне мұнай ісі мамандығын бітірген. Қазір бірі сұлулық салонында, екіншісі мейрамхананың əкімшілік қызметінде жүр. Олардың айтуынша, мұнай компаниясында жұмыс істеу оңай емес. Жас мамандарды алуы қиын. Түлектерді жұмыспен қамту оқу орнының жауапкершілігіне кіре ме?

Айгерім: Бұл сұраққа нақты жауабым – уақытында жоспарланған жерден табылу.
Жауапкершілікті сезіну керек. Резюмесі жақсы жазылған, GPА деңгейі жоғары, халықаралық деңгейде ғылыми жобалар мен мақалалар қорғаған болса да, компания түлекті бірден көзді жұмып жұмысқа алады деген сөз емес. Жұмысқа кіргің келсе, ізденісте болу керек. Ешкім оп-оңай үздік компанияға жұмысқа шақырып, бірден ауқымды жобаларды беріп қоймайды. Бастысы – ізденіс пен құлшыныс. Бұл жағдай өзімнің де басымда болды. Он ай бойы мамандық бойынша жұмысқа орналаса алмадым. Бірақ ізденісті тоқтатқам жоқ. Қазір газды жинау, даярлау жəне өңдеу бойынша инженер-технологпын.

«Мұнай-газ ісі» мамандығының түлектері:

  • инженер-мұнайшы
  • инженер-бұрғылаушы
  • инженер-геолог
  • бұрғылау ерітіндісі бойынша маман-инженер
  • ұңғыларды сынау жұмысы бойынша маман-инженер
  • мұнай жəне газ өндіру операторы
  • ұңғыларды зерттеу бойынша оператор
  • қабат қысымын ұстау цехының операторы
  • мұнайды дайындау жəне айдау цехының операторы
  • бас құрылғылар лаборанты
  • ғылыми-зерттеу жұмыстары цехының операторы
  • ұңғыларды жерасты жəне күрделі жөндеу жұмыстары шеберінің көмекшісі
  • мұнай жəне газ өндіру бойынша супервайзер (мастер)
  • қабат қысымын ұстау цехының супервайзері (мастер, бөлімше бастығы)
  • мұнайды дайындау жəне айдау цехының супервайзері (қондырғы мастері) болып қызмет атқара алады.
    (satbayev.university сайтынан алынды)

Ұлан: Мұнай-газ саласына шетелдік мамандар жиі шақырылады. Өзіміздің түлектерге сұраныс аз деп түсінсек бола ма?

Айгерім: Кез келген күрделі жобаны іске асыратын – маман. Ал Қазақстанда мықты мұнай мамандары тапшы. Бізде жасалған өнім халықаралық стандарттарға сай болуы үшін стандарттау мен сертификаттауды жетік меңгерген мамандар керек. Шеберлік жəне жұмысты қабылдау саласына сұраныс жоғары, тіпті, білімі мен тəжірибесіне қарамайды. Компания үшін жұмыстың жоғары деңгейде істелуі маңызды. Технология ауысады, жаңа жүйе енгізіледі. Сондықтан жұмысқа тез кірісіп, үрдісті түсіну қажет. Шет тілдерін меңгеру – басты талап. Ағылшын тілін ғана емес, басқа да тілдерді меңгеруі басты назарға алынады. Егер түлек шет тілін еркін меңгерген болса, шетелдік маманнан кем болмайды. Тұрғылықты жеріне байланысты əр компанияның талабы болады. Бұл – əр ұйымның ішкі жүйесі, сондықтан оны сөз етудің қажеті жоқ.

Ұлан: Техникалық мамандықтарға грант та көп бөлінеді. Физика-математиканы таңдаған талапкерге қырық түрлі мамандық бар. Мұнай саласында оқу үшін ҰБТ-дан қанша балл жинау керек?

Айгерім: Мен оқыған жылдары ҰБТ жүйесі мүлдем басқаша болды. Бакалаврда грантқа түсу үшін 100-ден 80 балл жеткілікті еді. «Мұнай-газ ісі» мамандығы бойынша бітірушілерге техника жəне технология бакалавры академиялық дəрежесі беріледі.

Ұлан: Мұнай-газ ісі болашағы бар, сұранысқа ие мамандықтар қатарында. Бұл салада орташа жалақы қай деңгейде?

Айгерім: Жалақының орташа деңгейін айту дұрыс емес-ау. Оншақты жыл бұрын
мұнайшылардың жалақысы екі жүз мың теңгенің айналасында болып еді. Меніңше, бұл –бастапқы жалақы. Жұмыс беруші мекемеге байланысты жалақы өсіп-кеміп отыратынын ескерген жөн.

Ұлан: Мұнай-газ ісі мамандығын бітірген қыз балалар қандай жұмыс істей алады?

Айгерім: Мұнай-газ ісінің түрлі саласында қызмет ете алады. Ол адамның қабілетіне, мүмкіндігіне, ниетіне байланысты.

Ұлан: Əңгімеңізге рақмет!

Гүлдана НҰРЛЫХАНОВА

Ұлан» газеті, №47
19 қараша 2019 жыл

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз