Елімізде талантты оқушы көп. Соның бірі – Жалын Қабыкен. 18 жаста.
Алматыда туып-өскен. О.Жəутіков атындағы республикалық физика-
математика мектебінде оқыған. Қазіргі уақытта Америкада Kent high school-да 12-сыныпта оқиды. Ол мектепте оқып жүрген кезден бастап-ақ стартап компания құрған. Біз одан компаниясын қалай құрғаны, америкалық мектепке қалай түскені
жайлы сұраған едік.

Жалын NASA-дан тəжірибеден өткен. Сонда жүріп университеттермен қатар жергілікті мектептерге де емтихан тапсырған. Ендеше, Жалынның əңгімесін тыңдайық…

– Бала кезімнен ғылым мен математикаға қызығамын. 11-сыныпта оқып жүргенде аэроғарыш инженері мамандығында оқуды жоспарлап, NASA, SpaceX сияқты компанияларда жұмыс істеуді армандадым. Қысқа қарай аэроғарыш инженерия саласындағы бірқатар университетке құжат өткізіп, оқуға түстім. Алайда өзімді шетелдегі университетке толық дайын сезінбедім. Сол себептен университеттермен қатар Америкадағы жергілікті мектептерге де тапсырдым. Ол жақта бұрын оқыған бір жылыңды қайта оқуға мүмкіндік бар. Қазақстанда 11-сыныпты бітіргеніммен, маған 11-сыныпты қайта оқуға рұқсат етті. Солай 11-12-сыныпты оқып бітіріп, мектептің екі дипломын алуыма мүмкіндік берді.

Жалын Америка мектебіндегі бір күнін сипаттағанда, сабаққа да, демалысқа да,
спортқа да уақыт табатынын айтып қалды.

– Əдетте 7-де оянамын. Мектептің кампусында тұратындықтан, асықпай жиналып сабаққа барамын. 08:00-де дəріс басталады. Таңғы 8-ден түскі 3-ке дейін болады. Сабақтан шыққан соң жатақханама барып түскі асымды ішемін. Сосын күзгі спорттық жарысқа дайындаламын. Кент мектебінде кросс-кантримен (жүгірудің ерекше түрі) айналысамын. Кешкі 5-6-ға қарай жаттығуым аяқталады да, əрі қарай кешкі асымды ішемін. Содан соң 30-40 минут демалуға арнаймын. Тынығып алған соң кітапханаға барып, түнге дейін үй тапсырмасын орындаймын. Əдетте 11-12-лерде ұйықтаймын. Денсаулығыңды сақтау үшін ұйқың бірқалыпты болғаны дұрыс деп ойлаймын.

Кейіпкеріміз Америкада екі жыл ғана білім алса да, Қазақстан мен Американың білім беру жүйесіндегі айырмашылық айтарлықтай екенін айтады. Америка мектептерінде оқушының пəндерді өз қалауымен таңдайтыны оны таңғалдырыпты.

– Біріншіден, жоғары сынып оқушылары өздері оқығысы келген пəндерді таңдауға құқылы. Мысалы, жазушы болуды жоспарласам, маған физика, математика сияқты пəндерді оқудың қажеті жоқ. Сондықтан математика мен физиканы сабақ кестемнен алып тастар едім.

Инженерлік саланы таңдағандықтан алғашқы жылдағы сабақ кестем тек техникалық бағыттағы пəндерден (химия, математика, инженерия) тұрды. Ал гуманитарлық бағытта ағылшын əдебиетін ғана оқыдым. Ол барлық оқушы үшін міндетті пəн. Оған қоса сабақтың деңгейін, яғни сабақтың күрделілік деңгейін де өзің таңдайсың. Мысалы, ең қиын деңгей – AP (Advanced Placement). Бұл деңгейдегі сабақтар университет пəндері қатарына жатқызылады. Жоғары сынып оқушысы мектепте оқып жүрген кезден бастап-ақ университеттегі сабақтарды оқи алады. Мен екі жылдың ішінде тамаша нəтижемен беске жуық АР бітірдім. Бұл маған университетте сол сабақтарды оқымай-ақ қоюға мүмкіндік береді.

Жалын Кент мектебінде сабағын жақсы оқумен қатар, өзге де бағдарламаларға
қатысқан. Соның бірі – Америкадағы ТОП-100 университет қатарына кіретін
MIT (Massachusetts Institute of Technology) LaunchX бағдарламасы.

– Кент мектебінде 11-сыныпта оқып жүргенде MIT-дың LaunchX бағдарламасы жайлы білдім. LaunchX – 10-11-сынып оқушыларына арналған стартап акселератор. Бағдарлама бойынша оқушылар өз идеясымен стартап компания (телефонға қосымша немесе басқа өнім) құрады. Қатысқысы келген кез келген адамды қабылдай бермейді.

Бағдарламаға түскендер бар болғаны 14 пайыз, яғни тапсырған 100 адамның ішінен 14 оқушы ғана өткен. Мен қалай қабылдандым? Мұнда түсу үшін ең алдымен стартап компания бастайтындай дағдың болуы керек. LaunchX бағдарламасына тапсырғанға дейін мен Swift тілінде бағдарламалауды өз бетімше үйрендім.

Жалынға бағдарламалауды өз бетінше үйренгені тек LaunchX бағдарламасына
өтуге ғана емес, одан кейін де пайдасын тигізген. Ол бағдарламалауды білген топтағы жалғыз оқушы болған. Сондықтан оны командада графикалық дизайнер мен маркетолог етіп тағайындаған. Бағдарламалауды білгені қосымшаны дамытуға септігін тигізіпті. Өзінің айтуынша, бастапқы уақытта қосымшаны əзірлеу кішкене қиынырақ болған. Бірақ бағдарламаның соңына қарай бəрі сəтті іске асыпты.

– Бағдарлама барысында аллергиямен ауыратын адамдарға арнап қосымша
жасауды қолға алдық. Өйткені əлем бойынша аллергиямен ауыратын адамдардың арасында жиі кездесетін проблеманы байқадық. Көптеген адам əртүрлі өнімнің түрлі ингредиентін оқу кезінде проблемаға тап болады. Мысалы, өнімнің құрамы жайлы мəтінді мұқият оқымаған жағдайда, ағзаңызға аллергиялық реакция тудыратын ингредиентті өткізуіңіз əбден мүмкін.

Ал AllerScan қосымшасы телефонға түсірілген суреттегі мəтінді жасанды интеллект алгоритмін қолдана отырып тез арада тани алады. Тіпті мəтінді секундтан да аз уақытта сізге анықтап береді. Бұл көру қабілеті нашар жəне денсаулығы сыр берген адамдар үшін пайдалы. Бүгінде AllerScan қосымшасын iOS платформасында App Store-де іске қостық. Ол танылған мəтіннен қолданушы аллергендерін табуға қабілетті. Қосымша əзірге тек ағылшын тілінде жұмыс істейді. Алдағы уақытта қолданушылар, əсіресе, саяхатшылар өздерінің аллергендерін анықтау үшін біздің қосымшамызды қолдана алатындай басқа да тілдерді қосу жоспарымызда бар.

Жалынның мектеп бітіретін уақыты жақындап қалды. Қазір бұл қосымшаны
жасауға атсалысқан топтың барлық мүшесі университеттерге құжат тапсырып
жатыр. Сондықтан əзірше жұмыстарын бітіргенше шамамен желтоқсанға дейін жобаны тоқтатып қойған. Ал Жалын Machine learning/ Data science /Artifi cial Intelligence (жасанды интеллект) саласында бағдарламашы мамандығын оқуды қалайды. Осы бағытта АҚШ-тағы бірнеше университетке тапсырған. Қай университетте оқығанды құп көретінін сұрағанымызда, MIT немесе Carnegie Mellon University (бағдарламалау бойынша əлемдегі ең үздік университет) түскісі келетінін айтты.

Өзі қатарлы мектеп оқушыларымен салыстырғанда, Жалынның ауыз толтырып
айтарлықтай жетістігі көп.

– Меніңше, бəрі адамның қалауына байланысты. Республикалық физика-математика мектебінде 10-сыныпта оқып жүрген кезімде жеке стартап компаниямды құрамын жəне MIT жəне NASA бағдарламаларынан өтемін деп ешқашан ойламаппын. Оған қоса сол бағдарламаларға тапсырған кезде де өтетініме сенімді болған жоқпын. Ал стартап бастаған кезде «стартап сəтсіз болса ше…», тіпті «мүлдем іске қосылмай қалса ше…» деген қорқыныш та болды. Меніңше, əр бастаманың өзіндік тəуекелі бар, мұны түсініп, сол күйінде қабылдау қажет. Қорқыныш болса да, əрі қарай əрекет ету керек. Мүмкін емес ешнəрсе жоқ екенін айтқым келеді. Мен IOS-та код жазуды төрт аптаға жетпейтін уақытта үйрендім. Ең бастысы, мотивация мен креатив.

Жалынға Кент мектебі азғантай стипендия тағайындаған. Өзінің айтуынша,
бұл шəкіртақы оқу ақысын төлеуге жетпейді. Шетелдік мектепте қиындықсыз оқуына ата-анасы жағдай жасапты. Жалын осы уақытқа дейін қаржылық жағынан да, моральдық тұрғыдан да əрдайым қолдау білдіргені үшін ата-анасына алғысын жеткізді.

– Осы жылдар ішінде қол жеткізген нəрселеріме ата-анамның қолдауынсыз жете
алмайтын едім. Олар қаржылық жағынан да, моральдық жағынан да демеушілерім болды. Ата-анама алғысымды білдіремін!

Жалынға алдағы уақытта өзі қалаған MIT немесе Carnegie Mellon University сынды оқу орнына оқуға түсуіне тілектеспіз!

Қания ТАБЫС,
СДУ студенті.

Ұлан» газеті, №46
12 қараша 2019 жыл

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз