Шотландықтар «бақытты сатып ала алмайсың, бірақ велосипедте отырып жылағаннан гөрі, мерседесте отырып жылаған ыңғайлы» дейді емес пе?! Немесе атақты драматург Бернард Шоу «Бақытты байлықтан таба алмайсың. Бірақ дәл осы сөзді айтпас бұрын байлыққа жетіп алыңыз» демей ме?

Мұндай сөздерді қанша таластырсақ та, тауысып біте алмаспыз. Бірақ ақиқаты сол «мерседесте отырып жылау» қалай болғанда да ыңғайлырақ. Сондықтан да бүкіл адам байлық түсінігі пайда болған күннен бастап сол нәрсеге ынтық болып келеді. Байлыққа жеткендері «бақытты сатып ала алмайтынын» ұғады. Бірақ бұл ұғыну шыққан шыңыңның табаныңның астында қалатыны секілді құбылыс.

Инфосыған деген кімдер?

Сонымен «бай болу» бүкіл адамның сұранысы. Ал сұраныс көп болған жерде ақша да көп. Яғни адамдарға «бай болуды» үйрету арқылы ақша табуға болады. Ал бұл жолмен ақша табушыларды инфосығандар деп атайды. Адамның арманынан ақша жасаушылар. Әрине «арман» иесінің игілігі үшін емес. Олар немен айналысады?

Инфосығандар ақша табуды үйретумен, сол жолдасізге мотивация берумен айналысады. Яғни сіз өз арманыңызға жетуге күш беретін мотивацияны және біршама пайдалы кеңес сатып аласыз.

Қалай жұмыс істейді?

Инфосығандар сіздің мақсатыңызды жүзеге асырудың жолдарын біледі-міс. Олардың өздері ойлап тапқан немесе «тибет монахтарынан» үйренген әдіс-тәсілі бар. Немесе инфосығандардың ішіндегі өте ізденімпаздары сізге өз ұлтыңыздың дәстүріндегі байлық, еңбек түсінігіне негізделген «индивидуал» әдіс жасап шығарады. Егер ақшаңызды төлеп, сол тәсілдерді үйреніп алатын болсаңыз, алдыңызда даңғыл жол жатыр. Сізге ешкім кедергі келтіре алмайды. Бірақ сіз өзіңіз бұл жерден ешбір әдіс-тәсіл емес, өзіңіз бұрыннан-ақ білетін дүниелерді алып шығасыз. Тек олар сізге бұл ақпаратты өңін аударып, заманауи терминдермен түсіндіреді. Алғашында сіз шынымен жаңа ақпарат алып жатқандай сезінесіз. Қысқаша айтар болсақ осылай.

Бұл іспен кімдер айналысады?

Бұл салада төрт түрлі адам жұмыс істейді.

1. Талантты, кәсіби алаяқтар;

2. Инфосығандардың өздерін оқытушы жоғары деңгейдегі инфосығандар;

3. Бір кездері бизнес жасап, одан түк шығара алмағандар. Бірақ ол өз аудиториясына бизнесінің банкрот болғанын, дұрыс жүргізе алмағанын айтпайды. Ол бұл тақырыпты айналып өтеді немесе сол бизнесі автоматтанып, жүріп жатқанын жеткізеді.

4. Төртінші топтағы инфосығандардың легін үйде отырған аналар қауымы бастайды да, тізімді жалпы жұмыссыздар мен бір кездері инфосығандардың алдауына түскен адамдар жалғастырады. Бұлардың ішіндегі ең қауіптісі соңғылары. Олар инфосығандардан алданғандарын өздері толық түсінбегендер. Бірақ дәл осы бизнес айналасында ақша бар екенін аңдаған адамдар.

Олардың негізгі белгілері

Біз интернет беттеріндегі ақпараттарды салыстыра отырып, инфосығандардың негізгі тоғыз белгісін құрастырып шығардық.

1. Олардың нақты жетістіктері аз немесе тіптен болмайды;

Олар бұл тақырыпты көбіне айналып өтеді. Немесе «халыққа ақша табуды үйрету» жолына бүкіл бизнесін құрбан еткен адам ретінде сахнаға шығады.

2. Ешбір шығынсыз жетістікке жеткізуге уәде беру;

Егер инфосығандардың сөзіне сенсеңіз, айналасы 2-3 айдың ішінде сіз бақуатты адамға айналасыз. Олардың қолында сиқырлы таяқша бар секілді көрінуі де мүмкін. Бірақ адамдар сенеді…

3. Инфосығандар – жан-жақты болып келеді;

Олар бүгін жеке кәсіп ашу туралы сабақ жүргізсе, ертең тұлға ретінде қалыптасу
турасында тренинг өткізе алады.

4. Олар әрқашан позитив ойлайды.

Инфосығандар сізге ауадан қалай ақша жасауды ғана емес, «дұрыс ойлануды» да үйретеді. Айналаңыздағы сізге кедергі келтіретін адамдардан алыс жүруді үйретеді. Сізге кедергі келтіреді деген адамдар негізінен сізге жаны ашуы мүмкін. Бірақ инфосығандарға бұл маңызды емес. Оған сіз ақша төлеп, тренингтеріне қатыссаңыз болды. Әр тренинг сайын, әр оқу курсы сайын жаңа оқу бағдарламасы дайын тұратынын ұмытпаңыз. Және сізге осы курстан кейін, осы қыр астынан жетістіктің құлағы қылтиып шығып тұрғандай көрінуі де мүмкін.

5. Олар ешқашан жеке жүрмейді. Оқу сабақтарын, тренингтерін тобырмен ұйымдастырады.

Өйткені адамдар жеке адамнан гөрі, жүзі өзіне біршама таныс бірнеше адамнан құралған топқа көбірек сенеді. Еліміздің өзінде өтіп жатқан мотивациялық тренингтерінің кез келгеніне қатысып көріңізші. Олардың жеке-дара тренинг өткізетіні жоқ. Әрбір спикер әртүрлі диаграмма мен таблицаларды сізге көрсету арқылы сөздерін айтып шығады. Статистикаға сүйенеді. Олардың келтірген ақпараттарын тексеру мүмкін емес. Өйткені интернеттің өзі қазіргі таңда мибатпақ.

6. Олар әрқашан табысты адамның рөлін сомдайды.

Әлеуметтік желілерден қымбат автокөліктің рулін ұстап, қымбат сағат тағып отырған адамдардың суреттерін көп көрген боларсыз. Бұл – маркетингтік тәсіл.

7. Олар бірінші кезекте сахнадан, мінберден сөйлеуге машықтанған адамдар.

Рас, инфосығандарға не айтатыны емес, қалай айтатыны маңызды. Олар адамдардың эмоциясына жұмыс істейді. Еркін сөйлеп, күлдіріп алып, соңыра, тырнақшаның ішіндегі «өз басынан өткен» жүрекке тиер оқиғасын айтады. Ол бүкіл шындығын айтып тұрғандай көрінеді. Негізінде ол жәй ғана актер.

8. Таусылмас «ақымақ» сұрақтар мен дәл сондай жауаптар.

Инфосығандардың тренингтеріне қатысып көргендеріңіз болса, бұл тармақты жақсы түсінесіз. Олар аудиторияға өте жылдам риторикалық сауалдар тастайды да, адамдар ойланып бітпей жатып өздері жауап беріп, сізді өзінше ойланудан шектеп тастайды. Осы жағдай бірнеше рет қайталанғаннан кейін адамның миы ойланудан қалады. Өйткені спикер қазір жауабын өзі айтады. Яғни сіз ойланбайтын адамсыз. Миыңыз автопилотта. Жұмыс істеп тұрған секілді. Бірақ сіздің пайдаңызға емес.

9. Инфосығандар танымал адамдарды өздеріне жарнама ретінде пайдаланады.

Кез келген бизнес тренердің, спикердің әлеуметтік желідегі парақшасын ашып қараңыз. Олардың беделді тұлғалармен түскен кемі 2-3 суреті міндетті түрде болады. Өйткені ол адамдар жұртқа етене таныс.

Мысалы, сіз бір спикердің тренингіне жазылу үшін ол туралы ақпарат іздеп отырсыз. Әлеуметтік парақшаларын ақтарып отырып беделді саясаткермен немесе сізге ұнайтын әнші не актермен түскен суретін көріп қалдыңыз. Бейсаналы түрде бұл адамға деген сеніміңіз арта түсетіні жасырын емес.

Халық арасында бұл іспен айналысатындарды ешкім инфосыған деп атамайды. Яғни қарапайым халық үшін олар «ақпарат саудасымен айналысатындар» емес. Олардың аттары «бизнес мотиваторлар», «бизнес тренерлер» немесе «ұстаздар». Ал «инфосығандар» деген сыншылар таққан атау.

Халықтың бұл топқа сенімінің артқаны соншалық, олар қазіргі таңда қоғамдағы,
саясаттағы болып жатқан оқиғаларға пікір білдіретін маңызды спикерлерге айналып келе жатыр.

Әрине, бәріне бірдей топырақ шашуға болмайтын шығар. Бірақ қай-қайсының да алдынан шыққан адамдардың барлығының жағдайы түзеліп, өздері армандаған биікті бағындырып жатқаны өте аз. Ал ондай азаматтар бола қалған жағдайда, олар бір мезетте сол «инфосығанның» жарнамашысына айналып шыға келеді.

Жалпы, адам санасы өте қызық құбылыс. Олар интернеттен оқыған ақпараттарынан гөрі, қолына заттай ұстаған дүниесіне сенеді. Яғни инфосығандар мақалаларын, жазбаларын ендігі кезекте интернет беттеріне ғана жариялап қоймай, кітап жазуға көшті. Бұл кітаптардың тиражына ешбір жазушының, ақынның кітабының тиражы жетпейді.

Оларды жалпылама «мотивациялық кітаптар» деп атауға болады. Барлығының атауы жанып тұр. «Ондай болғың келсе», «Мұндай болғың келсе» немесе «жетістікке жетудің пәлен жолы», «бай болудың жолдары» деген секілді атаулары да толып жатыр. Бір қарағанда әрқайсысы әртүрлі тақырыптағы кітаптар секілді. Бірақ барлығы судың үш күйі секілді мазмұнда. Су мұз бола ма, бу бола ма, сұйық қалпында бола ма – бәрібір молекулалық түзілісі H2O екені белгілі ғой. Бұл кітаптардың да мазмұны осы секілді. Егер жалпылама айтар болсақ, аталған кітаптар мынадай мазмұннан тұрады.

1. Өмірің өз қолыңда;
2. Барлық адамдардың бақуатты болуға мүмкіндігі бар;
3. Ештеңеден қорықпаңыз. Қорқыныш сіздің санаңызда ғана;
4. Кәсіп ашудан артық оңай шаруа жоқ;
5. Әрекет етіңіз;
6. Жайлылық аймағын тастап шығыңыз;
7. Жетістікке жеткен сәтіңізді көз алдыңызға елестетіңіз. Бұл визуализация деп аталады.

Тізім осылай жалғасып кете береді. Таусылмайтын секілді. Бірақ оның барлығы бір психологиялық эффекттің сан құбылған нұсқалары ғана екеніне талас жоқ.

Айта кетейік, мұндай кітаптардың барлығын тағы жоққа шығара алмаймыз. Әсіресе дәл осы әлемдік індет басталған тұста жазылған кітаптардың маңызы жоғары. Олар адамдарды сылдыр сөзбен емес, нағыз ғылыми теориялармен сендіретін. Сондықтан да олардың тілі, жеткізу тәсілдері қиындау болатын.

Ал бүгінгі жазылып жатқан кітаптардың көбі сол кітаптардың сығындылары. Сығындылары болғанда да өте нәрсіз сығындылары десек те болады. Оның себебі –адамның жалқаулығында жатыр. Қазір көлемі 200 беттен асатын, қарпі кішкентай кітапты ешкім оқығысы келмейді. Адамдарға үлкен қаріптермен жазылған, қысқа, әрі түсінікті кітап қажет. Ал бұл қажеттілікке «ақпарат саудагерлерінің» икемделмеуге мүмкіндігі жоқ. Сонымен бір кездері ізгілікті көздеген кітаптардың ұрпақтары халық интеллектісін төмендетіп жатыр.

Енді мотивациялық кітаптардың мазмұны мен формасы емес, негізгі көздейтіні – мотивациялық жолын талдап көрейік.

Мойындауға тиіспіз, бұл кітаптар шынында да адам бойына күш бітіруге қабілетті. Иә, мұндай кітапты оқып біткен адамның көзі ойнақшып, жанып шыға келеді. Бірақ көбінің қарманар түгі жоқ.

Мысалы, аталған кітаптарда әрекет етуді үндейді. Ал халықтың көпшілігі айма-ай
ақысын төлеуге тиіс пәтерде тұрады. Айлығы аз жұмысын тастай сап іске кірісейін десе, пәтер «қожайыны» қинап барады. Сосын кітапты оқыған азамат тұрақты жұмысы мен қосымша жұмыстарын қатар алып жүруге бел байлайды. Сондықтан оған өзінің кәсібінің даму жылдамдығы тым төмен болып елестейді. Негізінде шынында да солай. Сөйтіп тұрақты жұмысы мен қосымша жұмысының арасында шабылып жүрген адамның алдыңғы кітаптан алған мотивациясы таусылуға айналады. Қажи бастайды. Нәтижесінде ол екінші кітапқа жүгінеді. Одан алған мотивациясымен біршама жұмыс істейді. Сонымен бұл процесс адамның әрбір кітаптан оқып жатқан дүниесінің айналып келгенде бір ақпарат екенін түсінуіне алып келеді. Осы жерде бүкіл мотивация күйрейді. Сенім құлайды. Адамның жігері жасиды. Меселі қайтады. Белгілі бір іс бастау үшін мотивациялық күшті сырттан алып үйренген адам өзінің өзегінен ендігі жерде мотивация шығара алмайды. Осы мәселелерге назар аудара отырып, кей сыншылар «мотивациялық кітаптарды» белгілі бір деңгейдегі шылым тарту секілді зиянды әдетке жатқызып та жүр.

Негізінен бұл келеңсіздіктерге көбіне оқырмандардың өздері де кінәлі болып жатады. Олар әрекетті бастауға уақыт таппай жүріп алады. Алдыңғы кітаптан алған әсерін еселей түсу үшін екінші кітапты оқиды. Тағы да жалғаса береді.

Сонымен қатар аталған кітаптарды адамдардың көбі әдеби кітап секілді оқиды. Әдеби кітапта сюжет қуалайтын болса, мотивациялық кітаптарды оқыған адамдар ақпарат қуалап оқиды. Сосын 1-2 күнде немесе 5-6 сағатта бір кітапты оқып бітіріп тастап, неден бастарын, қалай жасарын білмей әрнәрсеге ұрынып жүреді.

Тағы бір айта кететін жағдай, мотивациялық кітапты оқып біткен адам тиісті әрекет жасамайынша, өзін қоярға жер таппайды. Ол өзіне қосымша міндет жүктеп
алғанын сезінбейді. Бұл көбіне адамды депрессияға ұрындыруы мүмкін.

Яғни мотивациялық кітаптарға тағылатын негізгі айып мыналар:

– адамның ішкі мотивациясының өлімі;
– тым жеңілдігімен адам миының ойлану қабілетін төмендетуі;
– қосымша міндеттер арқылы адамды бойкүйездікке ұрындыру.

Сөз соңында тағы да айтуымызға тура келеді. Біз «бизнес тренер», «бизнес мотиваторлардың» немесе олар жазған барша кітапқа топырақ шаша алмаймыз.
Сондықтан да бұл мақаланы ешқандай адам атынсыз жазып отырмыз. Әркім өз өмірінде не жасайтынын өзі шешеді. Тек жоғарыда атап өткен дүниелерге жоламай тұрып, біздің осы мақаламызды бір қарап өткеніңіз дұрыс болар еді. Өйткені сіз өз мотиваторыңыздың немесе тренеріңіздің құлақкесті құлы емессіз. Бойыңызда сыни көзқарас болуы керек. Айтқымыз келгені осы ғана.

Досхан ЖЫЛҚЫБАЙ

Ақ желкен» журналы, №11
Қараша, 2019

1 ПІКІР

  1. Әй, жарайсыңдар. ҚазҰУ жігіттерін студент кезімнен танушы едім. Әр жазба сайын жаңа деңгей көремін.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз