Шәріп ауылда жатып алып бұрқыратып жазғанды жаны сүйеді. Күн сайын сөреде тұрған «Біздің көше кең», «Токқа түссең күйесің», «Қос дөңгелек, бір педаль» атты кітаптарына қарап көңілі өсіп, сүйсініп қояды. Қолына қаламын ұстап, бойын шабыт кернеп кеткен кезде бүкіл дүниеден баз кешіп, қатын бала-шағасын шықпыртып бөлмеден қуып шығады. Сонау 1958 жылы салған ескі тамның іші қайбір кең дейсің. Айналдырған төрт бөлме. Кейіпкеріміз ортаншы баласы Николай мен кішісі Қайырғали жататын шеткі бөлмені меншіктеп, өзінің кабинетіне айналдырып алған. Шәріптің шабыты қысқан күні екі ұлы мөлтеңдеп ауызғы үйді паналап жүреді. Шәрекең әппақ пердені терезенің бір қапталына қарай ысырып, үстел үстін мұқият жинап, артық-ауыс заттың бәрін бір бұрышқа жиып-теріп, айналасын мұнтаздай етіп қояды. «Жазушының жаны қандай кіршіксіз болса, жан-жағы да соншалықты таза болғаны жақсы» деп қатын бала-шағасының миына құйып қойған. Кабинетін көңілдегідей етіп жасақтағаннан кейін қағазын жайып жіберіп сойдақтата жазуға кіріседі. Мұрнының үсті терлеп, көзі жасаурап, саусағынан әл кетіп, бір жазғаннан тынбай отырып үш сағат жазады. «Осылай еңбек еткенде ғана жазу өнімді бола түседі» дейтін кешкілік құрдастарымен бақтағы жалғыз алма ағашының түбінде әңгіме-дүкен құрып отырып. Үш сағаттан соң аяғын сырп-сырп басып келіншегі Жұмагүл тақап келіп, есікті тықылдатады.

– Отағасы, ас ішіп аласыз ба?

– Мен саған есікті ұрма деп қашанғы айтамын! Тамақты терезеден әкел!

Жұмагүл «Шәріп десе Шәріп екенсің» деп іштей ашуланып, тауықтың сорпасы мен екі нан, бір салаты бар подносын көтерген күйі үйді айналып, мұның терезесінің тұсына таяп келеді.

– Балаларға айтып, подносты үстелге бір-ақ жеткізсеңдер қайтеді осы? – деп Шәріп тағы шақарланады.

– Ойбай-ау, Никон да, Қайрош та сабақта ғой, – дейді Жұмагүл көзін адырайтып, – жазу, жазу деп шөп басын сындырмайсың, – деп сөз аяғын күмілжітіп бұрқ ете қалады.

Шәріп тамағын жалап-жұқтап ішіп алған соң, тағы да бұрқыратып жазуға кіріседі. Қазір бұрынғыдай оқушы дәптеріне емес, А4 форматтағы ақ қағазға сүйкейтін болған. Бұл ауылда ол қағаз да тапшы. Абырой болғанда, Шымкенттегі мемлекеттік университетте тарих пәнінің мұғалімі мамандығын бітіріп, қазір мектепте технология мен валеологиядан сабақ беріп жүрген әйелі Жұмагүл тықпыштап жүріп бұған ақ қағаз тасиды. Ондай қағаз мектеп бойынша тек директор мен завучтың бөлмесінде ғана. Ебін тауып елпілдеп жүріп, бірде көрсетіп, бірде бой тасалап, әйтеуір ақ тер, көк терге түсіп апта сайын бума-бума ақ қағазды алып тайып тұрады. Бір жолы директор Сабырәлі осыны байқап қалып қатты ашуланды.

 

– Қабылдау бөлмесіндегі қағаздарға жау тие ме осы? Неге өзінен өзі жоғала береді? – деді педсоветте үстелді тоқпақтап.

Ортаңғы қатарда отырған Жұмагүлдің жүрегі зырқ етсін.

– Ашуыма тимеңдер! Ертеңнен бастап камера қойдыртамын, – деп тепсінді сабырсыз Сабырәлі.

Содан бері Жұмагүлден маза кетіп, көңілі алаңға толса да қашып-пысып қабылдау бөлмесіне баруын қоймады. Әуелі бұрыш-бұрышты асығыс шолып алады. Сосын қолын сумаңдатып ақ қағаздарды білдіртпей сөмкесіне салады. Мектептің мүлкіне қол сұғып жатырмын-ау деп ойлаған сайын дегбірі қашып, аяқ-қолы қалтырап әрең шығатын.

Оның осыншама сынақтың ортасынан жол тауып, бұған қағаз тасып жүргенін білсе де Шәріп тым жайбарақат.

– Саспа, қатын! Сен ұрлық жасап жүрген жоқсың! Сен руханиятқа қызмет етіп жүрсің, – дейді шәй үстінде дар-дар етіп.

– Руханиятыңды қайдам… ұрлық үстінде ұсталып қап, жұмыстан шығып кетпесек болды, – дейді Жұмагүл сылпылдатып шәйін ішіп отырып.

– Жазғандарым бір кітапқа таяп қалды. Жұмыстан шықсаң мен асыраймын, – дейді Шәріп танауын көтеріп.

Осы кезде мінез-құлқы есім-сойымен үйлесе қоймайтын ортаншы ұлы Николай ентігіп үйге кіріп келсін. Бұлар ошарыла қарағанша болған жоқ:

– Сұрап жатыр! – деді екі қолын екі тізесіне қойып бүктетілген күйі.

– Сәлима ма? – деді Жұмагүлдің түрі бұзылып.

– Иә!

– Айттым ғой… былтыр алған екі жілік еттің ақшасын әлі бере алмай жүрісіміз мынау. Шығар ал кітабыңды, – деген сосын күйеуіне қарап. – Кітаппен ақша табамын деген ақымақ жоқ шығар мына заманда.

Шәріп осындай әңгіме айтыла бастағаннан-ақ кесесін алақанымен жауып, ышқырын бір тартып қойып, сыртқа беттейді.

Әйткенмен үстел мен ақ қағазға төне түсіп, тынымсыз жазуын доғарған жоқ. Күндіз-түнге қарамай төпелейді. Қаламсабының сиясы таусылып, біраз күннен бері балалардың кеңсе заттарына ауыз салған. Жазушы әкелерінің мінезінен хабардар Николай мен Қайырғали бұл «қылмысқа» аса бей-жай қарап, үн шығармайды.

Шәріп соңғы уақытта салт-дәстүр, туған өлкенің тарихы, адам санасының жаңғыруы секілді аса ауыр әрі маңызды тақырыптарға қалам тербей бастаған.

Бір апта өтті-ау дегенде су жаңа шығармасын конвертке баппен салып, хаттың жиегін тілімен ары-бері жалап тастай қылды да аудандық газетке аттандырып салды. Байқожа Қожабаев басқаратын басылым мұның меселін қайтармай, ертеңіне-ақ жарқ еткізген. Атын атап,  абыройын асырып, мақтау сөз де жазыпты. Кешкі шәй үстінде Шәкең мәртебелі дикциямен дауыстай оқып, отбасы мүшелері жаппай қол шапалақтап, өздерінше мәз-мейрам болды да қалды.

Арада екі апта өткенде Шәкең келесі туындысын облыстық газеттің мекен-жайына қарай жолдап жіберді. Олар аудандық басылым сияқты тым мырзакөңіл емес екен. Қайта-қайта телефон шалдыртып, сұратып жүріп екі-үш ай дегенде әрең басты. Бірақ бас редакторы сондай қатқыл пенде емес сияқты.

– Шәке, оқырман көп. Оқырман көп болған соң жазатындар да көп. Сіз секілді қаламгердің белсенділігі бізді қуантады, – деп мұны өзінше демеп қойған болады.

Сынағысы келді ме, әлде мақтайын деді ме, Шәріп ол жағын аса ажырата алған жоқ. Ажыратуға тырыспады да. Ең бастысы облыстық газетке түрен салғанын аса тарихи жағдайға балап, тынысы кеңіген.

Жазудан аздап сергиін деп, бой жазбаққа сыртқа беттесе болды құдайы көршілері Таңқау мен Дәріп кездесе кетеді.

– Не істеп жүрсің? – дейді Таңқау мұны бірінші рет көріп тұрғандай таңырқап.

– Бой жазып… сергіп…

– Әшейінде үйден шықпаушы едің…

– Жазушылық – серуендеуді, сергуді, бой жазуды талап етеді. Онсыз жұмыс өне ме? – дейді Таңқауға қарап танауын көтеріп.

Үшеуі бас қосса болды бір-бір саптыаяқ алады. «Сыр айтқанда болады сыра тәтті» деп Шәріп мақалдатып, жазушылық мақамына салып әңгімесін бастайды.

– Осы сен не жазасың? – дейді көршісі.

Шәріп құтыдан ұрттап, тұщынып отырып, сәл үнсіз қалған соң барып:

– Проза, – дейді маңғаз дауыспен.

– Әх-әх, менің қатынымның атына ұқсайды, әх-әх, – деп күледі Таңқау езуі көбіктеніп.

– Сенің қатыныңның аты кім еді?

– Көрші болып тұрып менің қатынымды білмейсің бе? – деп Таңқау әлдеқандай болсын.

– Білем ғой.. есіме түспей қалды…

– Ұят қой… көрші тұрып қатынымның атын білмейсің…

– Айтшы енді… құдды Ерке Есмаханның байы сияқты кергідің ғой?

– Аты… Пәтима ғой…

– Проза мен Пәтиманың қай жері ұқсап тұр, Таңқау көке? – дейді үндемес Дәріп көзін дөңгелетіп.

– Екеуі де П-дан басталмай ма? – деп Таңқау екі көршісіне кезек-кезек қарайды.

Ондай кезде Шәріп «Сендер тым арзан әңгіме соғасыңдар. Маған әдеби орта керек, ренжімеңдер» орнынан кілт көтеріліп, кете барады.

– Әй, менің балам да бірдеңе шимайлайды. Соған барсаңшы, – деп Таңқау мұның артынан тарқылдай күледі.

Шәріп кезекті рет Николай мен Қайырғалидің бөлмесін тартып алған күні тағы бір тың шығармасын дүниеге әкелді. Бұл жолы тез жазылды. Тілі мен стиліне, жанрына өз көңілі қатты толып, қайталап оқып, әлсін-әлсін толқып кетеді. Сөйтіп, «Шыбындар патшалығы» атты шағын хикаятты аудан мен облыс газетіне жіберуге обалсынып, республикалық газетке бір-ақ жолдаған. Жібергеніне он күн өтсе де аптасына үш рет шығатын газеттен хабар бола қоймады. Үйге газет келген сайын ашқарақтана ақтарып, әр мақала, әр әңгіме, әр тақырыпқа қадала қарап, өз шығармасын, өз аты-жөнін іздейді. Жоқ. Тағы да он күн сырғып өтті. Газетті күткеннен бе, ештеңе жазып та жарытпады. Жұмагүлдің де жаны тыншыған. Мектептен ақ қағаз тасып әуре болмайды.

Екі ұлы да өз қаламсаптары мен бөлмесін қайтарып алып, еркінсіп қалды. Отбасына еркіндік сыйлағалы тағы он күн сырғып өтіп, ай алмасқан. Газет ләм-мим демеді. Басқа авторлардың шығармалары күн аралатып шығып жатыр, шығып жатыр. Осыдан соң Шәріп өкінуін доғарып, ойлана бастады. Бұған терең астармен қарау керек деп түйсінді. «Олар менің шығармамды ұстаздар мерекесіне орай шығарғалы жатқан ғой. Әдейі соған сақтап отыр. Міне, жазушыны бағалау деген осы. Әшейін, маңызы жоқ күні шығара салса не болғаны» деп ойланды ол. Сөйтіп жүргенде мұның шығармасы мұғалімдер мейрамына жетпей-ақ, қыркүйектің жиырма сегізінде жарқ еткен. Қуануын қуанса да өңі айналып, тақырыбы ауысып, сюжеттері қырқылып, қырық жамау болған шығармасын көріп Шәріп кәдімгідей құлазып қалды. Салып ұрып телефон соғып еді, тұтқаны Құдай оңдағанда әдеби редактор көтере қалғаны.

– Бауырым-ау, мен секілді білдей жазушының шығармасын көк ала қойдай етіпсің ғой?

– Ойбай, көке, сіз әп-әйдік адамсыз ба? Мен мектеп оқушысы ма десем…

– Қайдағы оқушы? Өзіндік жазу өрнегім қалыптасқан, жұрт мойындап жүрген Шәріп Тауасқанов деген менмін…

– Ә, Шәке… енді… шығармаңыз жап-жақсы екен. Жұп-жұмыр!

Мына сөзге Шәкең алақтап, қуанып қалды. Иә, «себебі енді…» деп қостай кеткелі жатыр еді, арғы жақтағы жап-жас дауыс иесі бұдан бұрын сөйлеп үлгерді.

– Дегенмен әлі де пісу керек. Жетілу керек. Онсыз болмайды. Болашағыңыз зор қалайда, – деп сөзбұйдаға салып қоя салған.

Қызық болғанда шығармасының соңын оқымапты.

«Жетіген» ауылынан хат жолдаған Шәріп есімді оқырманымыздың шығармасы көркемдік тұрғыдан әлсіз, әлі де өсуді, жетілуді талап етеді. Мұндай шалажансар шығарма оқырманға ой салмайды. Керісінше, оқырманды қашырады. «Әдеби сын» айдарымен алдағы уақытта осындай шығармаларды өз тарапымыздан өңдеп, ұсынып отырамыз. Бұл біздің жазушылықтан үмітті жазармандарымызға үлкен көмек болары сөзсіз» деп бір-ақ қайырыпты. Жазушымыз ызаланып, ашудан жарыла жаздаған. Сөйтсе бұған жасалған соққы мұнымен де бітпепті. Қырсыққанда осы газетке Таңқаудың тоғызыншыда оқитын баласы да шығарма жолдапты. Редакция оған да осындай сын жазған. Кезекті бір жолыққанында Таңқау: «Балам екеуің оңбай сөз естіпсіңдер ғой» деп езуі көбіктеніп ырқ-ырқ еткен. Үйге келсе Жұмагүл күлген. «Балаңмен жасты баламен бірге қосылып сөгіс алып, «Жетігеннің» абыройын төктіңдер-ау» деп.

Бірақ мұндай сынға морт сынатын Шәріп пе? Қатынын бір сабап алып, әдебиет пәні кітаптарындағы теориялар мен әңгімелерді тағы бір қайыра оқып шықты да, келесі туындысын жазуға кірісіп кетті. Бұл жолы көңілі кәдімгідей мерейленіп, мейманасы тасып отырып жазды. Қаламынан маржандай сөз төгіліп, оқиға желісі де күтпеген бұрылыстарымен автордың өзін тәнті қылып, шытырман оқиғалы хикаяты бас-аяғы жеті күн ішінде әзір болған. «Темірді қызған кезінде соқ» деді де, сиясы кеппеген шығармасын республикалық басылым жариялаған бәйгеге қосты да жіберді. Қызық болғанда, арада жиырма күн өткенде білдей басылымнан шақырту келіпті. Кешкілік Таңқау мен Дәріпті, Николай мен Қайырғалиді, қатынын, көшеден жолай өтіп бара жатқан тағы бірді-екілі адамды жинап алып оқып берді.

«Құрметті, Шәріп Тасығанұлы! Сіздің шығармаңыз «Көк алма» республикалық әдеби байқауы қазылар алқасының көңілінен шықты. Қоғамдағы аса маңызды мәселені қозғапсыз. Қордаланған түйткілді жағдайға көркемдік реңк беріп, кейіпкерлердің көзқарасы арқылы ерекше жеткізе білгенсіз. Мұндай шеберлік, мұндай көркемдік шешім сөзсіз, біздің әдебиеттің жемісі болмақ. Сондықтан қазылар алқасы сізге жүлделі орындардың бірін табыстайтын болып шешті. Ол үшін Алматы қаласында өтетін салтанатты марапаттау рәсіміне шақырамыз!»

Мына жаңалық арада бес минут өтпей-ақ «Жетіген» ауылының бүкіл үйіне, ойы мен қырына, түкпір-түкпіріне тарады да кетті. Таңқау мен Дәріп «жетістікті өзіміз-ақ жуып берейік» деп Сәлиманың дүкеніне қарай томпаңдаған. «Жұртқа жеккөрінішті болып мектептен қағаз тасыған еңбегім зая кетпепті-ау» деп Жұмагүл жанарына келген жасты орамалының ұшымен іркіп, қуаныштан мұрнын пышылдатып тарта берген. Тіпті ауыл әкімі Сиырбай Суалғановтың өзі құттықтап кіріп шығып, ауыл даңқын асырғаны үшін сыйақы беретінін айтып қуантып кетті. Ұзамай мектеп директоры Сабырәлі Жылқыбайұлы да жетті алып-ұшып. «Ауылымыздан сіз секілді қабырғалы қаламгердің шыққаны бізді қуанышқа бөлейді. Кітаптарыңызды оқушыларымызға оқытамыз» деп желпінді. Оқушыларға матаға гүл тігуді, шыбықтан кәрзеңке жасауды үйрететін қатыны Жұмагүлді де біраз мақтап қойды. «Былтыр мұғалім көбейіп, сағат бере алмай қалдық. Енді сағатын арттырамыз. Мұндай мамандар бізге керек» деді қипақтап. Әйтеуір, Шәріп пойызға мінемін дегенше аудандық газеттің тілшілері, басшылары, журналистер қаумалай қаптап, шығармашылығымен танысып, мәре-сәре болысқан.

Көп ұзамай Шәріп «Ақтөбе-Алматы» пойызының  плацкарт вагонында екі күн жол азабын тартып отырып Алматыға жеткен. Николай сатып келген екі қойдың ақшасын еркін жұмсайын деп, жеткен түні қымбат қонақүйдің ең сәнді бөлмесін жалдап алды. Ертеңгі марапаттан қомақты ақша олжалайтынын ойлап отырып, тәтті-пәттімен шәй ішіп, өмірі атын естіп, көзі көрмеген тамақтармен алаңсыз ауқаттанған. «Жаз бойы қақиып отырып жазу жазамын деп арқама тұз жиналған шығар» деп түнде бір, таңда бір массажға барып, әй бір рахаттансын.

Анадан жаңа туғандай серпіліп, ертесіне жеңіл-желпі жуынып-қырынып, шақырылған мекен-жайға беттеген. Барса ығай мен сығайлар түгел келіпті. Жалтыраған қара туфли, дәл сондай түсті костюм-шалбар киген Шәріп те кіл мықтының ортасына ене берді. Олар да бұған жылышырай танытатын секілді. Сыртынан естіп, есімдеріне қанық болып жүрген өңкей әдебиетшілер көз алдында. Жалбаңдап бәріне барып емен-жарқын амандасады. Сәлемін алғанымен қайтара жауап айтып, шұрқырап жағдай сұраса кетпейді.

Ұзамай марапаттау рәсімі де басталды. Сайысты ұйымдастырушылар 1000-нан астам өтінім келіп түскенін, шығармалардың шетінен тартымды, қызықты екенін айтты. Әсіресе, шашына аздап ақ түскен, үстіне кең қолтық костюм, бұтына көк джинсы киген жасы алпыстар шамасындағы Тұлым Жазылбеков кеңінен орағытып, бейнелеп, көсіліп сөйледі. Бәйгеге қатысушылардың дені жастар екенін, дегенмен орта жас, кейінгі буынның да бәсі биік екеніне тоқталып, одан соң шығармалардың көркемдік талаптарына қатысты әңгімеледі.

– Өнімді жазып, көзге түсіп жүрген бірқатар жазушылар бар. Жалпы, қаламгер таныламын десе жас талғамайды. Қай уақытта да жарып шығуы мүмкін, – деді аздап қырылдап сөйлейтін Тұлым Жазылбеков.

Бұл сөздер тура өзіне арналып отырғандай Шәріп жан-жағына жедел көз тастап, тамағын кенеп, жағасын түзеп қойды. Дәл осылай қозғалақтап кеткенін өзінің еркінен тыс жүзеге асқанын да аңдап үлгерді.

– Осы жолы тек Алматы мен Астана емес, облыстық, өңірлік басылымдарда шығып жүрген жазушыларды да кеңінен қамтыдық, – деген кезде Шәріптің тіпті дегбірі қашсын.

Қанша жыл бойғы еңбегім еш кетпепті-ау. Бұлар да оқып, біліп, қадағалап жүр екен ау деген ой санасында асыр салып, ішін қуаныш сезімі билей жөнелген. Жазу жазамын десе бөлмесін босатып беретін Никоны мен Қайрошы, тамағы мен қағазын тасып безектеп жүретін жан жары Жұмагүл есіне түсіп, көңілі босап та кеткендей ме. Қойшы, әйтеуір сан түрлі оймен арпалысып отырғанда жүлделі орындарды табыстайтын сәтке де жеткен.

Әдеттегідей ынталандыру сыйлығын үлестірді. Оны жыпырлатып алты-жеті қатысушыға бір-ақ берді. Одан соң үшінші орын. Әрине, Шәріп бұдан үміттене қоймайды. Беріп жатса, ала салады. Сондай көңіл-күй. Екінші орынды хабарлар алдында біраз толқыды. Қаншама жазушыны артқа тастап, бәйгеден екінші келсе қандай ғажап! Бірақ бұл жолы да оның есімі аталған жоқ. Енді сөзсіз не бірінші орын, не бас жүлдені қанжығасына байламақ. Шәріптің есі шығып, құлағы тұнып, қазір жүргізуші хабарлаған кезде естімей қалмайын дегендей алға ентелей түсіп, елеңдеп отыр. Конвертті баппен ашқан ұзын бойлы, сымбатты жүргізуші жігіт «Әдеби байқауымыздың I орын иегері – Шәріп Тасығанұлы» деп саңқылдай хабарлаған кезде орнынан қалбалақтап ыршып тұрып, ә дегенде аяқ-қолынан әл кеткендей болып, аз уақыт абдырап қалды. Залдағылар дүр етіп мойын бұрып, бұл жаққа қарағанда көзі қарығып, қысыла берді. Сосын дереу еңсесін тіктеп, сахнаға қарай жүрген. Бірінші орын иегерін күтіп тұрған жүргізуші және бәйге ұйымдастырушылары алшаңдай басып келе жатқан бұған мерейлене қарап тұр екен. Шәріп жүрісін түзеп, кербездене қадымдап, сахнаның баспалдағынан ытқып жеңіл көтерілді де грамота мен гүл шоғын нығыздай ұстап тұрған ақсақалға тіке салды. Сахна жап-жарық. Бұл жақтан зал тегіс қараңғылықта көрінеді екен. Іші де, сырты да түгел толқып жете беріп еді, ақсақал жазушы мұның қолын риза кейіпте қысып, бірінші орын грамотасын табыстай берген. Кенет, «ау, ағайындар» деген дауыс естіліп, бәрі сол жаққа үдере жалт қарасты: «Шәріп Тасығанұлы» деген мен ғой!».

Тұрқы еңгезердей, қою қара мұрты бар, көмірдей шашын толқындата артқа қайырған жігіт ағасы сахнаның ана бұрышынан келіп талтайып тұр екен. Мына жағдай бағанадан шарапты тоя ішіп, әбден масайғандай күйге түскен Шәріптің жылдам ес жинауына біраз көмектесті. Ұйымдастырушылар да, көрермендер де түкке түсінбей, алақ-жұлақ етіп қалды. Шәріп те қалыспай:

– Мен де Шәріп Тасығанұлымын. Ұйымдастырушылар маған хат жіберді, – деді батылдана түсіп.

– Әй, жүлде алған жазушы менмін, – деп өңмеңдейді әлгі дәу қара.

Сахнаның үсті әп-сәтте абыр-дұбыр дау мен жиналысқа айналған. Бағана езуі көпіріп сөйлеп-сөйлеп, жағы талып орнына отырған белгілі жазушы Тұлым Жазылбеков қайтадан ортаға келді.

– Сіздің фамилияңыз кім? – деді Тұлым мырза әуелі бұған қарап.

– Тауасқанов! Шәріп грамота мен гүл шоғын нығыздап ұстап дір-дір етеді.

– Ал сіздің фамилияңыз қалай? Жазылбеков енді әлгі дәу қараға баппен бұрылды.

– Смағұловпын!

– Конверттегі фамилияны айта қойшы? – деп енді Жазылбеков жүргізушінің қолына көз тастады.

– Мұнда фамилия жоқ. «Тұманды кеш» деген шығарма атауы ғана тұр.

– Айттым ғой. «Тұманды кеш» менікі, – деп әлгі дәу қара дөрекілене ұмтылып, мұның қолындағы гүлі мен грамотасын апыр-топыр тартып алсын.

Залдағы біреулер күліп жатыр, біреулер қап-әй десіп жатыр… Дәу қара мұның қолындағы гүл мен грамотаны ғана емес, бүкіл атақ, абырой, ырыс-берекені тартып алғандай күйзеліп, жаны жадау тартты. Көңілі құлазып сала берді. «Тұманды кешіңмен» қоса құрышы» деп іштей сыбады да, жиынның соңын күтпей-ақ тайып тұрған. Алматыда сенделіп-сенделіп жүрді де, жолақыға әрең ақша ығыстырып ауылына қайтты. Ел-жұртқа көрінбейін деп таң алакеуімде таксимен келіп, үйіне зып беріп кіріп кетті.

Көп өтпей республикалық басылымдардың бірі шатасып кетті ме, әлде әдейі істеді ме, дір-дір етіп тұрған Шәріптен дәу қараның гүл мен грамотаны тартып алып жатқан суретін басыпты. Суретті көрген әйелі Жұмагүл жалғыз жазушысын асыға күтіп отырған ауыл халқына «біздің Шәріпті негізінде жюри болуға шақырған екен» деп айтып, күйеуінің абыройын сақтап қалған көрінеді.

Ақ желкен» журналы, №3
Наурыз, 2019

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз