Достар, қазір ағылшын тілін меңгеру өте маңызды. Мектепте ағылшын тілі пəнін қалай оқып жүрсіңдер? Араларыңда қосымша сабаққа баратындар да бар шығар? Олай болса, сендерге IELTS сөзі таныс деп ойлаймын. Қазір Назарбаев университетіне оқуға түсу үшін, магистратураға тапсыру үшін, шетелге шығу үшін, тіпті, жақсы компанияға жұмысқа орналасу үшін де IELTS емтиханының сертификаты керек. Ал IELTS деген не? Оған қалай дайындалу керек? Бүгін осы туралы ақпарат береміз.

IELTS ДЕГЕН НЕ?

IELTS 1989 жылдан бастап ағылшын тілін білу деңгейін анықтайтын сапалы əрі сенімді сынақ саналады. Қазір əлемнің 6 000-нан астам жоғары оқу орны, институттар, мемлекеттік мекемелер мен іскерлік ұйымдары IELTS нəтижесін қабылдайды. Əлемде жыл сайын 1 миллионнан астам адам қажетіне қарай IELTS сынағын тапсырады екен. Емтиханды əлемнің 120 елінде тапсыруға болады. Қазақстандағы IELTS сынағын тапсыратын ресми ұйымдар – British Council жəне Interpress.

IELTS дегеніміз – ағылшын тіліндегі the International English Language Testing System сөзінің қысқарған түрі, ағылшын тілінің халықаралық тестілеу жүйесі деген мағына береді. IELTS ағылшын тілі ана тілі болып саналмайтын адамдардың тіл меңгеру деңгейін анықтауға арналған.

IELTS сынағының екі түрі бар: академиялық (academic) жəне жалпы (general). Емтихан тапсырушы мақсатына қарай екеуінің бірін таңдайды.

Оқуға тапсыратындар академиялық нұсқасын таңдау керек. Мұнда оқу мен жазудың академиялық ерекшеліктері бағаланады. Ағылшынтілді елдерге оқуға түсудің нəтижесі де осыған байланысты болады.

IELTS speaking (сөйлеу), listening (тыңдалым), reading (оқылым) жəне writing
(жазылым) бөлімдерінен тұрады. Алғашқы бөлім – Speaking (тілдесу, сөйлесу). Бұл бөлімде арнайы ағылшын- тілді маманмен бірге бір немесе бірнеше тақырыпқа орай əңгімелесу керек. Əңгімелесу бөлімі 11-14 минутқа созылады. Əдетте əңгімелесу бөлімі басқа бөлімдерден бірнеше күн бұрын немесе кейін болады. Егер сіз басқа қаладан келіп емтихан тапсыратын болсаңыз, орталыққа бұл туралы ескертіп қою керек. Мұндай жағдайда емтиханның барлық бөлімін бір күнге қойып береді. Сөйлеу модулінің өзі үш кезеңнен тұрады. Алғашқысында өзіңіз туралы жалпы ақпарат ағылшын тілінде сұралады. Бұл кезеңде жұмысыңыз, оқуыңыз, отбасыңыз, қызығушылығыңыз туралы сұрауы мүмкін. Ал екінші кезеңде белгілі бір тақырып туралы 2-3 минут сөйлеуіңіз керек. Бұл кезде емтихан қабылдаушы сіздіңəңгімеңізге кіріспейді, яғни монолог форматында болады. Үшінші кезеңде алдыңғы кезеңдегі тақырып төңірегінде пікір алмасу болады.

Қалған үш модуль бойынша IELTS сынағын тапсырудың жалпы уақыты – 2 сағат 45 минут. Тыңдау, оқу жəне жазу модульдері бір күнде қатарынан орындалады.

Listening (тыңдау) төрт тақырыпқа бөлінген 40 сұрақтан тұрады. Оны орындауға 30 минут уақыт беріледі. Жауаптарды жауап парағына көшіру үшін қосымша уақыт беріледі. Тыңдалатын аудио тек бір рет қосылады. Оны қайта тыңдауға, артқа немесе алдыға айналдыруға мүмкіндік жоқ. Сондықтан барынша мұқият болған жөн.

Reading (оқу) жалпы нұсқада үш тақырыпқа бөлінген 40 сұрақ болады. Тапсырма мəтін түрінде беріледі. Тапсырмаларды орындауға 60 минут бөлінеді. Мəтіндер академиялық стильде болатындықтан, белгілі бір ғылыми тақырыпқа негізделеді. Ол ғылыми басылымдардан, зерттеулерден алынуы мүмкін. Сондықтан мəтіннің мағынасын толық түсінуге емес, тапсырмаларды жылдам орындап, дұрыс жауабын табуға дағдыланған дұрыс. Оқу бөлімінде жауаптарыңды көшіру үшін қосымша уақыт берілмейді. Ал берілген уақыт аяқталған соң ешнəрсе жазуға болмайды. Сондықтан бұл бөлімде тайм-менеджментті өзіңіз орнатып алуыңыз керек.

Writing (жазу) бөлімінде екі тапсырма болады. Хаттама жəне эссе. Екеуін орындауға ортақ 60 минут беріледі. Хаттама дегеніміз – берілген сызба немесе диаграммаға талдау жасау. Бұл тапсырмада кемінде 150 сөз жазу керек. Ал эссе жазғанда кемінде 250 сөз қолдану керек.

БАҒАЛАУ ЖҮЙЕСІ

Сынақтың əр модулі 1 мен 9 арасындағы межелікпен өлшенеді. Жалпы балл əр модульдің нəтижесін жалпылау есебінде болады. 5,0 балдан бастап орташа деңгей ретінде қабылданады. Ал шетелдегі университеттер 6,0-7,0 балл көрсеткішпен қабылдайды.

МЕН ҚАЛАЙ IELTS ТАПСЫРДЫМ?

Жақында мен де IELTS academic емтиханын тапсырдым. Емтиханға бір жыл бойы дайындалдым. 9 ай ағылшын тілін білу деңгейін көтеру курстарына қатысып, үш деңгейді аяқтадым. Мектептегі жəне университет қабырғасындағы «Hello! How are you?»-дан Intermediate-ке (4-деңгей) дейін жету үшін Алматы қаласында түрлі ақылы курстарға бардым. Intermediate деңгейін бітірген соң екі ай демалып, емтиханға 1 ай қалғанда IELTS-қа дайындайтын курсқа қатыстым. Осылайша, 1 жылдың ішінде өзім мақсат еткен 5,5 баллды жинадым.

Емтиханға дайындық кезінде IELTS туралы көп ақпарат іздеп оқитынмын. Бұрын емтихан тапсырған адамдармен кездесіп, ақыл-кеңес сұрайтынмын. Интернетте «Бір айдың ішінде жоғары көрсеткішке қол жеткізуге көмектесемін» дейтін жарнамалармен жиі ұшырасатынмын. Достар, бірақ, IELTS-тың құпиясы – тек қана оқу, еңбектену, дайындалу. Бұл жерде ешқандай «сиқырлы таяқша» көмектесе алмайтынына көзім жетті.

Дана МАРАТОВА

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз