Ертеде бір қойшы болыпты. Ол малын базарға апарып сатып, ақшасына керек-жарағын алады екен.

Бірде әлгі қойшы 4 қойын айдап, базарға келеді. Оны көптен бері аңдып жүрген бір қу қасына жетіп келіп:

– 4 қойды саудалап, не пайда табам дейсіз? Одан да маған беріңіз, 3 есеге көбейтіп беремін, – дейді.

– Ол қалай? – дейді қойшы таңғалып.

– Оп-оңай! – дейді қу. – Менің сиқырлы қорам бар. Ішіне мал қамасам, бір түнде үш есеге көбейеді. Ертесінде көбейген малды қораға қайтадан қамаймын. Сонда тағы да үш есеге көбейеді.

Осыны айтқан қу:

– Сиқырлы қораны жалға беру тегін емес. Аздаған ақысы бар. Қойларыңыз қорамда тұрып, 3 есеге көбейген сайын 9-ын алып отырамын, – деп қойшыға шарт қояды.

Қойшы сәл ойланып:

– Жоқ, мұныңа келісе алмаймын! Егер қойларымды қораңа екі түн түнетсем, өзіме түк қалмайды екен, – деп жауап беріпті.

Қойшының бұл айтқаны дұрыс па? Қане, есептеп көріңдерші!

Суретін салған Ерлан МОМБАЕВ

«Балдырған» журналы, №10
Қазан, 2019

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз