Любовь Дудченконың есімі «Ұланның» оқырманына жақсы таныс. Өйткені газетімізде Любовь туралы бірнеше материал жарық көрді. Ол Алматыдағы
Назарбаев зияткерлік мектебінде оқиды. Жақында ол оқитын мектептен қуанышты хабар жетті. Любовь Дүниежүзілік робот олимпиадасында қола медаль иеленді.

Халықаралық сайыс 8-10 қараша күндері Венгрияның Дьер қаласында өтті. Любовь талдықорғандық робот құрастырушылармен бір топта өнер көрсетті. Олар шығармашылық категориясы бойынша бақ сынады. Любовь робот олимпиадасына қатысу көп еңбекті қажет ететінін айтты.

«Финалда өнер көрсету үшін əуелі қалалық, республикалық, одан кейін құрамаға ену кезеңдері бар. Осының барлығынан өткеннен кейін ғана əлемдік сайысқа баруға мүмкіндік туады. Бұл – үлкен еңбек. Осы сайысқа 8-сыныпта оқып жүргенде де қатыстым. Бірақ финалға өте алмадым. Ол кезде командамыз
республикалық кезеңде ІІІ орын иеленген еді. Бұл көрсеткішпен əрі қарай өте алмадық. Екі жыл бұрын республикада 3-орынды иеленсек, биыл əлем
бойынша үздік үштікке ендік»,
– дейді Любовь Дудченко.

Любовьтің айтуынша, оның командаластарымен бірге құрастырған роботы алғашында ойдағыдай шықпай, біраз алаңдатқан. Оның уайымын олимпиаданың атмосферасы жəне əртүрлі елден келген бəсекелестері одан əрі еселете түскен.

«Корея, Жапония, Германиядан келген түрлі мықтыкоманда болды. Шынымды
айтсам, сайыстың алғашқы күні қатты уайымдадық. Өйткені көп қиындық болды. «Қолымыздан келер ме екен?», «Ең құрығанда үздік ондыққа енсек екен» деген ой болды. Бірақ келесі күні жиналып, қайтадан іске кірістік. Марапаттау кезіндегі «Қазақстан!» деп шақырған сəт бəрінен ерекше есте қалды. Мемлекеттік
Туымызды ұстап, сахнаға жүгіріп шықтық. Арманым – Қазақстанды əлемге таныту. Бұл мақсатым біртіндеп орындалып жатыр»,
– дейді ол.

Дүниежүзілік робот олимпиадасы – 2004 жылдан бастап өтіп келе жатқан 10-21 жас аралығындағы оқушылар мен студенттердің халықаралық байқауы. Биылғы олимпиаданың тақырыбы – «Ақылды қалалар». Қатысушыларға болашақтың қаласын құру үшін жаңа идея мен технологияны ұсыну міндеттелген. Халықаралық жарысқа əлемнің 73 елінен 424 команда қатысты. Назарбаев зияткерлік мектептерінің жас робототехниктері «Ақылды білім» секциясында математика мен бейнелеу өнері пəнінен сабақ беретін, əліпбиді үйренуге көмектесетін жəне көру, есту қабілеті нашар балалармен жұмыс істейтін
бастауыш сынып мұғалімі Ziggurat роботын таныстырды. Команданың жетекшісі – Николай Авдюнин.

Ол – еліміздегі робот техникасы саласындағы белгілі жаттықтырушы. Николай Авдюнин Талдықорғандағы Назарбаев зияткерлік мектебінде ашылған күннен бастап жұмыс істейді. Бұған дейін оның шəкірттері Сочиден қола жəне Нью-Делиден алтын медаль иеленген.

«Қазір əлем жылдамөзгерістер кезеңіне қадам басты. Жыл сайын оқушыларымыздың əлеуетін дамыту үшін түрлі жобаны қолға аламыз. Осылайша ақпараттық өндірісті жетілдіруге тырысамыз. Ақпараттық өндірістің арқасында ел
экономикасы жаңа деңгейге көтеріледі»,
– дейді Николай Авдюнин.

Айта кетейік, Көкшетаудағы, Орал мен Нұр-Сұлтандағы Назарбаев зияткерлік
мектептері командасы да Дүниежүзілік робот олимпиадасында үздік ондыққа кірді.

Мейірман ІЛЕС

Ұлан» газеті, №47
19 қараша 2019 жыл

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз