«Балдəурендіктер» – біздің ең жақын досымыз. «Балдəурен-Қапшағайда» танысқан балалармен əлі күнге дейін хат алмасып тұрамыз. Ал бір ай бұрын «Балдəурен – Бурабайға» шақырту алдық. Бірден жолға жиналдым. Сəкен
Сейфуллин жырлаған сексен көлдің сұлулығын көргім келді. Біз мінген «Тальго» жүрдек пойызы үш-ақ бекетке тоқтаса да, Бурабай курорты вокзалына қырық минутқа кешігіп келді. Бір сағат бұрын келіп алған Сəбит ағамен танысып, Щучинск қаласынан «Балдəуренге» тарттық. Жол бойы Щучинск қаласының тарихы мен тұрмыс-тіршілігін таныстырды. Бурабай ауданының орталығы
– Щучье қаласы. Қала 1939 жылы құрылған. Қырық бес мыңға жуық халық тұрады. Қала дегенде көз алдымызға биік көпқабатты үйлер мен əдемі ғимараттар келуші еді. Бұл жақта жер үй мен құлағалы тұрған ескі ғимараттар қала көркін көлегейлейтіні жасырын емес. Жылына мыңдаған турист басып өтетін аймаққа келіңкіремейді. Қала дегеніне онша сенбей отырғанымды байқаған Сəбит аға да тұрмыстарының жақсы екенін, керектінің бəрі табылатынын айтып жуып-шайды. Əңгіменің қызығына түсіп кеткеніміз сонша, қарағайлы орманнан шыққанымыз-
ды да аңғармай қалыппын. Орманның ішінде өкпе ауруына шалдыққан адамдарды емдейтін емхана бар екен. Қарағайдың сығындысы мен ауасы көп ауруға шипа екенін айтты. Жиырма минутта «Балдəуренге» де жеттік. Айнұр
апай қарсы алып, бөлмеге орналастырды. Балалармен жүздесу келесі күнге жоспарланған еді. Уақытты тиімді пайдаланып, 10-11-отрядтың балаларымен Бурабайға саяхаттадық. Жұмбақтастан Абылай хан алаңына дейін жаяулатып, аспалы көпірмен келдік.

Жол бойы балалармен танысып алдым. Жан-жақтан келген оқушылар бір үйдің
балаларындай тату-тəтті. «Ұланды» білетін балалардың бар екеніне қуандым. Менің телефонымның жақсы түсіретінін байқаған қыздар айналшықтап қасымнан
шықпады. Көңілдерін қимай фотограф болдым. Жарты сағаттың ішінде жүзге жуық фотоға түсіппіз. Балаларды бастап жүрген Сəкен аға да Жұмбақтас пен Оқжетпестің аңызын айтып берді. Арасындағы бірнеше рет келген балалар да білгенін айтып жатты.

Оқжетпес – етегінен шыңына де йін 300 метр болатын пирамида тəріздес жартас. Аңыз-əңгімелер өте көп. Атақты саяхатшы Шоқан Уəлиханов осы өлкеге байланысты аңыздың 15 түрін жинаған екен. Этнограф-ғалым жазбаша нұсқасын қалдырып кетті. Сонау шапқыншылық заманда тұтқынға түскен қалмақ қызы жартастан (ескі атауы Əулиекөл, қазір Қайранкөл) көлге секіріп кетеді. Сұлудың құлап түскен жерінен таңғажайып Жұмбақтас жартасы пайда болған. Адамша көлбеп жатқан үлкен тау «Жеке батыр» деп аталады. Денесі биік жота, дулыға киген таудай басы ап-анық алыстан көрінеді. Сақалы төсін жапқан, қырықтар шамасындағы ер адамның ұйықтап жатқан бейненің сұлбасы елестейді. Жұрт оны алыстан қызықтап тұрып, басындағы дулығасынан бастап, анау – ай маңдайы, мынау – қалың қабағы, қыр мұрны, ерні, иегі мен сақалы, – деп, батыр бейнесіндегі тау мүшелерін санап тұрдық. Табиғат ананың төл тумасына таңғалмасқа шара жоқ.

Сексен көл сылаңдаған сұлу өлкеде мыңға жуық ірілі-ұсақты көл бар екен. Ең тереңі – Шортанкөл. Ұзындығы жеті шақырымнан, көлденеңі төрт шақырымнан асатын əсем көлдің кей тұсының тереңдігі 45 метрге жетеді, орташа тереңдігі 15 метрге тең. Аты айтып тұрғандай, шортан өте көп болған. Ерекше көптігімен жəне ірілігімен тұрғындардың есінде. Тіпті көлге шомылған адамға шабатын күші болыпты. Көлдің теріскей-батысын тұтас Шортан тауы алып жатыр. «Қазақтың Швейцариясы» атанған өлкеден кеш қарая жатақханамызға қайттық. Ертең бізді үлкен іс-шара күтіп тұр еді.

«Балдəуреннің» əнұранын кім жазды?

«Балдəурен-Бурабай» оқу-сауықтыру орталығы 14-ауысымына жас əдебиетшілер мен ақындарды жинады. Мерекелік маусымда Көкше өңірінің белгілі ақыны, жазушы-журналист Төлеген ата Қажыбаймен кездесу өтті.
«Балдəурендіктердің» əнұранын жазған. «Біз сұлумыз балдаймыз, Балдəуренді таңдаймыз» деп əндететін өлең жолдарының авторы. Жетпістің жетеуіне келсе де, үш жүз баламен жүздесіп, сұрақтарына жауап берді. Төлеген ата – көрнекті
ақын Жақан Сыздықовтың немере інісі. Жақан мен Қажыбай – ағалы-інілі
бауырлар. Атасы Сыздық Көкше – Зеренді – Айыртау өңірінде белгілі болған, кезінде болыстық қызмет атқарған ел жадындағы қадірлі ақсақал. Əкесі соғысқа кеткенде іште қалған үш айлық бала болса, туысымен қан майданнан қаралы қағаз келеді. Ал шешесі Жəнипа Дəулетбайқызы Абылайдың ақылман серіктерінің бірі Қарауыл Қанай бидің əулетінен шық қан. «Ұланнан» екенімді айтқанда, «Қазақстан пионері» ме?» – деп сұраулы жүзбен қарады. Балаларға айтар əңгімесін де «Ұланнан» бастады.

– Бала күнімде əдебиет пен тарих сабағын жақсы көрдім. Химия мен физика миыма кірмей қойды. Математикадан беретін апайдың айтып тұрған есебін жаза алмайтын едім. Бір күні қазақ тілі мен əдебиеті сабағынан беретін апайым Ажар Жəкенова «Қазақстан пионері» газетін алып келді.

Сыныптастарымның алдында мені тұрғызып: «Төлегеннің үш шумақ өлеңі республикалық газетке шығыпты. Жазу-сызуға қызығатын бала екені көрініп
тұр», – деп арқамнан қағып, риза болды. Ол кезде хатың жарамсыз болса, ақыл-кеңеске толы жауап келетін. Мен «бір қайнауы ішінде» деген хат алып көрмеппін. Қазір ойласам, жарамды материал ғана жіберіппін ғой. Газеттің қалай шығатынын ойлаушы едік. Бір шығармамыз шықса мəз болатынбыз. Ұстаздарымыз да ынталандырып, қатарластарымызға үлгі ететін. Қолымыздан жақсы оқу ғана келетін. Қазіргідей технологияның заманы емес. Бос уақытымыз кітап оқумен өтетін. Оқыған кітаптарымызды талдап, бір-бірімізбен алмастырушы едік, – дейді алыста қалған балалық шағын еске алып. – Иə, біздің ұрпаққа ХХ-ХХІ ғасырлардың жолайрығы тұсында өмір сүруге тура келді. Мен үшін өткен ғасырдың басты жақсылығы – бүгінгі күн. Сендермен тірідей қауышып отырмын. Қазір ауылда жер жыртып, мал баққан бір де бір құрдасым жоқ, бəрі о дүниелік болды. Мен аудан орталығындағы балалар үйіне қабылданып, көп азаптан аман қалдым. Тойып тамақ ішпесек те, оқуға құштар болдық. Ер жетіп, білім алуға талпындық. Алматыда оқуымды аяқтап, туған жеріме келдім. Жазу саласында еңбек еттім. Бірнеше кітабым шықты. Драматургиямен айналыстым. Өздерің айтып жүрген «Балдəурен» əнін шығардым. Əуенін Моңғолиядан келген ақын інім жазды. «Балдəурені» бар балалар бақытты, – деп сөзін аяқтады.

P.S. Бір сағаттық кездесудегі Төлеген атаның сөзін ықшамдап бердік. Туған өлкесінің айнасына айналған аңыз адамның сөзі көп балаға ой салды. Кеш соңында балалар қолтаңба алып, фотоға түсу үшін кезекке тұрғанын көрдім.
Кетерінде шығармашылыққа жол салған бала күнгі басылымын қолына ұстай кетті.

Дайындаған Гүлдана НҰРЛЫХАНОВА

Ұлан» газеті, №46
12 қараша 2019 жыл

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз