Сəлем, қошақан! Қалайсың? Соңғы хатыңда бөліскен жаңалықтарыңды оқып, мəз болып қалдым. Хатыңда канадалық қариялардан сұхбат алуды өтінген екенсің, аманатыңды барынша орындауға тырыстым. Жақын араласып жүрген, мені күнделікті өмірімде шабыттандыратын, үйренерім көп екі кісіден сұхбат алдым. Сұқбат көңіліңнен шығады деген үміттемін.

Бірінші сұхбаттасқан кісімнің есімі – Ренате, Германиядан Канадаға зейнетке шыққаннан кейін көшіп келген, сексен жастағы бойжеткен (əже деп айтуға аузым бармайды, энергиясы менен көп, 20-25 жастағы кісіге фурор беретін адам). Өзен жағасындағы саябақта серуендеп жүріп əңгімелестік. Басында үйдегі фойеде кездесеміз, сонда сұқбаттасамыз деп келіскенбіз. Бірақ сол күні ауа райы керемет болып, күздің шуақты күні бізді табиғат аясына шақырып, жоспарымызды өзгерттік. Бір жарым сағат жаяу жүріп алған сұқбатым өзіме
ұнады. Себебі Ренатемен жақын танысып, бөліскен құпия-сырларынан қандай керемет жан деп сүйсіндім. Хатымды созбай, сұқбатты келтірейін, оқып болғаннан кейін ойыңды айтарсың, күтемін.

– Ренате, сұқбат беруге келіскеніңізге көп рақмет! Сізге қояр сұрақтарымды
алдын ала карточка түрінде дайындап алып келдім. Мінекейіңіз. Қалаған
сұрақтан бастап жауап берсеңіз болады.

– Рақмет айтудың қажеті жоқ, үйренемін деген кісіге білгенімді айтып, тəжірибиемді бөліскен ұнайды. Сонымен, алғашқы сұрақ: «Тынығуыңызға не көмектеседі?». Медитация жасау мен табиғат аясында болу арқылы тынығамын, күш жинаймын, болашаққа жоспар құрамын. Міне, қазір əдемі саябақта, күн сəулесінен лəззат алып қыдырып жүрміз, сол сияқты. Ыстық-суыққа қарамаймын, көлігім аман болсын, соған мініп аламын да, күнде табиғатқа шығамын. Саябақта серуендеймін, отырамын, жаздыгүні өзеннің жағасына түсіп, күнге қыздырынып жатамын. Ашық аспанға қарап, бұлттарды бақылаймын, армандаймын.

– Күнделікті уақытыңызды қалай өткізесіз?

– Қалыптасқан тəртіп бойынша, таңертеңгілік тірліктен кейін қазір оқып жатқан курсыма кірісемін. Алдымен кітапты оқып, тапсырманы өз бетімше орындаймын, одан кейін интернетке шығып, вебинарға қатысамын. Вебинарда үй тапсырмасын талқылаймыз, Инсус есімді инструкторымыз сұрақтарымызға жауап беріп, түсінбеген жерімізді түсіндіреді.

– Қандай курс? Не оқисыздар?

– Курсымыз өмірде өз-өзіңмен баланста болуды, жаман нəрсе ойламауды, өмірге позитивпен қарауды, адамдарды қаз-қалпында қабылдап, оларды сынамауды үйретеді. Айналаңда болып жатқан нəрсенің норма екенін түсініп, санамыз ақпаратты немесе жағдайды адекват қабылдауы үшін жаттығулар жасаймыз. Қысқаша айтқанда, даналықты, қайырымдылық пен кешірімді болуды, сананы басқаруды үйренеміз.

– Курс тегін бе?

– Иə, тегін. Кітап сатып алу керек, бар шығын сол ғана. Əрине, интернетке төлеу керек, бірақ интернет 24 сағат қосулы болғандықтан, оны курстың шығыны деп есептемеймін.

– Сабақ күнделікті өте ме?

– Иə, себебі кітап 365 тапсырма-сабақтан тұрады. Сондықтан сабағымыз күнделікті, үзіліссіз өтеді.

– Сонда күнде вебинар ұйымдастырылып, барлығын онлайн талқылайсыздар ма?

– Жоқ, аптасына бір рет оффлайн кездесеміз. Кездесуде күнделікті сабағымызды, толғандырып жүрген сұрақтарымызды талқылап қана қоймай, өмірімізде болып жатқан жаңалықтарымызды айтып, проблемамызды жеткіземіз. Инсус есімді инструкторымыз бар деген ем ғой, сол кісі Youtube каналымызға күнделікті шығады, бізбен күнделікті байланыста. Кеңесін айтып, бағыт-бағдар беріп отырады.

Сабағымды бітіріп, төсегімнен тұрамын. Егер ешқандай кездесуім болмаса, йогама кірісемін, одан кейін медитация жасаймын, сосын таңғы ас пен түскі астың аралығы болып саналатын бранчыма кірісемін. Бранчты жақсы көремін, жақсы көргенім соншалық, айнымас əдетіме айналдырғам. Бранч дегенде тамаққа толы дастарқанды елестетеміз ғой, менің бранчым жеңіл-ақ: бір-екі тілім жақсы нан, жұмыртқа, авокадо мен салат, асқазаныма салмақ түсірмейтін тамақ. Бранчым бір, бір жарым сағатқа созылады. Бранч мен үшін өте маңызды болғандықтан көбіне бранч уақытын барынша өзіме арнаймын. Ол уақытта кездесу мен маңызды тірліктер жоспарламаймын. Хосписте волонтер болуға жазылғандықтан, таңертеңгілік тренингтерге қатысып, өткен аптада күнделікті тəртібімнен шығып қалғаным болмаса, былайғы таңда бұзбауға тырысамын. Бранчтан кейін əлеуметтік желіге шығамын, поштама келген хаттарды тексеріп, жауап беремін, жазылған подкастарымды тыңдаймын.

Келесі сұрақта балалық шағымда болған қызықты бір оқиғаны айтып беру сұралыпты. Мен үшін бұл сұрақ өте ауыр. Себебі мен туғанда Екінші дүниежүзілік соғыс басталып, балалық шағым əлем үшін, Германия үшін қиын уақытқа сай келіп, дені дұрыс балалық та болмады. Соғыстан оралған əкем өзімен басқа əйел əкеліп, ата-анам ажырасты. Оһ, есіме түсті. Жалпы, бұл оқиға есімде жоқ, үйдегілердің айтуы бойынша білемін. Екі жасымда автобусқа отырып, Гамбургтің бір шетінен екінші шетіне жалғыз саяхаттаппын. Автобус соңғы аялдамаға келгенде жалғыз отырған мені көріп жұрт шарқ ұрады. «Кімнің баласы? Қайдан жүр? Не істеп жүрген бала?» – деп халық дүрлігіп жатқанда көршіміз мені танып, үйге алып келіпті. Бала күнімнен қыдырғанды жақсы көретін болып тұрмын ғой сонда.

Тағы бір оқиға есіме түсті. 5-6 жасар кезім, түнде төсекке жіберіп қойдым. Анамнан таяқ жеймін деп қорқып, өзімнен үп-үлкен, ауыр үтікті алып, төсенішті кептіру үшін үтіктегем ғой. Анам келгенде үйден жағымсыз иіс шығып тұрған, дəп-дəу үтіктің қасында басым жерге салбырап отырған мені көріп анам басында маған бірдеңе болған екен деп қорқып айғайлап жібереді. Анамның айғайынан қорыққан мен ұйқымнан оянып, бас салып жылағаным есімде.

Отбасында жалғыз бала болдым, оның үстіне анам күндіз-түні жұмыста, содан да
күнұзақ өзіммен-өзім қаланы аралайтынмын. Нағашы атам кемеші болатын, атама портқа барып, сондағы кемелерге мініп, аралайтынмын. Не істеп жүргенімді сұраған адамға «жай, қыдырып жүрмін» деуші едім. Соғыс уақыты болғандықтан бірге ойнайтын бала да болмады, содан да ғой деймін, кішкентайымнан жалғыз қыдырғанды жақсы көретін батыл, тəуелсіз, ештеңеден қорықпайтын азаматпын.

Егер өткенге оралып, бір нəрсе өзгертуге болатын болса, не өзгертер едіңіз?

– Шынымды айтсам, жалғыз ұлыма бар аналық махаббатымды көрсете алмадым. Өткенге оралып, ұлыма кішкентайынан жақсы көретінімді көрсетер едім. Əрине, ұлымды жақсы көремін, барынша жақсы азамат қылып тəрбиелеуге тырысып, мен де, əкесі де қатал болдық. Ұлым оны түсінбей, біз оны жек көреді деп қалыптасып өсті, қиын бала болды. Қай ата-ана баласын жек көрсін?! Баламмен қарым-қатынас дұрыс болмағандықтан көп қиындық көрдім, əлі күнге дейін арамыз суық. Ұлымның Германияда, менің Канадада тұрып жатқанымыздың себебі де осы. Бағана айтқан курсқа сол ұлыммен қарым-қатынасымды түзету үшін, кешірім сұрауды, оған деген ренішімді жеңуді үйрену үшін жазылдым. Қазір қарым-қатынасымыз түзеліп келеді. Осында болған қанша жылымда ұлымды шын жүректен қонаққа шақырған емеспін. Соңғы сөйлескенімізде бар ықыласыммен қонаққа шақырдым, келер болса, жатар орны болсын деп арнайы төсек те сатып алып қойдым…

Қошақан, хатым ұзақ болып, шаршап қалған боларсың. Сұқбаттың жалғасын келер хатта жазсам қалай қарайсың? Ренатемен əңгімеміз бір жарым сағатқа созылып, көп нəрсені талқыладық. Өмірі, бөліскен оқиғалары мен естеліктері кім-кімге болса да тəлім алар кітап боларына сенімдімін. Сенің де өмірің біреуге тəлім боларына сенімдімін, сондықтан өмірің тек қана қызық пен жақсылыққа толы болсын. Келесі жүздескенше аман бол!

P.S. Сабағыңды жақсы оқы деп нақтылауымның керегі жоқ шығар, иə? Сен сияқты періштенің сабағы да, тəртіп-тəрбиесі де керемет деп ойлаймын.

Өзіңе деген ыстық ықыласпен, тəтең Гүлшат.

Ұлан» газеті, №45
5 қараша 2019 жыл

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз