Биыл ҚазҰУ-де шетелдік студенттердің көбейгенін байқадым. Бір күні сабақ беретін оқытушымыз Қытай Халық Республикасынан келген студенттермен ҚР Орталық музейіне баратынымызды айтты. «Олар не үшін Қазақстанға келді екен?» деген ой мазалады. Осы сауалға жауап табу үшін музейге баруды өзім ұйымдастырдым. Сабақтан шықсам, жиырма шақты қытай студенті корпустың алдында күтіп тұр екен. Өздері бір-біріне қатты ұқсайды екен. Тобымызбен Орталық музейді аралап, Қытайдан келген студенттерді қызықтыратын
сұрақтарға жауап бердік. Ал мен Батыр, Құндыз, Құдайберген есімді үш қытайлық студентпен дос болып кеттім. Музейде үшеуі жанымнан шықпай, соңында телефон нөмірімізбен алмастық. Олар не үшін Қазақстанға келді? Қазақша есімді не үшін алды? Қытайда қазақ тілін оқыту қарастырылған ба? Осы сұрақтарға қытайлық достарым жауап берді.

Олар əл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың филология жəне əлем тілдері факультеті, қазақ тілі мен əдебиеті мамандығына академиялық ұтқырлық бағдарламасымен бір семестрге келіпті. Пекиндегі Орталық ұлттар университетінің қазақ тілі мен əдебиеті мамандығының 3-курсында оқиды екен. «Қытайда бакалавриат – 5 жыл. Бірінші жыл міндетті түрде даярлық курсынан өту керек. Университетте сабақ 13:00-ге дейін болып, түскі үзіліс екі сағат болады. Осы уақытта студент тамақтанып, ұйықтап алуы керек», – дейді. Маған бұл жүйе ұнады. Олар бізде кейбір сабақтардың үзіліссіз болатынына таңғалып жүр екен. Қолдарына диплом алған соң олар Қытайда қазақ тілі мен əдебиетінен сабақ береді. Бұл мамандыққа Қытайда сұраныс болатынын мүлдем күтпеген едім.

«Қазақтың батырындай мықты болсын деген ырыммен»

Менің есімім – Батыр. Əкем қазақ фольклорындағы Алпамыс, Қобыланды батырлардай болсын деген ниетпен қазақша есім қойған. Əкем де филолог. Көп тіл біледі. Мен де əкем сияқты көп тіл білгім келеді. Қазақ тілі мен əдебиеті мамандығын таңдауыма да əкем əсер етті.

Ал музейде қазақ халқының сурет өнеріне таңғалдым, əсіресе қасқырдың суреті қатты ұнады. Көзі өткір, бір жағынан қорқынышты. Қазақ халқын қасқырға теңейді. Олардың көзінде бір тылсым күш бар. Мен суреттен де сондай ерекше күшті көрдім жəне суретшінің шеберлігіне сүйсіндім.

Батырмен диалог қысқа болды. Ол құрдастарына ұқсамайды. Батыр десе, шын батыр болатындай денелі екен. Сөзге жоқ болса да, іске шебер. Музей аралағанда қыздарды сыйлап жол беріп, экскурсоводты мұқият тыңдады. Оған қоса, Батырға музейдегі қазақ қыздарының ұлттық бұйымдары қатты ұнапты. Университетте қазақ қыздарының тəрбиесіне де сүйсінетінін айтты.

«Әкем орыс болса да, анаммен қазақша сөйлеседі»

Менің туған жерім – Қазақ автономиялы ауданы, Тоғысырау ауданы. Тұрған жерімнің өзі қазақ тілін үйренуіме əсер еткен сияқты. Ал есімімді əкем мен анам Құдайберген деп қойды. Себебі мен олардың қартайғанда көрген, ұзақ жыл күттірген баласымын.

Маған тіл үйренген ұнайды. Жоғарғы мектепте (колледж) оқығанда ағылшын тілін жетік меңгеріп, жарыстарға қатысып, бағалы сыйлықтарға ие болғаным бар. Бірақ
Қытайда ағылшын тілін оқу таңғалдыратын іс емес. Ағылшын тілі мамандығына тапсыратындар көп. Біздің университет Қытайда ең үздік болып есептеледі. Сондықтан қазақ тілін де бізде жақсы үйретеді. Ал менің əкемнің ұлты – орыс. Анам – қытай. Əкем үйде анаммен қазақ тілінде сөйлеседі. Бірақ мен бастауыш білімді қытай тілінде меңгердім. Əкем мен анам қазақ тілінде сөйлескенде ештеңе түсінбейтін едім. Содан əкем мен оның туыстарымен ортақ тілде сөйлеп, олармен қарым-қатынас орнату үшін қазақ тілін оқуды мақсат еттім. Оқуға түскен соң қазақ тілінен байқауларға қатысып, жүлделі болдым.

Музейдің бірінші залында қазақ халқының ұлттық аспаптарын көріп, ерекше сезімде болдым. Соның ішінде қобыз менің назарымды ерекше аудартты. Қобызға байланысты Қорқыт ата туралы аңызды кітапханадан іздеп оқыдым. Əр аспаптың шығу тарихы жəне қазір қолданыста болғаны мені қуантты, тіпті мүлдем күтпедім. Екінші залдағы үрмелі аспаптарды көрдім.

Олардың формасы ерекше екен. Бір-біріне ұқсамайды. Ал үшінші залдан домбыраның сан түрін көрдім. Қазақтың бас ақыны Абайдың домбырасын көргеніме қуаныштымын. Біз ол туралы Қытайда естуші едік. Өз көзіңмен көргенге ештеңе жетпейді екен.

Айтпақшы, Құдайберген бір айдың ішінде «Балқадиша» əнін жаттап алуға уəде берді.

«Қытайда туған қазақтың қызы Құндызбын!»

Алтай аймағының Жеменей ауданында тудым. Əке-шешем қазақ. Үйде де ана тілімізде сөйлейміз. Қазір Пекиндегі орталық ұлттар университетінде оқимын. Атамекеніме академиялық ұтқырлық бағдарламасымен баратынымды естігенде қатты қуандым. Осындай мүмкіндікке сене алмай жыладым. Мектепте оқығанда қазақ тілі мен əдебиеті пəнінен беретін мұғалімім қазақ шығармаларын оқыту арқылы біздің сағынышымызды басатын. Оқу бітірген соң мен де қазақ тілі мен əдебиетінен сабақ беруді мақсат еттім. Əбіш Кекілбаевтың «Бəсеке» повесін оқығанда жазушының тілі қиын болса да, суреттеу шеберлігіне тəнті болдым. Көз алдыма кең-байтақ жерімізді елестетіп, баруды қатты армандадым. Атамекенімізде болмасақ та, қазақ халқының ұлттық мейрамдарын ешқашан ұмытпадық, тіпті асыға күтетін болдық. Əкем қазақтың əндерін жатқа айтып, бізге шығу тарихын айтатын. Ал біздің ұлттық тағамдар ешқандай қоспасыз, сондықтан денсаулыққа пайдалы. Маған қазір Алматыда болуым үлкен бақыт. Атамекеннің ауасы, топырағы, бəрі-бəрі мен үшін қымбат. Қазақ студенттерінің маған жатырқамай қарауын қалаймын. Өйткені мен таза қазақпын. Қиын заманда жан сауғалап, шекара асуға мəжбүр болдық. Бірақ қазақ халқының ұлттық салт-дəстүрі мен құндылықтарын ұмытпадық. Осыны бəрі түсінсе деймін.

Музейді аралау арқылы ұлтымыздың мəдени əрі əдеби мұраға қаншалықты бай екеніне көз жеткіздім. Бойымды мақтаныш сезімі кернеп, Қытайға оралған соң отбасыма айтуға асықпын. Қазақстанда əрі қарай оқитындай мүмкіндік болса, ойланбастан қаламын. Отбасымның атамекенге қоныс аударуын тілеп жүрген көп қандастың бірімін.

Назым САПАРОВА,
«Ұланның» жас тілшісі.

Ұлан» газеті, №45
5 қараша 2019 жыл

1 ПІКІР

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз