Жақында Ақмола облысының Бурабай ауданында IQanat high school of Burabay
инновациялық мектебінің құрылысы басталды. Қазақстандық меценаттар Айдын Рақымбаев, Бауыржан Исабаев, Рүстем Итемиров жəне мектептің директоры Арсен Байтуков ғимараттың іргетасын құйды. IQanat high school of Burabay – жаңадан ашылғалы жатқан инновациялық мектеп. Білім ордасы ауыл балаларына арналған. Мұнда 10-11-сыныптар қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде сапалы білім алады. Мектептің ерекшелігі – ешқандай қағазсыз, толығымен цифрлы болмақ. Онда қалай оқуға болады? Инновациялық мектептің білім беру
жүйесі қандай? Ол жайында мектеп директоры Арсен Байтуков айтып берді.

Мектептің құрылуы жайлы

Мектептің негізін қалаушы – IQanat білім беру қоры. Қордың мақсаты – ауыл балаларының сапалы білім алуына мүмкіндік беру. Себебі қала мен ауылда оқып жүрген оқушылар арасында білім алуда теңсіздік бар. Соны жою үшін IQanat білім беру қоры құрылған. Оны ауылдан шыққан кəсіпкерлер құрған. Мектеп ашумызға не себеп болды?.. IQanat қоры жыл сайын олимпиада өткізеді. Сол білім жарысында бірінші, екінші кезеңдерден сүрінбей өтіп, республикалық деңгейге жеткен оқушыларға екі жыл ҰБТ-ға дайындалу мүмкіндігін береміз. Ол қалай? Біз сол балалардың білім беру орталықтарында оқу ақысын төлейміз. Олар қашықтықтан балаларды оқытады. Қазір қордың 900 білім алушысы бар. Олар Қазақстанның түкпір-түкпіріндегі ауылдарда. Ауылдағы балаларға сабақ қалай жүріп жатқанын, қаншалықты нəтижелі болып жатқанын астанада отырып тексеру қиын. Сондықтан еңбегіміз ақталып, балалар озық университеттерге көбірек түссін деп өзіміз дайындайтын білім орталығын ашуға шешім қабылдадық. Солай IQanat high school of Burabay мектебін құрдық.

IQanat high school of Burabay

Атына тоқталсам, IQ – ойлау қабілеті, Qanat – қазақша «қанат» сөзі, яғни біздің қордың арқасында басы істейтін, білімге ұмтылысы бар балаларға өмірде қанат қағып ұшатындай сапалы білім беру. IQanat high school of Burabay қазақшалағанда Бурабайдағы IQanat-тың жоғары мектебі деп аударылады. Аты неге ағылшын тілінде? Оқушыларымыз тек Қазақстан университеттерінде емес, бүкіл əлемде оқысын деп ағылшын тілінде атадық. Əрі бірден халықаралық дəрежеде танымал болса дедік.

IQanat high school of Burabay – жоғары сынып оқушыларына арналған инновациялық мектеп-пансионат. Мектепте 10-11-сыныптар білім алады. Сабақ үш тілде өтеді: қазақ, орыс, ағылшын. Мектептің инфрақұрылымы финн жəне жапон технологиясымен жобаланған. Аумағы 7000 шаршы метрден асады. Жатақханасы 200 адамға арналған. Оқушыларға қолайлы болуы үшін барлық жағдай жасалған. Күніне бес уақыт тамақ, мектеп формасы жəне баланың сабағына қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етеміз. 10-11-сыныптарды қосқанда, барлығы 200 оқушы. Оларды 20 оқушыдан бөлеміз, əр топта бір тьютор болады. Тьютор – спорт, өнер, кəсіпкерлік, бағдарламалау салаларынан хабары бар білікті маман. Ол оқушыларға оқуда бағыт-бағдар беріп, өздерін дамытуда жөн сілтейтін адам. Ал жалпы мектепте шет тілдерін білетін, халықаралық тəжірибесі бар мұғалімдер сабақ береді.

Мектептің ерекшелігі

Мектептің артықшылығы деп айтпаймын, біз ешкіммен ешқандай тартысқа түскен емеспіз жəне ондай ойымыз жоқ. Бірақ мектебіміздің өзіндік бір ерекшеліктері бар. Біріншіден, оқушы жоспарын өзі құрастырады, яғни білім беру бағдарламасы оқушының таңдауына қарай іске асады. Екіншіден, бұл мектепте толығымен цифрлық, яғни сандық орта болады, ешқандай қағазсыз. Оқушыларға стилус пен ноутбук беріледі. Пернетақтамен де, қолмен де жазуға болады. Бұл жоба Microsoft Education онлайн платформасымен бірге іске асады. Пансионат болғандықтан, балалар семестрмен оқиды. 16 апталық семестр, бір
семестр – 4 ай. Арасында бір ай демалыс. Осындай жағдайда оқушының білім алуға мүмкіндігі көбірек болады деп ойлаймыз. Сондай-ақ ағылшын тілін жəне өзге де пəндерді терең меңгеруге мүмкіндігі бар.

Бізде оқыту бағдарламасы баланың білім деңгейіне қарай жасалады. Мысалы, математикадан білімі төмен болса, сəйкесінше математикадан іргелі білім беруге тырысамыз. Дəл сол сияқты басқа пəндерден білім деңгейі кішкене нашарлау болса, тура солай сол сабақты меңгеруіне мүмкіндік береміз. Сонымен қатар оқушының таңдауына қарай, яғни шетелде немесе Қазақстанда оқи ма, соған қарап бала үшін жеке траектория əзірлейміз.

Мектеп директоры Арсен Байтуков жайлы

IQanat қорына мектеп жөніндегі идеяны ұсынғанмын. Бұйырса, осы мектепті басқарамын. Білім саласында 12 жылдық тəжірибем бар: қатардағы физика пəнінің мұғалімінен Назарбаев зияткерлік мектебінің директорына дейінгі қызмет атқардым. Тараз қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебіне ең алғаш директор болып барғанмын. Сол мектептің құрылысына қатысып, балаларды жинауға атсалыстым. Бұл жағынан да, халықаралық деңгейде де тəжірибем бар. Сол тəжірибемді ауылда жүрген балаларға мектеп ашып, барлық жағдай жасау үшін қолданып жатырмын.

Білім беру жүйесі жайлы

Оқыту жүйесіндегі мемлекеттің бекіткен жоспарын ескереміз. Бірақ біздің өзіндік арнайы əдістемеміз бар. Əзірге бұл жайлы толық айта алмаймын. Себебі ол баланың таңдауы мен жиналған мұғалімдерге байланысты болады. Бірақ академиялық еркіндік береміз.

Мектепке қалай түсуге болады?

Мектепке түсу үшін жоғарыда айтып өткен олимпиадаға қатысу керек. Олимпиадаға қатысу толығымен тегін. Бүкіл кітапшалар, есептер жинағы біздің тарапымыздан шығады. Оны сатып алудың керегі жоқ. IQanat.kz сайтына кіріп,
барлық ақпараттан хабардар бола алады. Қыркүйек айында тіркелу болады, уақыты –бір ай. Олимпиадаға тіркелген оқушылар саны өткен жылы 30 мың болса, биыл 50 мың балаға жуық. Дегенмен де республикалық кезеңге дейін бірінші, екінші кезеңнен 700 бала іріктеліп шығады. Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар шыққан 700 білім алушыны Нұр-Сұлтанға алдыртып, олардың жолақысын, тұратын жерін, тамағын төлейміз. Ал республикалық кезеңде түрлі пəннен бірінші, екінші, үшінші орын алған оқушыларға əртүрлі сыйлық табысталады. Осы жерде атап өтейін, республикалық кезеңге жеткен шəкірттердің барлығына екі жылдық ҰБТ тестіне дайындалу мүмкіндігі беріледі.

Сол республикалық кезеңге жеткен тəлімгерлер арасында қосымша когнитивті тест аламыз.

Неге когнитивті? Оқушылардың академиялық деңгейі əртүрлі болғандықтан, тексере алмаймыз. Сондықтан баланың таза табиғи ойлау қабілетіне байланысты таңдап аламыз. Осы тест арқылы 100 оқушыны іріктеп, мектепке қабылдаймыз.

Біз қандай кепілдік береміз?

Оқушыларымыздан не күтеміз? Бала өз таңдауы бойынша өзінің траекториясын жасайды. Егер баланың жоспары іске асса, біз үшін ең үлкен жетістік сол. ТОП-100 университет дегендей ешқандай кепілдік бермейміз. Біз қандай кепілдік береміз? Сапалы білім. Мектептің жұмысы – балаға сапалы білім беру. Ол біліммен қай оқу орнына баратынын бала өзі шешеді, алдынан қандай өмір күтетіні де əркімнің өзіне байланысты. Біздің мектептен бала ауылда жүргеннен артығырақ нəрселерді ала алады деп есептейміз. Мұғалімдеріміз өте сапалы кадрлар. Кейбіреулері тіпті шетелдік аккредитациядан өткен. Сондықтан балалар осында оқығанда сапалы білім ала алады деген сеніміміз мол.

Мектептің болашақтағы жоспары жайлы

Мектеп 2020 жылы тамыз айында ашылады. Білім мекемесін ашқан соң үш жылдан кейін халықаралық аккредитация алу жоспарымызда бар. Алдағы уақытта тағы 2-3 қосымша мектепті Түркістан, Шығыс Қазақстан облыстарында ашсақ деген ниеттеміз. Тек қана мектеп емес, түлектермен жұмыс істейтін жүйе құрмақпыз. Мектеп бітірген соң да оқушылармен байланысты үзбей, мектепті бітірген түлектер ассоциациясын жасаймыз. Олардың басқа да ауылда жүрген балаларға мүмкіндік жасағанын қалаймыз.

Қания ТАБЫС,
СДУ студенті.

Ұлан» газеті, №45
5 қараша 2019 жыл

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз