Ерікті (волонтер) деген латын сөзі өз еркімен, өзінің есебінен қоғамдық жұмыстарға белсене араласушы деген мағынаны білдіреді. Ал қоғамда еріктілердің рөлі ерекше. Өйткені еріктілер істеген жақсылығы үшін жалақы талап етпейді. Көмектесуді парыз деп есептейді. Өзім де барынша Алматыдағы ауқымды шаралар кезінде ерікті болуға тырысамын. Биыл көктемде Алматы марафонында ерікті болып, Айжан есімді қызбен танысқанмын. Екеуміз дос болып кеттік. Еріктілер нақты немен айналысады? Неге олар тегін жұмыс істеуге әзір? Бұл сұрақтарға «Алматы еріктілер лигасының» мүшесі Айжан Мамеш жауап берді. Ол «Еріктілер лигасына» жан қалауымен кіріп, қазір істеп жатқан жұмысын қоғамның әр мүшесі атқаруы керек деп есептейді.

– Айжан, «Еріктілер лигасына» қосылудың белгілі бір себебі бар ма?

– Ерікті болу дегеніміз – қоғамға қажет екеніңді сезініп, адамдарға пайдаңды тигізу. Сол арқылы білімің мен икеміңді үнемі жетілдіріп отыру. Еріктілер деп кез келген істі өз еркімен, ешкімнің мəжбүрлеуінсіз, шын көңілмен атқаратын жандарды айтады. Алматының «Еріктілер лигасы» 2014 жылы құрылған. Құрамында ресми түрде он мыңға жуық ерікті тіркелген. Оның 80пайызы – жастар. Лига бес бағыт бойынша қызмет атқарады. Атап айтқанда, əлеуметтік, денсаулық, білім, экологиялық бағыт жəне өз-өзін дамыту салалары бойынша жұмыс істейді. Лигада жас ерекшелігіне қарай шектеу қойылмайды. Мектеп оқушысынан бастап үлкен азаматтарға дейін тіркелген. Сонымен қатар, бұл ұйым қаладағы 14 жоғары оқу орнымен қарым-қатынас орнатқан. Еріктілердің арқасында ел қызығатын, көпке үлгі болатын, халыққа тигізетін пайдасы зор игілікті істер өркен жайып келе жатқаны көңілге қуаныш ұялатады. Сондай
істердің бірі – Алматыда өткен бүкілəлемдік қысқы Уни версиада. Студенттер арасындағы дүниежүзілік спорт сайысының Алматы қала сында өтуі тəуелсіз мемлекетіміздің тарихындағы елеулі оқиға еді. Бұл ретте елімізде өткен дүниежүзілік жарыста «Еріктілер лигасының» еріктілері өз жұмысына аса үлкен жауапкер шілікпен қарап, əлемдік деңгейде өтуіне үлес қосқан екен. ЕХРО-2017 көрмесінің еріктілер командасына қосылуына жасым сəйкес келмегендіктен қатыса алмадым. Содан «Еріктілер лигасына» кіруге шешім қабылдадым.

– Еріктінің басты міндеті қандай?

– Əр еріктінің басты міндеті – шын ниетпен көмектесу. Өзгеге жақсылық істеу – адам табиғатына тəн нəрсе. Оның үстіне халқымыз қашанда кайырымдылықпен айналысқан. Бұл қасиет ұлт болмысының ажырамас құрамдас бөлігі болса керек. Мысалы, бұрын ауыл-аймақта көрші-қолаң жиналып, мұқтаж жанға қолдан келгенше көмек көрсетіп, асар жасаған. Сондықтан қазір ерікті болу таңғаларлық іс емес. Көмек көрсету біздің қанымызда бар. Бас координатордан келген тапсырманы еріктілер орындайды. Командада болғандықтан əр іс-шараға міндетті түрде қатысуға тырысамын. Наурыз айынан бастап Алматыда ауқымды жобалар ұйымдастырылды. Соның ішінде мен үшін ең қызық жоба – дəстүрлі «Алматы марафон». Əр жоба форматына қарай қызық. Бұл əлемді жақсылық жасауға шақырғым келеді. Үйде жатқанша, қоғамға пайдалы болу – басты мақсат. Иə, еріктілер тегін жұмыс істейді, ақы сұрамайды. Олардың істеп жатқан ісі көзге көрінбеуі де мүмкін. Бірақ еріктілер қоғамға керек. Əркімді бір жамандап, көмек күткенше, оны өзің істеуге тырысу да үлкен ерлік. Біз көбіне балалар мен қарттар үйіне жиі-жиі барып, қолымыздан келгенше көмек көрсетеміз.

– Мемлекет тарапынан еріктілерге қолдау бар ма?

– Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев келесі жылды Еріктілер жылы деп жариялады. Лигада ішкі ереже бар. Ерікті түнге қалса, тегін жеткізіп тастау, 4 сағаттан аса жұмыс болса, тамағын беру керек. Бірақ басты мақсатымыз – адамдардың бір-біріне барынша жанашыр, мейірімді болуына түрткі болсақ дейміз. Студенттер еріктілер саны артатынына сенімді. Президент оларды əлеуметтік бағыттарға тарту үшін ақы төлеуді тапсырды. Министрлік бір сағаттық жұмыс ақысын 1000 теңге деп белгіледі. Бұл еріктілер үшін зор көмек. Жақсылық істеуге үлкен мотивация болады. Əр жобадан кейін көп жаңа дос табасың. Командада əр еріктінің ерекшелігі болады. Бірақ бəрімізді жақсылық жасау байланыстырады. Ерікті болғанға дейін саусақпен санарлық қана досым бар еді. Қазір досым өте көп жəне əркез көмектесуге дайын тұрады. Еріктілер лигасы –
кішкентай отбасы. Бастысы, ешқашан жақсылық істеуден жалықпайтын, əлемді мейірімді болуға үндейтін орта. Ал адам ортасына қарай өзгереді.

– Ерікті болу қандай мүмкіндіктерге жол ашты?

– Ең алғаш ерікті болып келгенімде Арбатта балаларға тəтті-пəтті тараттым. Бұл да бір қызық оқиға болды. Сол кезде өзіме «Болашақта балаларды қуанту керек» деген мақсат қойдым. Жақында мақсатымның алғашқы қадамын да істедім. «Стань старшим другом» деген өз жобамды бастадым. Бұл жобаның басты міндеті – балалар үйіндегі балаларды бақытты ету. Шілде айында №1 балалар үйіндегі тəрбиеленушілерді музейге апардым. Бойымда қорқыныш болғаны рас. Себебі, бұл жобамның боларына дейін қаншама мекемеге жүгіріп, мектеп оқушысы болғандықтан мұндай жауапкершілікті сенім артып бере алмаған сəттер де болды. Артқа шегініп, бастаған ісімді аяқтағым келмей, жылаған кездер де басымнан өтті. Бірақ табандылық пен еңбектің арқасында жобам іске асып жатыр. Күні бойы балалар үйінің тəрбиеленушілерімен уақытымды өткізу арқылы
шаршағанымды ұмытып кеттім. Балалардың қуанышты жүздерін көргенде, мақсатым айқын болғанын түсіндім. Бұл тек бастамасы, алда талай қадам болады. Еріктілер лигасының командасында болу арқылы болашағыма маңызды қадамдар істей бастадым.

– Еріктілерге қоғамда көзқарас қандай?

– Қоғам еріктілердің арқасында ауқымды жобаларды іске асырып жатыр. Ал жалпы тұрғындар оны түсіне бермеуі мүмкін. Шет елде ерікті болу таңғаларлық іс емес. Екінің бірі жақсылық істеуге дайын тұрады. Концерттер, марафондар ұйымдастыру барысында бізді балағаттап, координаторлармен ұрсысып, біраз түсініспеушілік болса да, болашақта ерікті болуға əр адам ұмтылады. Мен бұған сенемін. Өйткені жақсылық істеу қиын емес. Қоғамды жамандай бергенше, сол қоғамның бөлшегі саналатын барша адам жақсылыққа ұмтылуы керек.

– Сұқбатыңызға рақмет!

Назым САПАРОВА,
«Ұланның» жас тілшісі.

Ұлан» газеті, №46
12 қараша 2019 жыл

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз