КСРО-ның тарағанына 30 жылға жуықтаса да, осы одақты қимайтын, әртүрлі жолмен біріктіруді көздейтіндер жетіп артылады. Әсіресе, осы одақтың заңды мұрагері саналатын Ресей Федерациясы тарапынан көптеген ұсыныс айтылады. Жақында Ресейдің спорт министрлігі жаңа заң жобасын дайындады.

Аталған заңға сәйкес, алдағы жылдан бастап Еуразиялық экономикалық одаққа кіретін елдердің спортшылары Ресейдің командалық спорт түрлері чемпионатында легионер болып саналмайды. Мұның алдында Беларусь спортшыларына осындай жеңілдік жасаған. Жаңа заң жобасына сәйкес, ЕЭО құрамына кіретін елдердің спортшылары Ресейдің футбол, хоккей, баскетбол, гандбол, су добы және көгалдағы хоккей сайыстарында емін-еркін ойнай алады. Футболдан Ресей премьер-лигасында «6+5» деген шектеу бар. Қазақстанмен бірдей. Яғни, алаңға бір мезетте 6 легионер ғана шығады. Құрлық хоккей лигасында (ҚХЛ) Ресей клубтары шетелдік 5 ойыншыны ғана тіркей алады.

Баскетболдан ВТБ бірыңғай лигасында 6 легионерді тіркеуге рұқсат етілген. Еуразиялық экономикалық одақ 2015 жылдың 1 қаңтарында құрылған. Осы күні Ресей, Армения, Беларусь, Қазақстан мен Қырғызстан мүшелікке өтіп үлгерген. Жалпы, Ресей чемпионатында ТМД елдерінің ойыншылары легионер саналмау керек деген ұсыныс біраздан бері айтылып жүр. Бұл заң күшіне енген күннің өзінде қазақ пен қырғыздан спортшылар Ресей чемпионатына топырлап кете қоймас. Ал егер, керісінше, осындай заң біздің елде қабылданатын болса, онда қазақ футболшыларына қиын болары анық.

Қазіргі кезде Еуразиялық экономикалық одақ елдерінен Ресейде бар-жоғы 11 футболшы ойнайды екен. Оның екеуі жастар біріншілігінде жүр.

Беларусь елінен 7 ойыншы: Дмитрий Прищепа («Зенит», 18 жаста, жастар біріншілігінде 2 ойын); Владимир Медведь («Ростов», 20 жаста, жастар біріншілігінде 13 ойында 3 гол); Максим Володько («Арсенал», 26 жаста, РПЛ-да 1 ойын); Денис Поляков («Урал», 28 жаста, РПЛ-да 11 ойын); Андрей Климович («Оренбург», 31 жаста, РПЛ-да 8 ойын); Михаил Сиваков («Оренбург», 31 жаста, РПЛ-да 12 ойын); Александр Мартынович («Краснодар», 32 жаста, РПЛ-да 11 ойын).

Армениядан 2 ойыншы: ВараздатАроян («Урал», 27 жаста, РПЛ-да 14 ойын); Александр Карапетян («Сочи», 31 жаста, РПЛ-да 11 ойын 2 гол).

Қазақстаннан 2 ойыншы: Бақтиер Зайнутдинов («Ростов», 21 жаста, РПЛ-да 4 ойында 1 гол); Акмаль Бахтияров («Сочи», 21 жаста, РПЛ-да 1 ойын).

Беларусь футболшыларына қатысты лимитті былтырғы жылы алып тастады. Соның өзінде жазда жалғыз қақпашы Климович барды. Ал бізден дәл қазір Ресей чемпионатында ойнай қоюуға дайын футболшы тым аз.Тіпті, өзіміздің ішкі чемпионатта легионерлерге бәсекелес бола алмай жүргенін ескерсек, бұл заңнан Қазақстан футболшыларына аса қатты пайда бола қоймас. Есесіне, осыған жауап ретінде мұндай кеңдікті Қазақстан тарапы жасаса, көрші елдерден ағылатын ойыншы көбейетіні сөзсіз.

Кезінде қазақстандық төлқұжатпен Ресей чемпионатында өнер көрсеткен «Оқжетпес» командасының бас бапкері Андрей Карпович бұған қатысты былай дейді: «Мұның белгілі бір деңгейде пайдасы бар. Біздің ойыншылар ресейлік ойыншылардың деңгейіне жетуге тырысады. Ресей осы заңды қабылдауға дайын деп естідім. Ал енді дәл осының көшірмесі біздің елде қолданысқа енгізіле ме? Әзірге жоқ секілді. Сондықтан дәл қазір қазақстандық ойыншылардың Ресей чемпионатындағы болашағына қатысты ғана ой таластыра аламыз. Меніңше, қазақстандық футболшылардың өздерін жетілдіруге серпін береді деп сенемін. Оларға Ресей чемпионатында легионерлермен бәсекелес болғаннан жергілікті ойыншылар негізгі құрамда ойнауға таласу жеңіл болары сөзсіз. Ахмаль Бахтияров пен Бақтиер Зайнутдиновтан кейін тағы бірнеше отандасымыз Ресей чемпионатына барады деп ойлаймын. Маған жастардан Нұрәлі Әліп пен Айбол Әбікен ұнайды. Олардың болашағынан үміт күтуге болады. Екеуі де Ресей чемпионатында ойнап кете алады».

Қырғызстан құрамасының капитаны Валерий Кичин бұл заң жобасы қырғыз футболшыларына да пайдалы деп санайды. «Мұндай бастама Қырғызстан футболына ғана емес, жалпы Еуразиялық экономикалық одақ елдерінің бәріне септігін тигізеді деп санаймын. Біздің елде дәл қазір Ресей чемпионатының көркін қыздыруға Павел Матяш, Қайрат Жырғалбекұлы, Фархад Мұсабеков дайын. Көптеген ойыншының Ресейдің бірінші лигасында ойнауға шамасы жетеді. Осындай жол ашылып жатқанына қуаныштымын», – дейді Валерий Кичин.

Бек ТӨЛЕУОВ

Ұлан» газеті, №46
12 қараша 2019 жыл

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз