Аулада ойнап жүрген тоғыз жасар Айымды ара шағып алды. Құлағының түбінен ызыңдаған дыбыс естілгенде, Айым басын оқыс бұрған болатын. Осы кезде дәл көзінің асты тыз ете қалды.

Айым бетін басып, бақырып жылап, үйге қарай жүгірді. Оның дауысын естіген әжесі есік алдына шықты.

– Әй, не болды? Құлап қалдың ба?

– Жоқ, ара… Ара шақты!

Әжесі енді байқады, Айымның көзінің асты сәл домбығып қалыпты.

– Жарығым-ай, жыламашы! – деді әжесі Айымды жұбатып. – Қазір бұған ем жасаймыз. Әйтпесе, көзің ісіп, көнектей болады.

Айтқандай-ақ, әжесінің ем-домы шипалы болды. Ертесінде ара шаққан жердің ісігі қайтып, ауырғаны да басылды.

– Әже, қараңызшы! Ара шаққан жер жазылып кетті. Көнектей болған жоқ, – деді Айым әжесіне көзін көрсетіп.

– Рас жазылыпты! – деді әжесі қуанып. – Емдемесек, көнектей болатын еді.

– Әже, мен бар ғой, сізді онша түсінбей тұрмын, – деді Айым осы кезде. – «Көнектей болады» деп нені айтады?

– Е-е-е, ол – бір теңеу сөз, – деді әжесі. –  «Көнектей болды» деп күп боп ісіп кеткенді айтады.

– Қызық екен, – деді Айым таңырқап. –  «Көнек» деген не сонда?

– «Көнек» деген – теріден жасалған ыдыс. Ертеде көнекке бие сауған. Ол жеңіл болған әрі темір шелектей даңғырламаған. Сондықтан көнекке сауғанда бие мазасызданбай, жақсы иіп, сүтті мол берген. Айтпақшы, «көн тері» дегенді естуің бар ма?

– Жоқ.

–  «Көн тері» деген – қатты тері. Көнекті содан жасаған.

– Әже, мен бәрібір ұқпай тұрмын, – деді Айым. – Көнек ыдыс болса, ісінгенді неге «көнектей болды» дейді?

– Соны енді айтайын жатырмын, – деді әжесі. – Көн теріден жасалған көнек қомпайып тұрады. Сол себепті, халқымыз ісінгенді «көнектей болды» дейді. Тым үлкен, көлемді нәрсені де қазақ көнекке теңейді. Мысалы, біреудің басы үлкен болса, «басы көнектей екен» дейді.

– Онда «көнек» жақсы нәрсе екен ғой, – деді Айым.

– Иә, жарығым! Көне заманда көнек аса қажетті бұйым болған. Қазақта «көнегі керегеге ілінді» деген сөз бар. Ол «мал жұтқа ұшырап, жұрт ақсыз қалды» дегенді білдіреді. «Ақ» дегенді білесің ғой?

– Білемін! Ол – сүт, қымыз, айран, қатық, – деді Айым мүдірместен. Содан соң:

– Әже, көнекті қайдан көруге болады? – деп сұрады.

– Мұражайдан, – деді әжесі. – Бір күні екеуміз Орталық мұражайға барамыз. Сол жерден көне жәдігер көнекті көреміз.

«Балдырған» журналы, №10
Қазан, 2019

 

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз