Маржандай тізілген әппақ тіс – әдемі күлкінің ғана емес, сау ағзаның белгісі. Бүгінде тіс емдеуге қойылатын талап күшейді. Себебі бұрын ауырған тісті жұлудан басқа амал жоқ болса, қазір оны емдеп, түзетіп, пломба салдыруға болады. Сосын да болар, көпшілік тіс дәрігеріне жиі баруды әдетке айналдырған. Тісті күніне екі рет тазалаумен мәселе шешілмейді-мыс. Тіс күтімі жайлы стоматолог маман Самал Серікқызынан сұрап білдік.

– Тісті қалай күту керек?

– Ең бірінші кезекте тіс пастасы мен щеткасына ерекше мән берген жөн. Тым қатты және тым жұмсақ щетканы қолдануға болмайды. Тісті ағартуға арналған пасталар күнделікті қолданылмауы керек, өйткені оның құрамында қатты заттар болғандықтан тіс сырылуы мүмкін. Мұның өзі жеке бір тақырып. Оны да тіс дәрігерінің көмегімен таңдаған дұрыс. Тіс күтімі күніне екі рет, яғни таңертең және кешке жүргізіледі. Кешкі уақытта міндетті түрде жақсылап тазалау керек. Олай дейтін себебіміз, тіс арасында тамақ қалдықтары қалып қоюы мүмкін. Тісті тұрақты тазалап тұрмаса, онда шеті тамақ қалдықтарымен қапталады да, кейін бұзылуға әкеледі. Негізі тіс тазалаудың арнайы техникасы бар. Оны YouTube желісіндегі арнайы видеосабақтардан көрсеңіз болады. Одан бөлек жаңғақты тіспен шағудан, бөтелкені тіспен ашудан аулақ болу керек.

– Қазір көпшіліктің тісті түзеуге бетбұрыс жасап жатқанын байқаймыз. Брекет салдырудың қисық тісті түзеуге ықпалы қандай?

– Брекет 14 жастан бастап қойылады. Жас кезде қойған дұрыс. Өйткені жас уақытта адамның жағы енді-енді қалыптаса бастайды. Брекет тағып жүргенде бұрынғыдан екі есе жақсылап тісті күту керек. Себебі көп науқастың тісі брекеттен кейін құрттай бастайды. Брекетсіз тіс түзеудің басқа да жолдары бар. Ол баланың дұрыс тамақтануына тікелей байланысты. Қазір көбіне жұмсақ тағамдарды жейміз. Бұл дұрыс емес. Адамның жағы дұрыс жұмыс істеуі үшін тіс дәрігерлері балаға жеміс-жидектерді жиі жеуге кеңес береді. Сонда ғана тіс түзу өседі. Егер қисық өскен жағдайда брекет қою керек. Одан қорқудың қажеті жоқ. Зиян емес.

Тіс имплантациясының адам өміріне қаупі бар ма?

– Жоқ. Дұрыс қойылса, барлық шара дұрыс сақталса, айтарлықтай қауіп жоқ. Дегенмен қант диабетімен ауыратындарға, жүкті және бала емізіп жүрген әйелдерге қоюға тыйым салынады. Қант диабетінің инсулинге тәуелді және инсулинге тәуелсіз деген екі түрі бар. Соған байланысты анализ жасалып, дәрігердің кеңесімен ғана қойылады. Импланттың материалы – медициналық титан деп аталады. Имплант қояр кезде дәрумен жансыздандырады. Тек осы процедурадан кейін денеңізде уақытша ыңғайсыздық пайда болып, сәл ғана ауыруы мүмкін. Одан кейін шамамен үш ай өткен соң импланттың үстіне сауыт (коронка) қойылады. Оның түсі ақ, формасы табиғи тіс секілді өз тісіңізден еш айырмашылығы жоқ. Қойылғаннан кейін бұл материал адам ағзасының бір мүшесі секілді боп кетеді. Мұның да қаупі жоқ деуге болады.

 

– Тісіміз ауырса, ауруды басатын дәрі ішіп немесе тұз басып амалдайтын
жағдайлар болады. Тіс ауырғанда ең бірінші қандай шара қолдану керек?

– Әрине, тіс ауырғанда ауруды басатын дәрілерді ішкен дұрыс. Бірақ шамадан тыс көп қолдануға болмайды. Дәрігерге ауруды басатын дәріні ішпей келген дұрыс. Дәрігерге жылына екі рет уақтылы келіп қаралатын болсақ, кез келген аурудың алдын алуға болады. Мұндай аяқасты ауруға жолықпайсыз. Ал тұздың қабынуға қарсы әсері бар болғандықтан тұз басуға, тұзбен шаюға рұқсат етіледі. Ең дұрысы – дәрігердің кеңесіне жүгіну. Ауырғанда емес, ауырмай тұрып емделу керек.

– Ақыл тісті жұлдырған дұрыс па?

– Жаңа адамның жағы толық қалыптаспағанын айтып өттік. Бұрынғы адамдардың жағы үлкен болса, қазіргілердікі әлдеқайда кішірек. Сол себепті ақыл тістерге ауыз қуысында орын жетпейді. Соның салдарынан тістер қисаяды, қызыл иек қабынады. Жағдайға байланысты әрекет жасалады. Ең әуелі рентгенге түсіріп, анықтау керек. Егер жақта ақыл тіске орын болса, жұлдырудың қажеті жоқ, ал ақыл тіс басқа тістерге зиян келтірсе, ауырып, қызылиекті жарып шығуы қиындағанда, жұлдыру керек.

– Құрт жеген тісті қаптау үшін пломба салады. Пломба ұзақ сақтала ма, әлде жыл
сайын ауыстыру қажет пе?

– Қазіргі заманауи пломбалар өте жақсы. Бес, тіпті он жылдап тұра береді. Тек дұрыс емдеу керек. Егер тіс қатты бұзылған болса, пломба сынып кетуі мүмкін. Ондай жағдайда сауыттар (коронка) қойылады. Ал көлемі кіші тіс жегі болса, онда пломба қойылады. Бәрі дәрігердің кеңесімен жүзеге асырылады.

– Тіс пастасы мен щеткасын қалай таңдаған дұрыс? Өзіңіз қайсысын қолданасыз?

– Әр кезде әрқалай қолданамын. Қызыл иек қабынбаған болса, ересек адам қаттылығы орташа щетканы, ал құрамында емдік қасиеті бар тіс пастасын қолданған абзал. Көп жағдайда тіс пастасының сыртындағы майда жазумен жазылған құрамын оқуға ерініп жатамыз. Осы кезде түрлі түсті жолақтарға мән беру керек. Жасыл жолағы бар тіс пастасының құрамында тек табиғи элементтер бар, көк түсті жолақ болса, табиғи және xимиялық заттар қосындысы бар, ал қызыл түс аз мөлшерде зиянды заттар бар дегенді білдіреді. Оны жұтуға болмайды.

– Соңғы сұрағым, дентофобиясы барларға қандай кеңес айтасыз?

– Кеңес өкіметі кезінде тісін емдеткендердің 80%-дан астамында тіс дәрігеріне деген қорқыныш бар. Бұл жағдайдың ең басты себебі – жансыздандырғыш препараттардың жеткіліксіз болуы, әсер ету күшінің төмендігі. Сол заманның естелігі ретінде көпшілігімізде оңайлықпен кетпейтін қорқыныш сезімі қалып қойды. Мұның шешімі қандай? Заманауи стоматологиялық жансыздандырғыш препараттар өте жылдам әсер етеді әрі әсер ету уақыты ұзақ. Сіз 1,5-2 сағат уақыт аралығында тіс дәрігері жасаған манипуляцияларды мүлдем сезбейсіз. Сол себепті асқынудың алдын алу үшін ертеңнен бастап еш қорықпастан тіс дәрігеріне барыңыз. Бір ескеретін жайт, тісіңізді емдетер алдында тіс дәрігеріңізбен ақылдасып, жансыздандырғыш препараттарға аллергиялық реакцияны анықтау үшін анализ тапсырып, анықтап алған дұрыс.

– Әңгімеңізге рақмет!

Жандарбек ЖҰМАҒҰЛОВ

Ақ желкен» журналы, №10
Қазан, 2019

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз