Достар, студент болуды армандамайтын бала жоқ шығар, иə? Оның ішінде журналист болғысы келетіндер де бар деп ойлаймыз. Журналистика факультетінің аурасы басқалардан мүлде бөлек. Түрлі-түрлі қызықтың «көкесі» журфактың жатақханасында болып жатады. «Ұлан» газетінің бұрынғы жас тілшісі, қазір «Айқын» газетінің Алматы қаласындағы өкілі Абай Аймағамбеттің «Бесінші жатақхана» атты кітабы жарық көрмек. Оның ішіндегі кейіпкерлердің есімі біразыңа таныс. Өйткені көбі қазіргі журналистикада, əдебиетте
жүр. Абайдың курстастарының студенттік өмірін оқысаң, езуіңе еріксіз күлкі үйіріледі. Сондықтан бөлісуді жөн көрдік.

«Келесі жылы да киесің» – ең үздік қазақша киім бренді ғой. Өзіміз де осы брендтің талай рет «шарапатын» сезіндік. Созсаң өзіңдей тағы бір адам сыятын, ұзын етек, кең жағалы қанша көйлекпен шауып жүрдік емес пе?! «Əй, биыл кисең болды, келесі жылғыны көреміз» демейді. «Кішкене кең болып тұр ма, ештеңе етпейді, қайта келесі жылы шап-шақ болады!» деп бас бармағын көрсетеді шешең немесе əкең. Сатушы да қалыспай, «тура осы киімді сен келіп алмағанда, əй, иесін таппай қалушы еді» деп гөй-гөйлеткенде ет-бауырың елжіреп, базардан толқып шыға келесің. Келесі жыл келгенде, тағы да келесі жылы киетін киім алуың мүмкін. Сөйтіп, жалғасып кете береді.

Осылайша, Алматыға «келесі жылғыларымнан» сəл ыңғайсызданып, именіп келсем, «келесі жылы киесіңнің» көкесі Жақсылықтың (Қазымұратұлы – ред.) үстінде жүр екен. Уф дедім. Қуаныштан жүрегім атқақтап кетті. Салпаң-салпаң етіп жүретін мен сияқты бір пенде бар екен-ау деп көңілім орнына түскен. Тіпті менің кең деп ыңғайсызданып жүрген киімдерім «приталеный» ма деп қалдым. Бірақ атақты қызыл костюмін «кең екен-ау» деп тұрған Жақсылық жоқ. Ойға да, қырға да соны киіп, қызыл түлкідей боп жортып бара жатады. Түсі де нақты қызыл деуге келмейді… ашық қызыл түсті. Сөйтсек, мұнысы жай костюм емес екен. Матасы сетінеп сөгілмейтін, мықты екені бір қарағанда көрінбейтін, анау-мынау брендтерден жеңілмейтін сапалы костюм екен. Мұны Қытайдағы менмін деген маркеттен сатып алыпты. Бағасын айтсам, бармақтарыңызбен у жалағандай боласыздар. Мұнысы бір сыр болса, костюмнің екінші құпиясы тағы бар. Тура осындай костюм ақын Маралтай Райымбекұлы ағамызда да бар еді. Кең болса кең болсын, ең бастысы «ем болсын» деп, Алматыға аяқ басқан жас ақынның алдыңғы толқын ағаға еліктеген бір түрі екен бұл. «Осындай костюм Маралтайда
бар, сосын менде бар» деп шіренбек болып, талай мəрте белін ауыртып алған. Бұл костюм бізбен қатар, сəл жоғары… сəл төмен оқыған ағайынның есінде болуы тиіс. Тек жатарда жəне душқа түскен кезде шешеді, қалған кездің барлығында үстінде. Тастамай екі жылдай киді.

Алайда кейінгі жылдары бұл кəстөмді ұшты-күйлі таппай қалдық. Есесіне, Жəкеңнің киім ілгіші еуропалық мазмұндағы, қазақи ою-өрнектегі, өзіне құйып құйғандай шап-шақ киімдермен толыға бастады. Үйленгелі бері, тіпті, модель секілді киінетін болған. Қанша дегенмен өзіне жол ашқан, сəттілік əкелген костюмі ғой, су жаңа үйінің кіреберісіне немесе төріне Аяз би сияқты қарап отыру үшін іліп қойған шығар деп ойладым. Өткенде барып, əрі қарап, бері қарап таба алмадым. Баяғы кезін ұмытпай, іліп қойса болушы еді ғой. Сірə, кейін май жинап, қарын ілгенде киемін деп сандықтың түбіне атып ұрған секілді. Кім біледі…

«Авторадиодан» хабарланған ауа райы

Екінші курстың көктемінде «Авторадиода» екі-үш ай диктор болып жұмыс істедім. Өзім бұрыннан қызығатын болған соң ба, тікелей эфирге бірер күннің ішінде-ақ бейімделіп кеттім. Бір күні Жақсылық екеуміз кешкі эфирге келдік. Сəтбаев пен Есентайдың қиылысында орналасқан ғимараттың жиырма төртінші қабатында эфирге дайындалып отырмын. Терезеден қарасаң, Алматы көз шараңа оп-оңай сыйып кетерліктей. Оған қанағат қылмасаң, шатырға шығып шапқылауға да болады. Жəкең: «Қандай ақпараттар оқиын деп жатырсың?» – деп сұрады. Мынау, мынау деп ақпараттық сайттардан сұрыптап алған ілкімділерін көрсетіп едім, «Бүгін Олжас Сүлейменовтің туған күні ғой. Соны қосып жіберсейші», – деді. Негізі, талап бойынша күннің өзекті деген «өрт» ақпараттары оқылатын. Пəленшенің туған күні, түгеншенің əдебиеттегі үлесі деген
жаңалықтар «Қазақ радиосынан» берілсе жарасып тұрады ғой. Дегенмен қолда билік тұрғанда белден басайық деп, Олжекең туралы арқыратып оқып тастап, енді ауа райы мəліметтеріне ауыспақ болдым.

Қарасам, дайындық кезінде Қазгидрометтің ресми сайтынан мəліметтерді алмаппын. Енді ашып, көз жүгіртіп отыруға тым кеш, тікелей эфир жүріп жатыр. Апыр-топыр терезеден сыртқа назар салдым. Уақыт кешкі сағат 6-дан ауып кеткеніне қарамастан, даланың ыстығы əлі басылмағаны байқалады. Жаз да əне-міне жақын қалып, күн тас төбеден шыжып тұрған сəт еді. Содан сəуегейсуге тура келді. «Бүгін-ертең Алматының аспаны ашық болады» деп бастап, еш жауын-шашын болмайтынына, тіпті тамшы тамбайын деп тұрғанына сендіре сөйлеп, эфирді аяқтап жібердім.

Екеуміз Есентайдың жағалауымен университетке жол тарттық. Жерасты жолына түскенімізде күн шайдай ашық еді, мына бетінен шыққанда түнере бастапты. Аса
мəн бермедік. Көп өтпей тырс-тырс етіп, айналамыз жаңбыр тамшысына толып, бірер сəттен соң тасырлап кеп жауын құйды. Бағанағы болжамым есімде жоқ. Тездете басып, бұта-бұта, ықпананың астымен безіп келеміз. Жаңбыр тіпті екпіндете түсіп, құйын-перен нөсерге ұласты. Құдды бассейннен киімшең шыға келген секілдіміз. Ол ол ма, жатақханаға жақын қалғанда теннистің шаригіндей бұршақ жауып, арқамызды оңдырмай осқылап берді. Тиген жерін тесіп жіберердей бұршақтың соққысы сол кезде барып, бағанағы қате болжам айта салғанымды есіме тарс-тарс еткізіп түсіріп жатқандай болды. Жалған болжам жасағаным үшін жазаланып жатқандай күй кешіп, қинала жүгіріп келемін.
«Көріпкелдігім» досымның да есіне енді түсті ме, маған қарап күліп, əлдене айтқысы келеді. Бірақ тұншықтырардай жауған жаңбыр мен араға секунд салмай арқамызды ұрғылап жатқан бұршақ бірдеңе деп ауыз ашуға да мүмкіндік бермеді. Бастан да, беттен де тиіп жатыр. Жатақ алдындағы ағаштар құлап, айран-асыр. Біз сияқты зардап шеккен студенттер топ-топ болып, жөңкіліп барады. Сол жауын мен сол бұршақ Алматыны ертеңіне де аямай «сабады». Табиғаттың тосын мінезі мұнымен де тоқтамай, үшінші күні Медеудегі ағаштар құлап, тұрғындар мен əкімдікті əбден əбігерге салды. Ағаштар құр құлай салмай, электр желілерін қиратып кетіпті… Ал мен болсам «бəрі тамаша болады» деп хабарлай салыппын. Ұят-ай…

Мемлекеттік емтихан

Бірінші курстың алғашқы күндерінде суретке түсіппіз. Əйгілі журфактың фойесінде. Ол жерде Əлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов сияқты Алаш арыстарының суреті қашалып, шағын мүсіндері орнатылған. Оның алдын биіктете қоршап, шынтағыңды сүйеп тұратындай етіп жасаған. Өмірхан Əбдиманов ағай декан болған кезде «Əлиханның алдына қисайма, Ахметтің алдына жантайма» деп осы жерден қуып шыға беретін. «Анау сары қабырғаның үстіне шығып алып, аяқты салбыратып отырмағасын несі қызық» деп біз бұртыңдайтынбыз.

Əңгімеден əңгіме шығады… бəріміздің қолымызда бір-бір абажадай портфель. Арманымыз – Алматы, бағытымыз – ҚазҰУ, көздегеніміз журфак бола тұрып, сопайып өзіміз келе салғанымыз ұят-ты деген сияқтымыз. Сөмкенің ішінде студентке керекті дүниелер қаз-қатар салынып, ынта-ықыласымыз да солай пəттеленіп тұрған сəт-тұғын. Қабырғада суреттері ілінген марғасқаларды көріп аузымыз бір ашылады, олардың факультетке кездесуге келгенін көріп көзіміз екі есеге бадыраяды. 1-курс дегенің сонысымен-ақ аяулы ғой.

Келе-келе əлгі портфельдер күресінге кетіп, қолымызда жапырақтай бір-бір дəптер қаларын кім білген. Аяғында бір парақпен 4 сабақ оқып кеттік емес пе. Орнында қалып қоя жаздап, аға-көкелеп жатып оқуды əзер тауысқандар да жетерлік. Мемлекеттік емтиханға түк дайындала алмадым. Тəуекел деп жетіп бара салғанмын. Сол кезде кафедра меңгерушісі болып істейтін Құдайберген Тұрсын ағай ал кеп қинасын. Нұрлы жүзім терге малшынып, қипалақтап кеттім. Құдайберген ағай одан сайын лепіріп, намысымды жаныштап, төпелей түседі. Комиссия төрағасы Нұртөре Жүсіп: «Əй, негізі Абай біліп отыр, кəне, былай айтып жібер», – деп сүйемелдеген болады. Бірақ дайындықтың аз екені көрініп тұр. Əйтсе де жиған-тергенімді жүйелеп, жеткізуге тырысып-ақ жатырмын. Журфакты төрт жыл тоздырғанда диплом алмай қалам ба деген қорқыныш та желдей есіп өткен. Абырой болғанда «4»-тің деңгейіне жетіп жығылдық. Ағайым сонда да бой бермей, «бұл баланы биылша қалдыра тұрайық» деп маңғазданады. «Құдайберген көке, Құдай тілеуіңізді берсін, жібере салыңызшы» деп жатып, аудиториядан атып шығып құтылғанмын. Содан бар күшімді дипломға салып, жетекшім Мұрат ағайға (Шаймаран) сөз келтірмейін деп тырысып-ақ бақтым.
Қатырып диплом жаздым, қосымша шағын видео түсіріп, оны да ұстазға ұсындым. Əйтеуір, ол жолы бəрі сəтті өте шықты.

Мемлекеттік емтихан тапсырып отырып, Аршынның (Нұрбақыт) «31 мамыр қандай күн?» деген сауалға «пятница ғой» деп жауап беріп, ұстаздарды шалқасынан түсіргенін қалай ұмытайық?! Сөйтсек, комиссия мүшелері сол күнге тұспа-тұс келіп отырған атаулы датаны меңзепті ғой. Түсірілімі мен монтажын ойлап мең-зең болып отырған Аршын оны қайдан ұқсын. Ол кезде бəрі қиын, ал қазір бəрі қызық…

(Жалғасы келесі санда)

Ұлан» газеті, №44
29 қазан 2019 жыл

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз