Əсел Иманғазы – Ақтау қаласындағы №13 орта мектеп-гимназияның түлегі.
Мектеп бітіретін жылы қалайда шет елде білім аламын деп шешім қабылдаған кейіпкеріміз қазір Чехияда оқиды. Əсел бізге шет елдегі қызықты оқиғалары, өзге мемлекеттің менталитеті жəне өзіне таңсық болған оқиғалар туралы айтып берді. Болашақта өзге елде білім аламын деген балалардың бір қажетіне жарар деген оймен жариялап отырмыз.

– Мектепте оқып жүргенімде GSC компаниясында тіл үйрететін курс бар екенін білдім. Студенттерді оқуға апаратынын естідім. Қай қалада оқу арзан, қайсысы тиімді екенін сұрастыра бастадым. Алдымен Францияға барғым келген, себебі Францияда француз тілінде оқысаң арзанға шығатынын естігенмін. Мені оқу ақысының арзандығы қызықтырды. Еуропаның көп елінде сол елдің тілінде мемлекеттік университетте білім алсаң, тегін оқи алады екенсің.

Кейіпкеріміз алдына мақсат қойған соң, қалайда жетемін деген талпыныспен іздене береді. Ізденіс үстінде жүрген талапты қыз шет елде тегін оқу үшін ең алдымен арнайы тіл үйрету курстарында ақылы оқып, кейін жоғары оқу орнына тапсыратынын біледі.

– Бір күні Чехия жайлы естідім. Интернеттен Чехия туралы, оқу орындары мен білім беру жүйесіндегі артықшылықтар туралы материал іздедім. Еуропаның өзге елдеріне қарағанда ол жақта арзан екен. Екіойлы болып жүргенімде бір күні мектепке тіл үйрету курсынан адамдар келді. Чехияда бір жыл тіл үйреніп, ары қарай жоғары оқу орнына түсуге көмектесетіндерін айтты. Бізде университетте оқу төрт жыл болса, Чехияда үш жыл. Ал мектепте он үш жыл оқиды.

Əселдің айтуынша, алдымен басқа елден келген студенттердің білім деңгейін тексеретін арнайы емтихан қабылдайды. Ол сынақтан өтпеген жағдайда
ешқандай университетке қабылдамайды екен. Сондай-ақ жоғары оқу орнына түсу үшін ҰБТ тапсырмайды. Талапкер таңдаған мамандыққа қарай тестілеу сынағы болады. Мысалы, архитектор мамандығы болса, физика пəнінен тест тапсырып, арнайы жоба қорғап, презентация жасайды.

– Университетің жайлы толығырақ айтып берсең…

Чехияның Прага қаласына келіп, бір жыл чех тілін үйреніп, University of fi nance and administration деп аталатын білім ордасының студенті болдым. Маркетинг саласын таңдадым. Бірінші жылы чех тілін оқыдым, бірақ əрі қарай жалғастыра алмадым. Қиын болды. Экономика терминдерінің көпшілігін түсінбеген соң, ағылшын тіліне ауыстым. Бір жақсысы, бірінші тілден екінші тілге ауысқан кезде бірінші курсты қайталап оқымай, тек ағылшын тілінде тест тапсырып, екінші курсты ағылшын тілінде жалғастырдым.

– Ағылшын тілінен деңгейің қалай еді? Қиын болмады ма?

– Ағылшын тілін оқу ақылы. Қазақстандағы мықты деген университеттердің бір жылдық ақшасымен бірдей. Біз үшін қымбат болғанымен, шет ел университеттеріне қарағанда арзан. Ағылшын тіліне ауысқаныма өкінбеймін. Бұрын чехтармен оқыған кезімде орыстілді студенттер бөлек жүрдік. Олардың əзілдері біз үшін қызық емес еді. Бізді де аса түсіне қоймайтын. Сондықтан кішкене күйзеліс болды. Өзімді ыңғайсыз сезіндім. Топтағы жалғыз қазақпын əрі ең кішісі едім. Чехтар мектепті 13 жыл оқығаннан кейін, жиырма жаста бітіреді. Олар мені қатарына қосқысы келмейтіндей көрінді. Ағылшын тіліне ауысқанымда ол жақта қазақтар көп екен. Ресей, Грузия, Сирия, Франция, Испаниядан келген студенттерді көріп, өзімді «бөлек» сезіну ойынан арылдым. Əлемнің түкпір-түкпірінен келген студенттерді көріп, қуандым. Олар да ағылшын тілін жетік білмейтін. Біз тез тіл табысып кеттік.

Чехияда алатын шəкіртақысы теңгеге шаққанда 65 мың теңге екен. Əсел ақшаның еш уақытта артық болмайтынын айтып, күліп қойды.

– Сен көрген Чехия…

– Чехияда адамдар өте сыпайы, орынсыз сөйлемейді. Əрқашан амандасып, тіпті лифтіге кірген кезде алғаш көрген адамың болса да, амандасып, қоштасып жүреді. Үлкен-кіші бірін-бірі сыйлайды. Мен байқаған қарапайым жағдай: бір жерге барған кезде арт жағына қайырылып қарайды. Артында адам келе жатса, есікті ашып күтіп тұрады. Пойызға, метроға үлгермей қалып, жүгіріп келе жатқаныңызды көрсе, аяғымен есікті тіреп, тоқтатып тұрады. Осы қасиеттері қатты ұнады. Өзіңді қамқоры бар адамдай сезінесің.

– Студенттерге қандай жағдай жасалған?

– Студенттерге жұмыс пен оқуды қатар алып жүру оңай. Мысалы, бір жерге жұмысқа тұрсаңыз, жұмыс кестеңізді өзіңіздің бос уақытыңызға қарай ыңғайлап қойып аласыз. Университеттерде аптасына үш-төрт күн ғана оқисың. Бос уақыт көп. Бəрі жұмыс істейді. Айлық та жаман емес. Ай сайын ең аз дегенде 170 мың теңге аласың. Бірақ қарапайым үй немесе жатақхана табу өте қиын. Жатақхана көп болғанмен, студенттер одан да көп. Бəріне орын жоқ. Пəтер іздеу кейде қиынға соғады. Алдын ала риэлторға төлейсің, пəтердің ақшасы бар, қиындау болады.

Қазір Əсел үш бөлмелі пəтерді екі қазақ, бір өзбек қызымен бірге жалдап
тұрады екен. Бос уақытында ет асып, бауырсақ пісіріп, басқа да қазақстандық
студенттерді шақырып, əңгімелесіп, бас қосып тұратындарын айтты.

Көшеде қаңғырып жүрген ит-мысық көрмедім

– Чехтар спортты жақсы көреді. Бүкіл отбасымен велосипед айдайды. Жасы үлкен кісілер таңертең ерте тұрып жүгіреді. Жастар спорт орындарында көп жүреді. Үй жануарларына махаббаттары ерекше. Далада ит көрсе, сипап, мəз болып, жақсы көріп жатады. Көшеде қаңғырып жүрген ит-мысық көрмедім. Халқы өте көңілді келеді. Кемшіліктері де бар, əрине.

Мен сияқты шет елде оқығысы келетін балалар көп шығар. Оларға қолбайлау болатын ең басты кедергі қаражат жетіспеуі деп ойлаймын. Тегін оқитын болса да, тіл курсына, ұшаққа, визаға, бастапқыда күнделікті тұрмысқа қажет қаражат, қосымша шығындар біздің ел үшін қымбат. Екіншіден, бізде баланы өз бетімен шешім қабылдауға үйретпейді. Ата-ана бəрін қадағалап, бақылауында ұстап отырады. Бұл да баланың өздігімен өмір сүруіне кедергі келтіреді. Осы уақытқа дейін біраз адамды кездестірдім. Неше түрлі мінезді адамды да көрдім. Араластым. Бұрын өзіме ұнамайтын адамдарға жабық едім. Ал қазір оларды да түсініп көруге тырысатын болдым. Көп нəрсе үйрендім. Адам өзгеруге, кез келген нəрсені бар ынтасымен түсінуге тырысса, бəрі жақсы болады. Соған толығымен көзім жетті. «Ұланды» оқитын балаларға да осыны айтқым келеді.

– Əңгімеңе рақмет!

Əңгімелескен
Нарқыз ЕРЕС,
СДУ студенті.

Ұлан» газеті, №46
12 қараша 2019 жыл

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз