Әлемдегі ең танымал спорт түрлерінің ішінен аралас жекпе-жек (ММА) спортының алатын орны ерекше. Ал аралас жекпе-жекпен айналысатын әр спортшының арманы атақты UFC тұжырымында өнер көрсету. Бұл жекпе-жек түрі еліміздің спортына жаңадан енсе де, сегізбұрышты алаңда өнер көрсетіп жүрген саңлақтарымыз жетерлік. Олардың басым көпшілігі белді промоушндармен келісімшартқа отырып, әлемнің түкпір-түкпірінде ел абыройын асқақтатып жүр. ACB, Fight Nights Global, M-1 Global, One FC Championship сынды әлемдегі ең мықты тұжырымдарда жұдырықтасып, жеңіске жетіп жүрген спортшыларымызды енді UFC тұжырымынан да көреміз. Орынбордың қазағы Дамир Исмағұлов UFC тұжырымында 3 жекпе-жек өткізіп, үшеуінде де жеңіске жеткен алғашқы қазақ болды. Aлаңға Ресей мен Қазақстанның туын алып шыққан қандасымыз алғаш рет көк туды желбіретті. M-1 Global тұжырымының чемпионы болған Шавкат Рахмонов жақында ғана UFC тұжырымымен келісімшартқа отырған еліміздегі алғашқы спортшы атанды.

Шавкат 1994 жылы, 23 қазан күні Өзбекстан елінде Сурхандария облысы, Шурчи қаласында дүниеге келген. Ұлты – қазақ. Бірақ Өзбекстандағы Азаматтық хал актілерін тіркеу органдары атасының атын Рахмон деп қате жазып жіберген. Соның салдарынан спортшыны көпшілік қауым «өзбек» ұлтынан деп ойлайды. Дегенмен Шавкат әр сұқбатында қазақ екенін айтып жүр. Спортшы 2010 жылы отбасымен атажұртына қоныс аударып, Қарағанды қаласында тұрақтайды. Ол 10 жасынан бастап спортпен шұғылданып, әртүрлі үйірмелерге қатысқан. Бокс пен жауынгерлік самбоны қатар алып жүрген спортшы жергілікті базарда жүк тиеуші болып жұмыс та істеген. 2013 жылы Көкшетау қаласына қоныс аударып, сол жерде білікті бапкер Баян Жангаловпен танысады. Бапкер спортшының бойындағы еңбекқорлық пен қайсарлықты бірден байқайды. Шавкат 16 жасынан бастап үлкен турнирлерде бағын сынай бастаған. 19 жасында әуесқойлар арасында аралас жекпе-жектен чемпион атанған ең жас спортшы атанды. Ал 20 жасында әлемдік рейтингте 4-орында тұрған М-1 Global тұжырымымен келісімшартқа отырады. Ол алаңда 12 жекпе-жек өткізіп, барлығында уақытынан бұрын жеңіске жеткен жалғыз қазақстандық спортшы. 77 келіде өнер көрсететін Шавкат М-1 Global тұжырымындағы алғашқы жекпе-жегін 2014 жылы Адам Цуровқа қарсы өткізіп, бірінші раундта қылқындыру әдісімен жеңіске жетеді. Алғашқы 5 жекпе-жегін бірінші раундта аяқтаған отандасымыз 6 жекпе-жегінен кейін ауыр жарақат алып, екі жылға жуық уақыт спорттан қол үзіп қалған.

Араға екі жыл салып, алаңға қайта оралған Шавкат M-1 Challenge 87 турнирінде Леван Солодовниковты айқын басымдықпен ұтты. Отандасымыз үшін Battle of Nomads 10 турнирінде Фарудин Одиловпен болған жекпе-жек ең ауыр, әрі қиын болды. Тартысқа толы өткен кездесудің 3-раундында Шавкат ауыр соққы өткізіп, нокдаунға түсіп қалды. Дегенмен қайтпас қайсар, намысқой спортшы тез есін жиып, қарсыласын жойқын соққыларының астына алып, техникалық нокаутпен жеңіске жеткен. Барлық қарсыласын айқын басымдықпен ұтқан спортшыға UFC тұжырымынан ұсыныс түседі. Бірақ Шавкат алдымен М-1 Global тұжырымының чемпионы атануды көздеп, чемпиондық белбеу үшін жекпе-жек өткізді.

Алматы қаласында өткен M-1 Challenge 101 турнирінің басты жекпе-жегінде ресейлік нокаутшы Данила Приказамен жұдырықтасып, 2-раунда техникалық нокаутпен жеңіске жетті. Осылайша Шавкат М-1 Global тұжырымының толыққанды чемпионы атанған алғашқы қазақ атанды. Бұл жекпе-жектен кейін отандасымыз Нұр-Сұлтан қаласында өткен M-1 Challenge 102 турнирінде чемпиондық атағын бразилиялық Тиаго Варежаоға қарсы қорғап, тәжірибелі қарсыласын бірінші раунда техникалық нокаутпен ұтты. Шавкатқа ең мықты тұжырым саналатын UFC-дің есігі айқара ашылды. Расында араға бір ай салып, ММА саласындағы ең үздік менеджерлердің бірі Саят Абдрахманов отандасымыздың ресми түрде UFC тұжырымымен келісімшартқа отырғанын жариялап, күллі спорт жанкүйерлеріне үлкен қуаныш сыйлады. Шавкат Рахмонов 25 жасында UFC-де Қазақстанның намысын қорғайтын алғашқы қазақ болды. «Бүкіл әлем көз тігетін, ең атақты UFC тұжырымында Алаштың абыройын асқақтатсам» деген Шавкат Рахмановтың арманына жетуін тілейміз.

Дәурен ТҮЛКІБАЙ

Ақ желкен» журналы, №10
Қазан, 2019

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз