Түрі-түсі ақ мамықтан аумаған,
Туа сала мұз үстінде «аунаған»,
Ақ үрпектің атауын
Кім айтады дәл маған?
(Ақкүшік – Итбалықтың баласы)

Қомдай қағып қанатын,
Торғай болып ұшатын,
Қайсың барсың табатын
Ең кішкентай құс атын?
(Колибри)

Күші адал болса да,
Өзі арам есепті,
Сүйкімі жоқ оншама,
Төлін не дер есектің?
(Қодық)

Кезіп сай мен саласын,
Ен жайлаған даласын
Қасқыр бөлтірігінің
Қалай атар анасын?
(Құртқа)

Көркі көл мен жаздың,
Иесі әсем саздың,
Айтшы, қалай аталар
Балапаны қаздың?
(Мамыр)

Кеңге салар арқаны,
Таудан сайлап мекенін,
Білсең айтшы, ал қане,
Қозықа не екенін?
(Арқардың төлі)

Жануарға қосарлап құсты
Пайда болар сұсты,
Екпіні бар күшті
Білесің бе құсты?
(Түйеқұс)

Білсең аңның пырағын,
Бетпақдала – тұрағын.
Айта қойшы сен бізге
Жез киіктің лағын.
(Құралай)

Көлге жұпсыз қонбаған,
Әнін сүйер иен далам
Аққу құстың баласын
Атап берші сен маған.
(Көгілдір)

Ертегі көп ол жайлы,
Жүрген жерін алдайды.
Қатысы бар ал оған
Білесің бе Мыржайды?
(Түлкінің баласы)

Таудың басын жайлаған,
Құйқылжыта сайраған
Құс төресін киелі
Айтып берер қай балаң?
(Ұлар)

Жылы, теңбіл ішігі,
Сүп-сүйкімді пішімі,
Айтшы қалай аталар
Ақбарыстың күшігі?
(Алан)

Барлығын да бабалар
Өз атымен атапты.
Қайсың барсың таба алар
Сөз төркіні мақатты?
(Аюдың еркегі)

Мекені қыр, тау-шыңдар,
Арқарлардың қошқарын
Айтып берер қайсың бар
Қане, зерек, достарым?
(Құлжа)

Мирас қылған атадан
Баптап жылқы тел төлін,
Бабам қалай атаған
Аттың бұла «тентегін»?
(Асау)

«Балдырған» журналы, №10
Қазан, 2019

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз