Таяуда Дубайда (БАƏ) оқушылар арасында робототехникадан халықаралық First Global олимпиадасы өтті. Роботтар бəйгесінде əлемнің 191 елінен келген балалар бақ сынаған. Біздің балалар жүзден жүйрік шығып, 3-орын алыпты. Олимпиадаға жол бастап барған Назарбаев зияткерлік мектебі робототехника зертханасының жетекшісі Нұрдəулет Досмағамбеттен жарыстың қалай өткенін сұраған едік.

«2017 жылы First Global олимпиадасы алғаш рет Лондонда өтті. 163 елдің ішінен сегізінші орын алдық. 2018 жылы олимпиада Мексикада өтіп, біз қатыса алмадық. Биыл шақыртуды наурыз айында алдық. Жарыстың шарты, ережесін оқып, келісім бердік. Оқушылар арасында іріктеу өткізіп, дайындықты бастадық. Назарбаев зияткерлік мектебінен Бақтияр Теміров, Жəнібек Манабаев, Дильназ Камалова, Haileybury Kazakhstan мектебінің оқушысы Ержан Қабдықайыров жəне Қарағандыдағы Нұрмақов атындағы мектеп-интернаттың оқушысы Елтай Қасымды таңдап алдық.

Олимпиадаға жер шарындағы бүкіл ел келді десек болады. Жарыс үш күнге созылды. Бірінші күні роботтар 2,5 минуттың ішінде доптарды сұрап, жинау керек. Үлкен жəне кішкентай доп мұхиттағы қоқысты білдіреді. Яғни, роботтың мақсаты – қоқысты жинау. Үш ойында үздік шықтық. Шарт бойынша бір топта үш елдің командасы бірігеді. Жеке команда ретінде жарысқа түспедік. Африкалық балалармен бір топқа түстік. Өкініштісі, олардың роботтары нашар. «Алпамыстың» (роботтың аты) тапсырманы мұқият орындайтынына сенімді болдық. Африкалық балаларға көп көмектестік. Ойынның мақсаты – топпен жұмыс істеу, бір-біріне көмектесу. Екі күн бірінші орында тұрдық. Бір ойында Ұлыбританиямен қатар түстік. Балалар тең дəрежеде сөйлесіп, бірге жоспар құрды. Бұл қазақ балаларының білім деңгейінің жоғары екенін көрсетеді. Ойын кезінде қарсылас топтар «сендермен бірге болсақ қой» деп балаларға қызығып, жылы лебіздерін айтты.

Робототехника үйірмесіне жүз шақты бала келсе, оның арасында қыздар да бар. «Оқимын, білемін» деген оқушыға шектеу жоқ. Керісінше, кейбір мəселеде қыздар тапқыр. Алда Ұлыбритания, Оңтүстік Кореяда робототехникадан жарыстар өтеді. Оқушылардың үмітті ақтайтынына сенемін.

«Болашақ» бағдарламасымен Ұлыбританияның University of Warwick оқып келдім. Бар білгенімді балаларға үйретіп жатырмын. Біздің балалар білімге «өте аш». Білгісі, көргісі келіп тұрады. Ал ағылшын балаларына кез келген есік ашық, еркін ойлы», – дейді Нұрдəулет ағай.

Қарағандылық Елтай Олимпиаданың əсерінен əлі шыға алмай жүргенін айтады:

– Роботты «Алпамыс» деп батыр бабамыздай болсын деп атадық. Ұзындығы – 50 сантиметр, салмағы 10 келіден артық болмауы керек. Пластик сынды əртүрлі затты шығара алатындай. Осындай талаптары болды. Мұхит толқынына төтеп беретін, суға батып кетпейтіндей етіп жасадық. Алдымен қарапайым етіп, кейін күрделендірдік. Жинаған қоқысты жағаға алып шығады. Екі күн бірінші орында тұрдық. Жеребе бойынша Африка, Латын Америкасының балаларымен бір топта едік. Оларға көмектесуге тура келді. Екіге бөлініп, бір топ африкалық балаларға көмектессек, екінші топ ойынды жалғастырдық. Біздің бірге жұмыс істегенімізді көріп, басқа топтар да қайталады. Бірінші орынды Норвегияның, екінші орынды Израильдің оқушылары алды, бізге үшінші орын бұйырды.

6-сынып оқып жүргенде мектепте робототехника үйірмесі ашылды. Футбол, сумо категориясына қатысып, қызықтым. Мектепте жарыс өтіп, жүлделі орын алдым. Робототехника жарыстары жыл сайын өтеді. Тапсырма да қиындайды.

Гүлфарида
ЗЕЙНУЛЛИНА

Ұлан» газеті, №45
5 қараша 2019 жыл

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз