Алматыға келгеніме бес жыл болса да, Абай атындағы Қазақ мемлекетттік академиялық опера және балет театрына биыл алғаш рет бардым. Балет қойылымына да. Оған себеп – «ХХІ ғасыр жұлдыздары» атты фестиваль және «Аққулы көл» балеті. «ХХІ ғасыр жұлдыздары» Халықаралық фестивалі жастар жылы аясында балет әртісі, педагог Ұлан Мирсеидовті еске алу мақсатында ұйымдастырылды. Оның есімі қырыққа жуық балет әртісін дайындаған отандық педагог ретінде танымал.

Konokbaev Group компаниясының қатысуымен өткен шараға әлемге танымал балет әртістері Светлана Бедненько мен Станислав Ольшанский шақырылып, олар әлемге әйгілі «Аққулы көл» («Лебединое озеро») балетін Алматы сахнасында орындады. Ал жаңа жылға дейін Анна Осадченко мен Дмитрий Соболевский «Ұйқыдағы ару» («Спящая красавица») және Будапештен келетін Татьяна Мельник пен америкалық Хорхе Барани «Щелкунчик» балетін сахналайды. Konokbaev Group компаниясының президенті Нұрлан Қонақбаевтың айтуынша, билеттен түскен қаражат жас балет әртістерін қолдап, әлемдік аренаға шығаруға жұмсалады екен.

Біздегі театр мәдениеті туралы

Опера және балет театрының атмосферасы ерекше екен. Театр гардеробтан басталады, ал мәдениет театрдан басталады. Кейде театрға қалай болса солай киініп келетін көрерменді көріп қынжылып қалушы едім. Ал балет көруге келген көрермендердің осы айтулы күнге мұқият дайындалып келгенін көріп таңғалдым. Күннің суықтығына қарамастан ауыстыратын аяқ киім алып келген әжелерге қалай риза болмайсың?

Көрерменнің тағы бір үлгі алатын тұсы – театрға ерте келу. Балеттің басталуына 15 минут қалғанда зал толып отырды. Басталған соң кешігіп келіп, телефонның жарығымен орнын іздеп, отырған көрерменді отырғызып-тұрғызып әуре-сарсаңға салғандарды да байқамадым. Әр композициядан кейін соғылған сансыз шапалаққа да риза болдым. Ал би кезінде артық айғай-шу естілмейді.

Кейде театрға су, түрлі тамақ әкелетіндерге кездесіп қалам. Киноға келгендей сайланып келіп, жанындағы көрерменнің көңілін аударатындарға ашуым келіп отыратын. Бұл жолы мұндай «заманауи» көрермен кездеспеді. Попкорн мен «Колаға» емес, өнерге сусындауға келген көрерменнің көп болғаны қуантты.

Театрда мектеп оқушылары да жиі ұшырасты. Өздерін ересектер сияқты ұстайды. Жүгіріп, жылап жүрген ешкім жоқ. Жалпы, балаларды ойын-сауық орталықтарына апарғанша осындай өнер ордасына ертіп барып, мәдениетке, өнерге баулитын ата-ана көп болса, интеллектуал ұрпақ көбейер еді деген ойға қалдым.

Балетке неге тыйым салынған?

«Әр елдің салты басқа» дегендей, әлем елдерінде балетке деген көзқарас та әртүрлі. Тіпті, өнердің бұл түріне тыйым салған мемлекеттер де бар. Балеттің денсаулыққа зияны туралы да естіп жатамыз.

Балет – ойды қозғалыс, дене қимылы арқылы көрсететін би өнері. Алғашында Италияның той-думандарында пайда болған бидің бұл түрі Еуропа елдеріне жылдам тарады. ХХ ғасырда бұл өнер Шығыс елдеріне де жетті. Алайда, мұсылман мемлекеттері балетті харам санап, жақсы қабылдамады. Мұның себебі де жоқ емес. Қоғамда «балет Ислам дінінің қағидаларына қайшы келеді, ню стиліндегі өнерді, яғни жалаңаш адамдар бейнесін насихаттайды» деген пікір жиі айтылады. Кей халықтың менталитетінде ер адамның бимен шұғылданғаны жат саналады. Пачка деп аталатын балетмейстерлерге арналған киім адамның мүсіні бойынша лайықтап тігіледі және адам терісімен түстес болады. Бұл да балетке тыйым салуға себепші болған.

Италия

Балет өнері тарихтағы Қайта өрлеу дәуірінде Италияда пайда болған. Алғашында Италияда тұрмыс-салтты көрсететін би түрлері іріктеліп, жүйеге түсіп, сахналық заңдылықтары қалыптаса бастады. Балет бұл елде той-думанның беташары секілді болды. Кейінірек үлкен сарайларда қойыла бастады. Өнердің тарихи Отаны саналатындықтан, Италияда балетке деген көзқарас түзу.

Франция

Әлемдік театр тарихында алғашқы балет спектаклі «Комедийный балет королевы» деп аталады. Ол 1581 жылы Францияның астанасы Парижде патша сарайында өткізілген. Ол кезде комедиялық деген сөз драмалық деген мағынада қолданыла берген.

Түркіменстан

2011 жылы Түркіменстанның әмірлік президенті Сапармұрат Ниязов балетке тыйым салу туралы шешім қабылдады. Ол өнердің бұл түрі жергілікті халықтың мәдениетіне жат деп санайды. «Балеттің бізге не қажеті бар екенін түсінбеймін. Түркімендердің қанында балетке деген сүйіспеншілік жоқ және оны қалыптастырудың қажеті шамалы» деген президенттің сөзіне ерлер қауымы қолдау білдірген.

Египет

Балетке тыйым салған жалғыз Түркіменстан емес. 2013 жылы Египетте де балет өнеріне тыйым салынған. Парламент депутаты Гамаль Хамед балеттің ню стиліндегі өнер түрі, жалаңаш адамдарды насихаттайтын жанр екенін айтып, балет Ислам діні негіздеріне қайшы келеді деп айыптады. Осылайша балет Египеттегі харам нәрселердің қатарына кірді. Бюджеттен бұл өнерді дамытуға қаржы бөлінбей, балет театры бос қалды.

Қазақстан

Қазақ даласындағы балет өнері ХХ ғасырдың 30-жылдары қалыптаса бастады. 1933 жылы Қазақ академиялық драма театры жанынан музыкалық студия құрылды. Осы студияда классикалық би өнерін игеру мақсатында М.Арцибашеваның жетекшілігімен балет труппасы құрылды.

Абай атындағы қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театры –Қазақстанда ашылған алғашқы кәсіби музыкалық театр. Театрдың шығармашылық ұжымының құрамында атақты сахна шеберлері және есімдері бүкіл әлемге танымал түрлі халықаралық байқаулардың лауреаттары еңбек етеді. Олар Франция, АҚШ, Германия, Италия, Жапония, Түркия және Қытай сахналарында өнер көрсеткен.

Өзге елдің топырағында туған балет өнері қазақ халқының дүниетанымына сәйкес келмейді деп жатады. Десе де, 1938 жылы «Қалқаман – Мамыр» туындысымен тұсауы кесілген қазақ балеті талайларды тәнті етті. Бүгінде қазақ балеті Еуразиялық кеңістіктегі балет өнерінің көшбасшысы екенін дәлелдеді.

Балет денсаулыққа зиян ба?

Балет – қауіпті, қиын өнер. Онымен айналысатындар жиі жарақат алып жатады. Соның кесірінен өмірлік өнерінен бас тартқандар да аз емес. Халық арасында «қыз балаға балетпен айналысуға болмайды, зиян» деген сөз бар. Осы сауалды арнайы маманға қойып көрдік.

«Балеттің де, көркем гимнастиканың да, жалпы спорттың қыз баланың денсаулығына айтарлықтай зияны жоқ. Спорттың ережесіне бағынып, ағзаға артық күш түсірмесе болды. Жас қыздарды «балетпен айлалыссаң, қыздығың жойылып кетуі мүмкін» деген миф алаңдатады екен. Бұл – қате түсінік. Қандай спортпен айналыссаң да қауіпсізідк шараларын сақтау керек. Бірақ, балеттің қыздық пердеге ешқандай зияны жоқ», – дейді дәрігер-гинеколог Бағдат Абдильмажитова.

Балет – өмірлік кәсіп емес

Балеттің тағы бір кемшілігі – өмірлік кәсіп емес. Балет әртістерінің жұмыс істейтін жасы шектеулі. Сондықтан осы салада жүрген жандар орта жастан асқан соң жұмыссыз қалады. Кеңес заманы кезінде балет әртістері 38 жаста зейнетке шығатын. Зейнетке шықса да, сахнада билеп жүретіндері болған. Ал әлем сахналарында 40 жастан асқан балет әртістері бар. Балет – сұлулықты талап ететін өнер болғандықтан, ондағы бишінің физикалық жай-күйі аса маңызды. Сондықтан қазір жылдан-жылға балет театрларының труппасы жасарып келеді.

Дана МАРАТОВА

Ұлан» газеті, №46
12 қараша 2019 жыл

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз