Барлық адам сұлу болуға талпынады. Бұл – табиғаттың заңы. Алайда заманауи трендте «боянған сұлу емес, дұрыс күтінген сұлу» тіркесі қалыптасқан. Қазір қалада да, ауылда да, ер мен әйел, жас пен орта жастағылар, тіпті, мектеп оқушылары арасында да сән индустриясына сұраныс та, талап та жоғары. Косметикалық өнімдердің дәурені жүріп тұрған шақта дүкен сөрелерінде шетел тауарларымен қатар орын алатын отандық өнімдер де бар. Кез келген салада отандық өнімнің сапасы да, бағасы да, есімі де қалыптасып келеді. Соның бірі – BegimSulu бренді. Табиғи қоспалардан жасалатын отандық косметика тек бояну үшін емес, емдік мақсатта да қолданылады екен. Жақында осы компанияның негізін салған Тұрымбек Фатима Уызбекқызымен аз-кем әңгімелесіп едік. Қыз-келіншектерге, оқушыларға ақыл-кеңесін де аямады.

«Бегім сұлу, бегім сұлу, бал татқан қандай ерін сұлу»

BegimSulu компаниясының негізін салған ол өзін: «Есімім – Фатима. Көпбалалы отбасында туып-өстім. Үйдің кенжесімін. Әкем – мал дәрігері, анам – медбике, бірақ анамыз үйде бала тәрбиесімен көбірек айналысқан. Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің магистрімін. Екі балам бар», – деп таныстырды.

Фатима отандық косметика өндірісіне кездейсоқ келіпті. Оған малайзиялық досы себеп болған. «Екінші баламды босанған кезде анам қатты ауырып қалды. Үйде баламен отырғаннан зерігіп те кеттім. Сосын көңілім бөлінсін деген оймен үйде торт пісіріп, тігін тіктім. Бірде танысымның косметика сатумен айналысып жүргенін көріп, осы салаға қызыға бастадым. Бірақ ол танысым мені бұл кәсіпке лайық көрмеді. Алғашында ашуланып қалдым. Сол кезде әлеуметтік желі арқылы сөйлесіп жүретін малайзиялық досым бар еді. Ол да түрлі косметиканың жарнамасын парақшасында бөлісетін. Оған өзімнің осы салаға қызығатынымды айттым. Ол маған косметика сатқанға қарағанда оны өндірудің әлдеқайда табысты әрі қызық екенін айтты. Осылайша, косметика жасауды бастап кеттім», – дейді ол.

Фатима косметика жасау оңай емес екенін айтады. Осы саланы толық меңгеру үшін арнайы ақылы курсқа қатысыпты. Өз қолымен жасаған алғашқы өнімі – ерін далабы екен. Сондықтан отандық өнімдерді сатылымға шығарар тұста компанияның атауын осы өнімге байланысты етіп қойыпты.

«BegimSulu атауын көп іздедік, ондаған нұсқаның ішінен осы атауды таңдадым. Әнші Ерболат Ержанбаев айтатын «Бегім сұлу, бегім сұлу, бал татқан қандай ерін сұлу» деген танымал әні бар ғой. Осы өлең жолдары қатты ұнайтын. Компанияны BegimSulu деп атауға осы ән себеп болды. Алғашқы өніміміз ерін далабы болғандықтан, өтімді және орынды болған сияқты. Жаттауға да оңай»,– дейді Фатима.

Сауатты күтінуді үйреткім келеді

BegimSulu-дың мақсаты – Қазақстанда өсетін әрбір пайдалы өсімдікті косметикалық түрде халыққа ұсыну. Компания BegimSulu және Bary атымен екі түрлі бағыттағы косметикалар шығарады екен.

«Біздің компанияда екі түрлі косметика өнімдері бар. Екеуі де табиғи гүлдер мен
шөптердің сығындыларынан алынған қоспалар арқылы жасалады. Біздің өнімдер тек косметикалық мақсатта емес, емдік шараларда да қолданылады. Адамның терісінде жиі кездесетін әртүрлі сырқатты емдеп, қалпына келтіру мен теріні қорғау қызметін атқарады. Косметикалық өнімдерді күнделікті бет терісін әрлеуге қолдануға болады. Бірақ компания өнімдері кәсіби әрлеуге арналмаған. Қазақстанда кәсіби әрлеуге арналған косметикаға сұраныс жоғары. Халықтың табиғи өнімге деген сұранысы төмен. Мысалы, көрші Ресей мен Украинада бет күтіміне, емдеу шараларына арналған өнімдерге деген сұраныс өте жоғары. Бұл процедураның құны да қымбат. Қазақстандықтарға қолжетімді отандық өнім ұсына отырып сауатты күтінуге тәрбиелегім келеді»,
– дейді компания басшысы.

Фатиманың айтуынша, қазір қыздар бет күтімімен айналысудың орнына кемшілігін жасыру үшін қатты боянуға құмар көрінеді. Бүгінде әлемдік сән индустриясында табиғи сұлулық алдыңғы орынға шыққан. Сондықтан дамушы мемлекет ретінде Қазақстан да табиғи өнімдер санын көбейтуі керек.

Бұл туралы Фатиманың пікірі мынадай: «Отандық нарықта сәнге қатысты түрлі ағым, стиль көп. Сән индустриясын әр мемлекет, әр адам әртүрлі түсінеді. Бірақ бәріне ортақ жалғыз ереже бар, ол – сұлу болу. Сондықтан косметика өнімдеріне сұраныс күн санап арта бермек. Осы орайда оларды отандық өнімдермен қамтамасыз етіп, сән әлемінде қазақстандық табиғи өнімдердің эталонын қалыптастыруымыз керек деп ойлаймын».

Отандық косметика өндірісінде Қазақстанда өсетін гүлді өсімдіктер мен дәрілік шөптер қолданылады екен. Қазақстанда түрлі гүлдер, жеміс майлары, дәрумендер кездеседі. Алайда елімізде сән индустриясы қарқынды дамымағандықтан кейбір шикізатты АҚШ, Ресей, Түркия елдерінен тапсырыспен алдыруға тура келеді екен. Мысалы, отандық ерін далабының құрамындағы Carnauba балауызы Америкадан тасымалданады.

Оқырманның көкейінде отандық косметика өнімдерін қайдан табуға болады деген сұрақ туындайтыны анық. «Осы күнге дейін адамдардың бет терісіне қарап, жеке тапсырыспен өнім жасайтынмын. Қазір дайын өнім шығарып жатырмыз. Тапсырыс берушілер әлеуметтік желілер арқылы онлайн тапсырыс бере алады. Ұсыныс жасаған салон, дүкендерге арнайы апарып береміз», – дейді Фатима.

BegimSulu компаниясы болашақта Франциядағы сияқты үлкен гүлді алқап жасауды жоспарлап отыр. Бұл алқап бір жағынан адамдарға ерекше табиғи демалыс сыйласа, екінші жағынан шикізат көзі бола алады.

Оқушы, студент қыздарға маманнан кеңес

Фатима Уызбекқызы мектеп жасындағы оқушылар мен студенттерге косметика таңдау туралы ақыл-кеңес айтып, бетке күтім жасауда неге мән беру керектігін де айтып берді.

Қыздар қауымы үнемі сұлулыққа ұмтылады. Ал сұлулыққа кез келген жолмен емес, ең дұрыс жолмен барған абзал. Баланы кішкентайынан жылтырға емес, денсаулығын күтуге баулу керек. Мектеп жасына дейінгі балалардың терісі таза болады. Бұл кезде бояу қолданбаған дұрыс.

Бастауыш сынып оқушыларының да бет терісі жетілу үстінде, оларға аса күтім керек емес, бастысы бетті тазалап жуып, ылғалдандырып отырса болғаны.

Жасөспірім қыздар бойжеткен шақта түрлі мәселемен бетпе- бет келіп жатады. Оларға да айтарым – күтіну керек. Кемшілігіңді жасыру үшін қатты боянудың қажеті жоқ. Ол тек теріге ғана емес, адамның организміне де зиян.

Студент қыздардың барлығы дерлік боянып жүруді қалайды. Олар боянуды сән деп қабылдайды. Қатарымнан қалмасам дейді. Студенттерге айтарым –боянамын деп бет терісін бүлдіріп алмаңдар! Шындығында бұл жаста аса қатты бояну маңызды емес, олар үшін бетті безеусіз, әжімсіз, дақ пен секпілсіз таза ұстаған маңызды. Дәл осы жаста адамның табиғи сұлулығы үлбіреп тұрған жеміс сияқты уылжып тұрады. Студент қыздарға бетті ультракүлгін сәуледен қорғайтын, залалы аз косметика түрлерін қолдануға кеңес берер едім.

Өзінің бояусыз бейнесін қабылдай алмайтын қыздар да кездеседі. Оларға алдымен психологиялық тұрғыдан жұмыс істеу керек деп ойлаймын. Алла адамның бәрін сұлу етіп жаратқан. Тек соны түсініп, сезіне білу керек.

Ал әйелдер қауымы үшін беттің көркі үлкен рөл ойнайды. Әйелдердің бәрі күтінеді. Бірақ сауатты күтіну жолдарын біле бермейді. Жас ерекшелігіне байланысты болатын кемшіліктерін жасыру үшін жарнамадан көрген косметика өнімдерін қолдана береді. Кейбіреулері қолда бар косметиканы пайдаланады. Қазақта «Ауруын жасырған өледі» деген сөз бар ғой. Сән әлемінде де осы сөз өзекті. Кемшілігінің бетін жауып жүре беретін әйелдер кейін үлкен проблемаға тап болуы мүмкін.

Көп адам бет терісіндегі проблемадан тез арада айыққысы келеді. «Кешіріңіз, бірақ біз сиқыршы емеспіз» деп айтқым келеді оларға. Беттегі мәселелер айлар бойы, жылдар бойы дұрыс күтім көрмегендіктен пайда болады. Олар бір айда кете қоймайды, алты айдан бір жылға дейін емдеу керек. Себебі бет терісінің жетілуі жасымыз ұлғайған сайын баяулайды.

Беттің көркі денсаулықпен тікелей байланысты. Беттегі бөріткен, безеу, дақ, әжім, бет терісінің тесіктері ағзаның ішкі жай-күйіне байланысты. Мысалы, асқазан дұрыс жұмыс істемесе, аузымыздың жан-жағына бөріткен пайда болады, бүйректен бетте дақ пайда болады, ұйқысыздықтан маңдайымыз бөртіп жүреді. Беттің тазалығы дұрыс тамақтану, дұрыс демалуға да байланысты. Егер бет күтімін біліп, дұрыс тамақтануды, демалуды білмесеңіз, онда ол күтімнің эффектісі төмен болады.

Әңгімелескен Дана МАРАТОВА

Ақ желкен» журналы, №10
Қазан, 2019

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз