Кілең шоқпар жиғаны,
Інім менің «батыр-ақ».
Бірде мені қинады:
– Ойнайық, – деп, – шахмат.

Көргенім жоқ жеңіліп,
Шыққан кезде жекпе-жек.
Ойлануға ерініп
Отырмаймын текке деп.

Жүрді дағы ойланбай,
Алды інім мат енді.
Дедім оған жайраңдай:
– Ұқтың ба сен қатеңді?

Деді ренжіп ол сонда:
– Айтқан жерге қоймайсың.
Менен үлкен болсаң да,
Оң қолыңмен ойнайсың!

Сырың мәлім сенің де,
Сол қолыңмен ойнап көр.
Тастарыңды өлімге
Де одан да байлап бер.

Жүрді дағы ойланбай
Інім алды мат енді.
Дедім оған жайраңдай:
– Ұқтың ба сен қатеңді.

Ыза боп ол бақырды.
– Қой, жылама, ақымақ.
Керек етер ақылды
Үлкен өнер шахмат.

Шоқпар жиған оңбайды,
Ұрма жұртты таспенен.
Шахматты ойнайды,
Қолмен емес, баспенен!

МАРАЛДЫҢ ӘНІ

Мен Маралмын, Маралмын,
Тоты құстай тарандым.
Өлең жаттап,
Ән салып,
Ерекше боп жаралдым.

Қыдырғанды сүйемін,
Қызыл-жасыл киемін.
Екі қарыс бойым бар
Өркешіндей түйенің.

Қырағы көз,
Құлағым,
Дайын тұрар сұрағым.
Айтатынын апамның
Іштей біліп тұрамын.

Жазда ауылға барамын,
Ойнап асыр саламын.
Әжем мені қарсы алар:
«Келдің бе,– деп,– қарағым?»

Туған жерім – байтағым,
Аунап-қунап қайтамын.
Әжем менен атама
Былай өлең айтамын:

«Ата, сені сағындым,
Әже, сені сағындым.
Өшірмейтін атыңды
Жарқын болашағыңмын!»

«Балдырған» журналы, №10
Қазан, 2019

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз