Екі жыл бұрын Аружан есімді қызбен таныстым. Оны алғаш Сұлтан-Ахмет
Қожықовтың 95 жылдық мерейтойы аясында өткізілген іс-шараның дайындығында көрдім. Аружан сол жерде «Гəккуді» шырқаған еді. Арада екі жыл өтсе де сол əн, сол əуен жүрегімде əлі сақтаулы. Аружанның жақсы əнші болатынын сол кезде түсінген едім. Жақында Алматы қаласындағы Республика сарайында «Бала дауысы» республикалық байқауы өтті. Бұл байқауға Аружан да қатысып, жүлделі орын алды. Араға екі жыл уақыт салып, Аружанмен қайта кездестік. Аружанның əңгімесін «Ұланның» оқырманына ұсынып отырмын.

Алғашында ата-анам вокалға барғанымды қаламады

– Сəлем, Аружан, жеңісің құтты болсын! Алдымен өзің туралы айтып берсең…

– Менің аты-жөнім – Рахманəлі Аружан Нұржанқызы. 2006 жылы 7 қарашада Алматы қаласында дүниеге келдім. С.А.Қожықов атындағы №39 лицейдің 7-сынып оқушысымын. Үйдің тұңғышымын, артымнан ерген екі сіңлім бар.

– Өнерге қашан, қалай келдің? Сахнаға шығуыңа не түрткі болды?

– Вокалдан беретін ұстазым Бибігүл Қырықбаева екінші сыныпта оқып жүргенде
оқушыларға кез келген əнді дайындап келуді тапсырды. Мен Айқын Төлепбергеннің «Алтыным» деген əнін орындадым. Ұстазым даусыма тəнті болып: «Дауысың керемет, саған вокалға барып, дайындалу қажет», – деді. Анама айтып едім, алғашында мені қолдамады. Үйдегі басқа балалардың да дауысы сондай екенін айтып, аса мəн бере қоймады. Келесі күні ұстазыма болған мəн-жағдайды түсіндіріп едім, кешкісін қоңырау шалып, анамды көндірді. Вокалға барып жүргеніме бір ай болғанда Шəмші əндерінің байқауы болды. Қатысқым келді. Бұл кезде де анам вокалға барғаныма аз уақыт болғанын айтты. Сонда да байқауға қатысып, бағымды сынап көрмек болдым. Роза Бағланова орындаған «Ақ сұңқарым» əнін шырқадым. Күтпеген жерден бас жүлдені қанжығаға байладым. Осыдан кейін үйдегілер маған қолдау білдіретін болды. Осының бəріне бастама болған ұстазыма алғысым шексіз.

– Қандай байқауларға қатыстың?

– «Көктем гүлі – əз Наурыз» байқауында вокал номинациясы бойынша бас жүлде, Республикалық «Менің Қазақстаным» атты Шəмші Қалдаяқов əндерінің байқауында Эстрадалық вокал номинациясы бойынша бас жүлде, «Нұрлы жастар – Болашаққа жол бастар» атты байқауда бас жүлде, «Аялы маған алақаны ананың» атты байқауда Хореография номинациясы бойынша бас жүлде, «Бірлігіміз жарасқан 20 жыл» байқауында Эстрадалық вокал номинациясы бойынша бас жүлде, «Мəңгілік ел Қазақстаным!» атты байқауда да бас жүлде иегері атандым.

– Бəрекелді! Жарысқа барсаң тек бас бəйгені еншілейді екенсің. Ал «Бала
дауысы» республикалық байқауы қалай өтті?

– Қазір қала іргесіндегі Алмалыбақ елді мекенінен Алматыға қатынап оқып жүрмін. Алматы облысына қарайтындықтан, байқаудың облыстық кезеңінің іріктеуіне Талдықорған қаласына бардым. Өнерлі жастар өте көп болды. Таңғы 9-дан кешкі 9-ға дейін іріктеу кезеңі өтті. Облыстық кезеңде Роза Рымбаеваның орындауындағы «Əлия» əнін, Полина Гагаринаның «Колыбельная» əнін, Адельдің Rolling in the deep əндерін шырқадым. Марсель менің даусыма қатты қызықты, республикалық кезеңге өткенде тəлімгерім болды. Республикалық кезеңге қызу дайындық 16 қазаннан басталды. Басқа қатысушылармен жақын араласып, жақсы достар таптым. Республикалық кезеңнен соң достарыммен қоштасатынымды біліп, қимай жылап алдым. Достарымды ұмытпай, болашақта араласып тұрғым келеді. Республикалық кезеңде «Аманат» əнін орындадым. Əннің сөзін Мархаба Сəби, əнін Шоқан Уəлихан жазған.

– Оқуға қаншалықты көңіл бөлесің? Алдағы жоспарың қандай?

– Қазір сабағыма қарап, оқуға мəн бергім келеді. Оқу үздігі болған соң осы атқа сай болу керек, сабаққа жүйелі дайындалу керек. Егер байқауларға қатысуға ұсыныс түсіп жатса, қуана-қуана қатысамын.

Баланы технология тәрбиелемесе екен…

– Тіл үйрену маңызды деп ойлайсың ба? Басқа тілдегі əндердің сөзін жаттау қиынға соқпай ма?

– Мен қазақ, орыс, украин, ағылшын тілдерінде еркін əн айта аламын. Димаш ағамыз секілді түрлі тілді меңгеріп, қазақ сахнасымен шектеліп қалмай, əлемдік сахнаға шыққым келеді. Қадыр Мырза Əли атамыз «Өзге тілдің бəрін біл, өз тіліңді құрметте» деп айтқандай, шет тілін меңгеруге құлшынысым жоғары.

– Болашақта қандай маман иесі болғың келеді?

– «Бала дауысына» қатыспай тұрып өз бизнесімді ашқым келетін, ал осы байқаудан соң ойым өзгерген секілді. Өнер саласына толығымен бет бұрсам деп жүрмін. Оны уақыт көрсетеді.

– Жастардың шетелге еліктеуі музыка əлемінде де байқалады. Бұл үрдіске қалай қарайсың?

– Шынымды айтсам, өзім дəстүрлі əндерді орындағанды жəне тыңдағанды ұнатамын. «Көзіңнің мөлдірін-ай», «Бір бала», «Гəкку», Шəмшінің əндерін айтқанды жақсы көремін. Сəбиді ұлттық музыкаға өмірге келген сəтінен бастап тəрбиелеу керек деп ойлаймын. Қазір технология дамыған заманда электрон бесік пайда болды. Менің ойымша, жанды дауыста айтылған əн ғана адамның бойына сіңеді, музыкалық мəдениетін қалыптастырады. Сондықтан электрон бесік емес, анасының əлдиін тыңдап өскен бала жақсы болады деп ойлаймын. Бала жыласа, қолына телефон ұстата салатын болдық. Баланың мəдениетін телефон емес, ата-анасы қалыптастырса мұндай болмас еді деген ойдамын.

– Уақытыңды бөліп, əңгімелескеніңе көп рақмет!

Əңгімелескен
Айсұлу СЬЕЗХАН,
Абай атындағы орта
мектеп-гимназияның
11-сынып оқушысы.
Қаскелең қаласы,
Алматы облысы

Ұлан» газеті, №45
5 қараша 2019 жыл

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз