Бала тәрбиесі – ең маңызды мәселе болуы тиіс. Бүгінде ата-аналар тарапынан «балам жалқау, іске дұрыс икемі жоқ, ерік-жігері аз, боркемік болып кетті…» дегенді жиі естиміз. Үлкендер жағы «бұрынғы балалар ерік-жігері күшті, кез келген істі оңай игеріп кететін» деп әлі күнге айтып отырады. Сонда бұл қалай болғаны? Бұрынғы балалар мен қазіргі балалар арасында қандай айырмашылық бар? Әңгіме уақыт тұрғысында ма, жоқ әлде құндылықтардың өзгеруінде ме? Бұл күн тәртібінде тұрған өзекті мәселе деп ойлаймыз.

Ұрпақ тәрбиесі ұдайы жетіліп келе жатқан әдістемелік сала. XXI ғасыр балалары физикалық тұрғыдан сымбатты, дене-бітімі мығым боп жетілгенмен, жанды қарым-қатынасқа мұқтаж. Әртүрлі оқу орталықтары, үйірмелер, ақпаратты үздіксіз қабылдау, ата-ана мен туыстық қарым-қатынастың әлсіреуі – баланы қажытатын секілді. Бұрынғы балалардың бүгінгіден айырмашылығы сол, олар шынайы болатын. Анау айтқандай бақылауда емес, еркін, ойыны қанық еді. Бала кем дегенде жеті жасқа дейін жанды қарым-қатынасқа икемделуі керек. Ағайын-туыспен, көрші- қолаңмен жиі араласып, туыстық байланыс болса, ішкі өзегі қалыптасады. Қарым-қатынас арқылы баланың қабілеттері ашылады. Кеңес кезеңінде ата-ананың баламен қарым-қатынасы әлсіз болса да, баланың үйде туған-туыстармен қарым-қатынасы жақсы болды. Яғни ата-ана жұмыста болғанда, балаға туыстары қарайтын еді. Қалалық мәдениетке ойысқан өмір сүру салтында туыстық байланыс үзіліп қалды. Күндіз-түні жұмыстан қолы тимейтін ата-ана баламен қай кезде дұрыс қарым-қатынас жасап үлгереді? Оған қоса бүгінгі жан жақтан қаптаған ақпараттың тұрлаусыздығы баланы әр нәрсенің басын бір шалып, соңына жетпей тастап кететін енжар күйге түсіргендей әсер қалдырады. Ата-ана баланы бір іске бағыттап, соңына дейін жетуге тәрбиелесе, оның бойындағы әртүрлі қабілеті ашылар еді. Ал қазір бәрі басқаша екенін іштей мойындамасқа амал жоқ.

Қазір қоғамда бала табиғатына қайшы жүру бар секілді. Баланы уақытынан бұрын мектепке немесе балабақшаға беріп, оны ойынынан ажыратып жатқан жоқпыз ба? Кішкентайынан әртүрлі үйірмелерге, оқу орталықтарына беріп, өзімізше болашағына алаңдаған болып, оны бала болу құқығынан айырып жатқан жоқпыз ба? Ата-ана баланың болашағын жоспарлауда әсіре алаңдаушылыққа салынуынан әртүрлі кедергілерге тап болып жатқанға ұқсайды. Бұл туралы педагог-тренер Ескендір Бестайдан сұрадық.

Ескендір БЕСТАЙ, педагог-тренер:

«Бала жігерлі, сенімді болуы үшін ойыны қануы керек»

Бірнеше жыл бұрын ортаншы ұлым үйірмеге барғысы келетінін айтты. Содан екеуіміз бір орталықты таңдадық. Келдік, таныстық, ұнатты. Шарттарымен танысып жатқанда бір ескерту бар дедім: «Бала өз таңдауына қарай бәріне қатыспауы мүмкін, қаласа шығып кетуі де ықтимал». Орталықтың кураторы олай істеуге болмайтынын, қазір бала қалауының құлы болса, ертең жігерсіз болатынын жеткізуге тырысты. Бір ойлағанда логика бар сияқты. Ал баланың қалай дамитынын білсек, оның қалыптасуы керісінше жүретінін ескерер едік. Мәселе баланың сол есейгенде жетіспейтін жігері кішкентай кезінде ішкі қалауларын қанағаттандырумен қалыптасатындығында. Мысалы, бала бір ойыншықпен ойнап отыр деп елестетейік. Кенет басқа ойыншыққа ауысып кетті. Осылай шексіз секіріп жүр. Арасында теледидар көріп үлгереді. Осы сәтте біз ойыншықтың шашылғанына назар аударсақ, салақ болады-ау деп қорықсақ және түсіндіруге, лекция оқуға тырыссақ, біткен жеріміз осы.

Мамандарға сенсек, бала бес жасқа дейін ішкі қалауын қанағаттандырған сайын
ішкі жігері, өзегі берік болады. Есейгенде таңдауынан тайдырмайтын, табандылық беретін де осы жігер. Бұл бір ішкі сенімділік іспеттес. Бала жігерлі, сенімді болуы үшін ойыны қануы керек. Оны ойыннан тыймағанымыз жөн. Араласпаған абзал. Шабуылдамаңыз!

Ал психолог Амангелді Мейрамбекұлы қазіргі ата-аналар бала тәрбиесіне бихевиоризм бағытының принциптерін қолданып жүргенін алға тартады. Ол: «Баланы ұрсып, қатесін айтып тәрбиелеймін деу – мүлде қате. Керісінше бала үшін эмоциялық тәрбие өте маңызды», – дейді.

Амангелді МЕЙРАМБЕКҰЛЫ, психолог:

«Баланы еркін өсіру ләзім»

Балаға жақсылық та, жамандық та туа берілмейді. Ата-ана көкірегіне қандай құндылық құяды, бәрі соған байланысты. Баланы үркітпей, қорқытпай, еркін өсіру ләзім. Ондай бала өзіне сенімді болып өседі. Өзіне сенімді бала көкірегіндегі сайрап тұрған құндылықтарды жүзеге асыруға ұмтылады. Біздің қоғамда неге ашушаң, көрінген нәрсемен санасқыш балалар көп? Ол тікелей әке-шешенің тәрбиесіне байланысты. Психологияда бихевиоризм деген бағыт бар. Көп ата-ана сол бағыттың принциптерін бала тәрбиесіне қолданып жүр. Яғни стимул және реакция. Егер балаға стимул бермесе, өздігінен қозғалмайды. Мәселен «ана жерді жинасаң, кәмпит беремін, мына істі бітірсең, кәмпит берем» деген принципке үйретіп тастаған. Баланы тек қана марапаттау арқылы тәрбиелеуге болмайды. Ондай көзқараспен өскен бала бірдеңе әпермесең, өздігінен ештеңе істемейтін дәрежеге жетеді. Бұл – бір.

Екіншіден, баланың тәрбиесіне қарабайыр көшенің тәртібін қолданады. «Жігіт қандай болу керек?» дегенде, «Ол мықты болу керек, қатты болуы керек, боғауыз сөз айта алу керек» деген секілді түп негізінде мейірім мен киесі жоқ тәрбие үлгісін қолданады. Қинап өсірсең, бала мықты болады деу мүлде қате. Қиналып, қорқып өскен баланың бойындағы бар әлеуеті ашылмай қалады. Сондықтан, меніңше, бала үшін эмоциялық тәрбие өте маңызды. Ол бәрін шашып, қиратса да, бүлдірсе де, ұрсудың қажеті шамалы.

Бәріне жеңіл қарап, арқасынан қағып, бетіне жымиып қараудың өзі балаға келесі жолы қателеспейтініне мүмкіндік бергенмен тең. Бала дұрыс емес іс істегенін өзі түсініп тұрады. Ол, біріншіден, «мен неге осыны істей алмаймын» деп өзінің әлсіз, олақ тұсынан шошиды. Осы жерде ата-анасының сөгісі балаға артық болады. Сіз айтпасаңыз да, бала өз қатесін біледі. Ұрысу, жазалау арқылы бала батылдығы мен жігерін жоғалтады. Яғни келесі жолы ол бірдеңе істерде қорқынышы мен енжарлығы жеңіп, ештеңеге құлқы жоқ ынжыққа айналады. Біздегі ең негізгі проблема осында жатыр…

Іздей берсек, қазбалай берсек баланың боркемік болып өсуіне бірнеше себеп табылатыны сөзсіз. Біз оның кейбі-реуіне аз-кем тоқталып өтуді жөн санадық.

1. Қазіргі балалар «жоқ» дегенді түсінбейді. Қалаған нәрсесін қазір алғысы келеді. «Қарның ашты ма? Қазір бірдеңе алып берем», «Шөлдедің бе? Міне, су», «Ішің пысты ма? Мә, телефонмен ойна». Біздің бүгінгі баламен диалогымыз осы тақылеттес. Баланың қалауын кейінге қалдыру – ертеңгі жетістіктің кілті. Олай дейтін себебіміз, дәл қазір бәріне қол жеткізіп үйрету оның ішкі қабілеттерін дамытпайды. Баланың күйзеліске жиі түсуі, кішігірім кедергілерге тап болғанда, сынып кетуінің бір себебі – осы. Өйткені ата-аналар оның миына өзі қалаған нәрсені бірден алуға үйретіп тастаған.

2. Жұмыстан шаршап келген ата-ана баласының тыныш отыруы үшін қолына
гаджеттерді беріп қояды. Бұрын балалар сыртта айызы қанғанша алаңсыз ойнаса, қазір оның орнын гаджеттер басқан. Сырттағы ойын баланың әлеуметтік дағдыларын дамытады, айналадағылармен қарым-қатынасын нығайтады.

3. Бүгінгі балалардың «өз әлемі» бар. Ата-ана «жұмыс әлемінде», балалар «өз әлемінде». Осы екі әлемдегі алшақтық қандай? Біз баланы көңіл көтеруге әбден үйретіп тастағандаймыз. Онсыз бір ата-аналық міндет орындалмайтын секілді. Көңіл көтеруге, ойын-сауыққа құмар баланың ішкі әлеуеті қайдан ашылсын? Адамның миы да бұлшықет сияқты жаттығуды қажет етеді. Баланы кішкентай нәрселерге бағыттау, үйде бір іске көмектесуге икемдеу, оның миын жаттықтырады. Кейде үйге шығарма жазып келуге тапсырма алған бала оны қиынсынады. Неге? Себебі үнемі көңіл көтеруге үйреніскен ми шығарма жазуды қиын іс деп қабылдайды. Көңіл көтеру миды жаттықтырмайды.

4. «Балам дұрыс тамақ ішпейді, балам кеш ұйықтайды, балам ана пәнді оқығысы келмейді…» деген секілді шағымды ата-аналар жиі айтады. Баланың не қалайтынын түсінген жақсы, бірақ олардың қалауын орындай беру жақсы емес. Бала үшін «мынаны істеуім керек» деген түсінік жоқ. Оған шынында не қажет? Соны анықтап беру ата-ананың негізгі міндеті болуы тиіс. Мысалы, денсаулығы жақсы болуы үшін үнемі уақтылы тамақтанып, спортпен шұғылдану маңызды. Егер футболшы болғысы келсе, үнемі жаттығуы керек. Сол сияқты, егер мықты ғалым болуды қаласа, үнемі кітап оқуды әдетке айналдыруы қажет. Сол үшін де қалау емес, қабілетті шыңдау бірінші орында болғаны жөн.

Осы мақаланы жазу барысында бірнеше мақаламен таныстық әрі бұл тақырыптың жүгін бір мақала көтере алмайтынын түсіндік. Әлі де зерттейтін, зерттеуді қажет ететін тұстары қаншама… Журналымызды балалар ғана емес, ата-аналар да оқитынын білеміз. Мұнымен ақыл айту емес, « бала тәрбиесінде қай тұстан қателесіп жатырмыз, қай бағытқа бара жатырмыз?» дегендей ой тастау еді мақсатымыз. Осы мақсатта біз журналымыздың келесі санында «бала мен ата-ананың қалауы, баланың арман-мақсаты» жөнінде ой қозғайтын боламыз.

Жандарбек ЖҰМАҒҰЛОВ

Ақ желкен» журналы, №10
Қазан, 2019

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз