ҚР БҒМ 2019 жылға арналған жоспар – кестесі бойынша «Балдәурен-Қапшағай» Республикалық оқу-сауықтыру орталығында 23 қазан – 11 қараша аралығында «Робототехника – болашақтың мамандығы» тақырыбында 14-ауысым өтуде. Ауысымға еліміздің жеті өңірінен 300 бала, атап айтсақ Алматы қаласы, Алматы, Жамбыл, Қарағанды, Қызылорда, Түркістан, Шығыс Қазақстан облыстарынан робототехникадан облыстық, республикалық байқау жеңімпаздары мен оқу озаттары жиналды.

Ауысым робот техникасының тарихы және болашағымен іс-шаралар ұйымдастыру барысында таныстыру, ауысым қатысушыларының шығармашылық, ІТ қабілеттерін дамыту, олардың танымдық қызығушылығын арттыру мақсатында жүзеге асуда. Орталықтағы тәрбие және білім кешені балалар шығармашылықтарының идеялық-көркемдік деңгейін көтеру, оның жеке тұлға болып қалыптасуына әсерін арттыру, әрбір жеке тұлғаның ақыл–ойының дамуына, адамгершілікке ұмтылып, зерттеушілік, танымдық қабілеттерін белсендіруге жағдай жасау, әр балаға өзінің шығармашылық, ІТ қабілетін ашып, көрсетуге мүмкіндіктер беру міндеттері аясында жоспарлы түрде жұмыс жасауда.

Әр адамға өзінің балалық шағы өте ыстық. Осы үлкен мұхиттай тұнық өмірдің шағын ғана бір бөлігі арман аралында өткізу бұйырған балғындардың  тамаша сәттерге толы естелік алып қайтуы үшін ұйымдастырушы-ұстаздар бойларындағы бар өнерін салады. Балалар арман аралының әр күнін қызық пен қуанышқы толтырады. «Ақпарат технологиясы» отряд визиткасын қорғау  кешінде әр отряд бақытты балалық шақ белестерін заманауи әлем өзгерістерімен байланыстыра отырып таныстырды. Әр отряд ұйымдастырушы-ұстаздарының шығармашылық, жаңашылдық бағыттағы нұсқауымен сахна төрінде өз өнерлерін ерекше көрсетті. Орталық жұмысындағы басты ерекшелік – уақытша ұжым жағдайында балалар арасында бірлесе жұмыс істеу, қысқа мерзімде алға қойған мақсатты сапалы жүзеге асыру арқылы балалар бойында ұйымшылдық, белсенділік, патриоттық қасиеттерді шыңдау. Әр облыстан жиналатын балғындар өз ортасында белгілі бір жетістікке жеткен, дарынды, талантты балалар. Олар орталықтың ауысымға құрған жоспарындағы  зияткерлік, ғылыми, өзін-өзі дамытуға арналған шаралар арқылы өз білімдерін, қабілеттерін шыңдайды. Өз ойларын еркін айтуға, сахнада белсенді болуға, өз замандастары арасында ерекшеленуге, бойындағы бұрын байқалмаған қабілеттерін ашуға тырысады.

Ауысым бойы балдәурендіктер арнайы жабдықталған «Робототехника» кабинетінде роботты техниканың негізі Lego Mindstorms EV3 және микроконтроллерінің құрылғыларымен таныса отырып, роботтарды модельдеу және бағдарламалау жұмыстарын, құрастыру дағдыларын Абай атындағы ҚазҰПУ мамандарымен бірге меңгере алды. Роботты техниканың шығу тарихы, оның түрлері және қолданылу салаларын біліп үйреніп, олардың қазіргі таңдағы маңызын және пән бойынша робот техникасын қолданып, сабақты робот техникасын қолдана отырып жобалау тәсілдерін үйренді. Бұл тәсілдер мен дағдылар әрбір қатысушыға инженерлік, нұсқаушылық, шығармашылық идеяларды іске асыру және өз әлеуетін көтеруге мүмкіндік береді.

Патриоттық тәрбие нәрімен сусындап, өздерін рухани жағынан байыта отырып, Қазақстандық жас патриоттар Академиясы құндылықтарымен танысады. Қатарынан білімі мен білігі, ұйымдастырушылық қабілеті ерекшеленген дарындар Академия мүшелігіне қабылданады. 20 күндік демалыс кезінде балалар оқу бағдарламасынан қалыспай білім кешенінде өз оқуларын жалғастырса,  өзін-өзі басқару ұйымы мүшелері өз міндеттерін мүлтіксіз орындайды.  Оқу мен сауықтыруды қатар алып жүретін балалар арман аралы әрдайым қызыққа толы шаралармен өз демалушыларын қарсы алып, бойларына азаматтық рух, елдік пен батырлықтың дәнін себеді.

 

Жаныбек Мурат Кемалұлы

«Балдәурен-Қапшағай» РОСО әдістеме бөлімінің әдіскері

 

 

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз