Біраз уақыт бұрын нағашыларыма қыдырып бардым. Нұрдəулет Ғани есімді жездем əскери борышын өтеуге Үндістанға кетіпті. Бұл жаңалықты ести сала жездеммен жақын танысуды ойладым. Белгілі себептерге байланысты бір айдан кейін ғана сұқбатқа келісті. «Балдызыма бермегенде сұқбатты кімге беремін?» деп қалжыңдады. Отбасының тірегі, балаларының сүйікті əкесі Нұрдəулет жездеммен жұмысы жайлы, Үндістан туралы біраз əңгімелестік. Бір сағаттық əңгімені үш бетке əрең сыйғыздым. Біраз қызықты мəлімет айтты. Ал телефонның арғы жағынан үнді киноларында ойналатын сазды əуен естіліп тұрды.

Қазталов ауылында дүниеге келдім. Балалық шағым да сол өңірде өтті. Алматы
қаласындағы Құрлық Əскери институтының түлегімін, – деп бастады əңгімесін жездем. – Негізгі жұмысым Қапшағай қаласындағы №28079 əскери бөлімінде болды. Қазір Үндістандағы Мадхья Прадеш провинциясы, Татшмари қаласындағы Қазақстан бітімгершілік полкінде арнайы мақсаттағы оқ ату ротасында қызмет етемін. Рота командирі, штаб офицерімін. Негізгі мақсатымыз – бітімгершілік миссияларға қатысу, ағылшын тілін үйрену. Полктағы əрбір əскериден ағылшын тілін үйрену талап етіледі. Елімізде өзім қатарлы офицерлер мен сержанттарды əр өңірге немесе шетелге тəжірибе алмасуға жібереді. Оның арнайы бекітілген мерзімі болады. Офицерлер 1 ай, 3 ай, 6 ай аралығында бітімгершілік миссиясын өтеп келуі қажет. Маған алты айлық мерзім ұсынды. 18 маусым мен 9 желтоқсан аралығын қамтиды. Шетелдің азаматы əрі əскери адам болғасын, бізге жақсы жағдай жасалған. Жол жүру шығыны мен жатын орын, үш мезгіл тамақ қос мемлекеттің тарапынан төленеді. Бос уақытта қаланың көрнекі жерін аралау да мемлекет есебінен қарастырылған. Бізге жүктелген міндет – берілген тапсырманы орындап, ағылшын тілін меңгеру. Бітімгершілік мақсатта жұмыс
істеп жүргендердің арасында отандастарымнан бөлек, Қырғызстан мен Монғолияның, Қытай, Лаос, Комбоджа жəне Мьянма сынды мемлекеттерден келген əріптестерім де бар, – дейді əскери маман.

Шетелде жүргендерге қоятын «біздің ел туралы біле ме екен?» деген дəстүрлі сұрағымыз бар ғой. Бұл сауалым да жауапсыз қалмады. Тіпті Үндістанның саяси-əскери өмірі мен халқының тұрмыс-тіршілігін де айтып берді.

– Жергілікті халық Қазақстан туралы біледі. Мемлекетіміздің қайда орналасқаны, қандай ел екені үнділерге жақсы таныс. Қазақстан – дүниежүзіндегі ең бай елдің бірі, табиғаты, экономикасы, халқы, бəрі дерлік керемет ел деп ойлайды. Шетелдік офицерлер еліміздегі тұрақтылық пен тыныштықты үнемі айтып отырады. Үндістанға келгелі бірде-бір адамнан «Қазақстанды білмеймін» деген сөзді естімедім. Көшедегі қарапайым халықтан бастап, жоғары лауазымды тұлғаларға дейін туған жерімізді біледі.

Біздің өлкеміздің табиғатына қызығады. Еліміздің күн санап дамып келе жатқанына, əлемнің басқа мемлекеттеріне өзімізді мойындата алғанымызға қуанамын. Үндістанның əскери əлеуеті мен қарулы күштері өте мықты. Қару-жарақпен де жақсы қамтамасыз етілген. Бірнеше рет ғарыш биігін бағындырған мемлекет. Басқа елдермен бірлескен бітімгершішілік миссияға қарап-ақ Үндістанның қарулы күштерінің жоғары деңгейде дамығанын байқадым.

Халықтың да əскерилерге құрметі ерекше. Кинодағыдай əн мен жырға бай мемлекет. Тұрғындар көшеде думандатып, əр күнін мереке секілді өткізеді. Үндістанның тағы бір ерекшелігі – туристік орындар, тарихи ғимараттар өте көп. Жұмыстан тыс уақытта саяхаттағанды ұнатамын. Ел аралай жүріп, əйгілі Тəж-Махалдан бастап, Үнді қақпасы, Бахаи храмы, Хумаюн қабірі, Қызыл форд, Акшардхам, Кутуб Минар сияқты бірнеше тарихи орынды араладым, – дейді жұмыс пен саяхатты қатар алып жүрген Нұрдəулет жездем.

Жездемнің əр сөзінен алыстағы елін, ата-ана, бауырларын, отбасын сағынғаны
сезіліп тұрды. Əпкемнің қорғаны, екі ханшайым мен бір батырдың сүйікті əкесі
«отбасымды қалай сағынғанымды сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес» деп отыр.

– Ата-анамды, бауырларымды, отбасымды қатты сағындым. Оларды бір сəт болса да ойымнан шығарған емеспін. Қолым босай салса болды, бірден отбасыма, ата-анама қоңырау шаламын. Кішкентай балапандарымның дауысын естісем болды, елге тезірек қайтқым кеп тұрады. Отаныма қайтатын, отбасыммен қауышатын күнді асыға күтіп жүрмін, – деді ардақты жар, қамқор əке.

Араға уақыт салмай жездемнің суреттері қажет болғасын нағашы əпкем Розаға хабарластым. Əпкем де жездемді сағынғанын жасырып қалмады.

– Үндістанға кеткеніне бес ай болды. Елге келер күнін тағатсыздана күтіп жүрміз. Балаларым да əкелерін қатты сағынды. Күн сайын «əкеміз қашан келеді?» деп сұрайды. Отағасы əскери адам болғасын əр іссапары мен тапсырмаларына түсіністікпен қараймын. Үнемі жағдайымызды сұрап, амандығымызды біліп отырады, – деді əпкем.

P.S. Бітімгершілік мақсатта шет ел асып жатқан қазақ офицерлерінің бəрі дерлік өте мықты. Алайда бітімгершілік полктің мүшесі болу екінің біріне бұйыра бермейді. Ең жақсы, ең өжет деген əскерилер ғана іріктеліп алынады. Ал сондай мықтылардың бірі – менің жездем. Нұрдəулеттей жездемнің ел ішінде емес, шет елде Отан алдындағы борышын абыроймен атқарып жүргеніне мақтанамыз.

Аяжан ҒАППАР,
«Ұланның» жас тілшісі.
Əжібай ауылы,
Қазталов ауданы,
Батыс Қазақстан облысы

Ұлан» газеті, №45
5 қараша 2019 жыл

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз