Бұрын онша мән бермепті. Сынып сағатында Яша тартқан әуен Бектасқа қатты әсер етті.

Үзіліс болып, сыртқа шыққасын ол:

– Жаңағы ойнаған күйің кімдікі? – деп сұрады Яшадан.

– Ол күй емес, Огенскийдің Полонезі. Бұл әуенді жұрттың бәрі ұйып тыңдайды. Домбырашы Дариха апайдан үйренгем.

Мұны естіген Бектас күймен басқа әуенді ажырата алмағанына шынымен ыңғайсызданып қалды.

Досының қысылғанын іштей сезген Яша әңгіме ауанын басқа жаққа бұрды.

– Домбыра үйренгің келе ме? – деді оның жанына жақындап. – Бір кезде үйреніп жүруші едің, тастап кеттің ғой. Негізі оңайынан бастау керек. Күйдің ең оңайы – «Келіншек». Тез-ақ қағып аласың.

– Үйренетін едім, домбырам болмады. – деді Бектас күмілжіп. Жоқтық та жаман-ау, басы салбырап, қиналып айтты.

– Үйренемін десең, мен саған ескі домбырамды беремін. Үйде жаттығасың. Талабың болса, қалғаны қиын емес.

Бектастың әкесі де, шешесі де жұмыссыз еді. Тек балаларға берілетін жәрдемақымен күн көретін. Ол да ауыз жаритын ақша емес қой.

Ертеңіне Яша Бектасты үйіне ертіп келді.

Бөлмесінде күйсандық, гитара, қобыз, сыбызға қатар-қатар тізіліп тұр екен. Шетінен алып, ойнап көрсетті.

– Бәрін қай кезде үйреніп алғансың? – деді Бектас таңданып.

– Мен еврейдің баласы емеспін бе? Біздің болмысымыз осындай. Бәріне бейім тұрамыз. Домбыраны ерекше жақсы көрем. Жақында әкем мына жаңа домбыраны жасатып берді. Ал мына ескі домбырамдны саған сыйлаймын. Үйіңе алып кет.

Екеуі кешікпей «Келіншек» күйін үйренуді бастап кетті. Әдепкіде Бектастың саусақтары икемге келмей, әуре қылып еді, аздан соң сәл бейімделе бастады.

Аржағына сенім ұялаған Бектас:

– «Келіншектен» кейін қандай күй тартамыз? – деді бір кезде досына қарап.

–«Сарыарқаны» үйренеміз. Тәуелсіздік күні бүкіл мектептің оқушыларының алдында қосылып орындаймыз. Оған дейін әбден дайындаламыз.

– Жақсы екен! – деді Бектас қуанып. – Бірақ, оған дейін толық дайындалып бола аламыз ба? Мен жаңа үйреніп жүрмін ғой…

– Өзіңе сенімді болсаң, дайындалып боламыз. Күнде осында келіп жаттығамыз. Әрі оған дейін әлі талай күн бар ғой…

Досының қолпашына көңілі көтерілген Бектас балаша мәз болды.

– Жанымызға Сидельникова Оля мен Хабибуллаева Гүльфияны қосып алсақ, қатып кетер еді. Олар өз ұлттарының музыка аспабын жақсы ойнайды ғой. «Сарыарқаны» да үйренсін.

– Мынауың жақсы ой екен. Мен бұл жағын ойламаппын. Оларға айтайық. Келіссе, күнде бірге жаттығамыз.

Іле екі дос осы күнгі үрдіспен қолдарын жоғары көтеріп, алақандарын бір-біріне шапалақтады.

Төретам кенті,
Қармақшы ауданы,
Қызылорда облысы.

Суретін салған Наталья ЯЩЕНКО
«Балдырған» журналы, №10
Қазан, 2019

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз