Жақында әлемге әйгілі France Football журналының тілшісі Италияның Турин қаласына барып, футболшы Криштиану Роналдумен сұқбат құрды. Бұл оқиға көпшіліктің қызу талқысына түсті. Осыдан кейін биылғы «Алтын допты» Роналду жеңуі мүмкін екен деп болжам жасаушылар көбейді. Себебі жылдың үздік ойыншысына берілетін «Алтын доп» сыйлығын Францияның осы журналы табыстайды. 30 үміткердің арасында «Ювентус» пен Португалия құрамасының ойыншысы Криштиану Роналду да бар.

Осы ретте әлемге әйгілі ойыншының сұқбатын ұсынуға тура келіп тұр. Бұл сұқбаттың қазақ жастарына беретін пайдасы да көп деп ойлаймыз. Жасөскін кумир тұтқан спортшысының ойына құлақ асатын шығар, бәлкім…

Месси туралы…

Көпшілік біздің спорттық бәсекеміз табысқа жетуге деген құлшынысымызды арттырады, мотивация береді деп ойлайды. Шынымен де бәсекелестіктің пайдалы жағы бар. Тиімді болғаны жасырын емес. «Реалда» ойнаған кездері Мессидің бар екенін көбірек сездім. Ол жақында Испания чемпионатына менің жетіспейтінімді айтты. Бірақ менің мотивациям ешкімге байланысты емес. Әр уақытта тек үздік болуға тырысамын.

Қалай бомбардир болды?

Ақылдымын деп айта аламын. Жан-жағыма қарай білдім. Қажет кезде өзгелерден үйренуге тырыстым. «Манчестер Юнайтедте» Гиггз, Скоулз, Ван Нистелрой, Фердинандтармен ойнадым. Олардан көп нәрсе үйрендім. Қасыңда осындай деңгейдегі футболшылар жүріп, өзіңе қажетті ештеңе ала алмасаң, онда ақымақсың. Басқа ештеңе емес. Бастысы – дәл солар секілді болуың міндетті емес, өзіңе қажеттісін бойына сіңіре білу маңызды. Сондай-ақ Алекс Фергюсонның көп көмегі тиді. Соның арқасында допты алып, алдаса беру немесе жай пас бергеннен қарғанда, көп гол соғудың маңызы қаншалықты екенін түсіндім.

Роналдудың артықшылығы…

Меңін осал жерім жоқ. Оң аяқпен де, сол аяқпен де, баспен де гол соға аламын. Мен күштімін, жылдам ойыншымын. Сол үшін барлық жағынан дайындалдым, жұмыс істедім. Әрине, идеал адам болмайды. Бірақ футболшылардың арасындағы идеалы болуға тырысамын, ең кемі соған жақын болғым келеді.

Жеке дисциплинасы

Чемпиондар лигасы аясындағы «Локомотивпен» ойын қиынға соқты. Қарсылас қақпасының алдына етпетінен жатып алды. Гол соға алмай әбден қара терге түстік. Жолым болмады. Сол үшін матчтың соңында аздап көңілім түсті.

Бұл енді қалыпты жағдай. Егер гол соға алмасаң, алаңдағы қимылың, іс-әрекетің өзіңе ұнамайтыны түсінікті. Бастысы, командам жеңіске жетті. Ойыннан кейін көңіл-күйім болмады. Кішкене бой сергіту үшін достарыммен кешкі асты бірге ішіп, таңғы төртте үйге келдім. Ұйықтар алдында мұз салынған ванна қабылдадым. Сөйтіп, таңертең сағат 10-да оянып, таңғы асымды дайындадым. Ал 11-де спортзалға бардым. Күнделікті дисциплина болмаса, 15 жыл бойы жоғары деңгейлі футболшы бола алмас едім.

Оқу

Айналамдағылардың арқасында көп нәрсеге қол жеткіздім. Олар мені жақсы көреді және алға жетелеп отырады. Олардан күн сайын үйренетінім бар. Әке болған кезде жастық шағымда қателік жібергенімді түсіндім. Маған бала кезімде мектеп ұнаған жоқ, сол себепті оқымадым. Қазір сол жіберіп алған қателіктерімді ретке келтіріп жатырмын. Кітап оқып тұрамын, оның ішінде медицина және йога туралы кітаптар қызық. Кез келген адам медитацияны байқап көру керек. Бұл жұмыс істейді. Өйткені, күйзелістен көп адам жапа шегеді, одан құтыла білу – бұл енді фантастика.

Матчтар жайлы

Егер барлығын мен шешетін болсам, тек жоғары деңгейдегі ойындарға қатысар едім: Чемпиондар лигасы, Ұлттық құраманың ойындары секілді. Дәл осындай ойындар маған мотивация береді. Қысымы көп, аса тартысты ойындарды ұнатамын. Бірақ профессионал болуың керек. Отбасыңды, саған ақша төлеп отырған клубты сыйлауың қажет.

Талант және жұмыс

Бомбардир үшін талант бірінші орында. Талантың болмаса, көп ештеңеге қол жеткізе алмайсың. Бірақ еңбек етпесең, құр таланттан пайда жоқ. Көктен саған өз бетімен ештеңе түспейді. Барлығына өз күшіңмен қол жеткізуің керек.

Қорғаныста ойнайтын командалар туралы

Тек қорғаныста ойнайтын командаларды ұнатпаймын. Мұндай футбол менікі емес. Алаңға қорқынышпен шығуға болмайды. Бұл ешқандай сын емес, жеке пікірім. Дым ештеңеге тырыспасаң, сонда қалай жеңіске жетесің? Өмір де дәл футбол секілді, мен таңғжайыпқа сенбеймін.

Жасы туралы

Ұзақ уақыт денсаулықты күтуге болады, бірақ қарттықты жеңе алмайсың. Дегенмен мен жас болып қалғым келеді. Қазір адамдардың орташа өмір сүру ұзақтығы – 82,5 жас. Алайда адамдар 65 жастан кейін есінен алжаса бастайды. Балаларының аттарын ұмытады, дәрі қабылдайды дегендей. Мұның маған қатысы жоқ деп санаймын. Мысалы, дәл қазір «Ювентус» секілді ТОП-команданың деңгейінде ойнап жүрген менің жасымдағы футболшыны тауып көріңізші… Бұл оңай емес. Бәрі спортшы болғандықтан шымыр деп ойлайды, мәселе жаттығуда емес. Өмір сүру стиліңе, дұрыс тамақтануыңа, уақтылы ұйықтауыңа да көп нәрсе байланысты. Оның бәрін ақылмен істеу керек.

Жолы болғыштығы

Болашағынан үміт күттіретін қаншама жас талантты ойыншыларды қарап көріңізші. Болмашы жерден жарақат алып жатады. Соның бәрі жолы болмағандықтан деп ойлайсыз ба? Жоқ, қателесесіз. Мен ондайды түсінбеймін. Өмірде жолы болатындарға және сәтсіздікке жиі ұшырайтындардың біріне еліктеуге болады. Мен бірінші нұсқаны таңдадым. Мұнда сәттілікке бастайтын жолды таңдау керек. Құдай бәрін көріп тұр. Мен бәріне қол жеткіздім, өйткені осының бәрін жоспарға сәйкес істедім. Екі-үш жыл жоғары деңгейде ойын көрсетумен, 15-16 жыл бойы ТОП футболшы болудың айырмашылығы көп. Барлығы тек талантқа тіреліп тұр деп ойламаймын.

Жеңімпаз рухы

Үздіктердің үздігі болуды үйрендім. Тек спортта ғана емес. Осы күні Нобель сыйлығы иегелерінің кітаптарын оқимын. Олар не ойлап тапты, не құрастырды, не жасады, соның бәріне мән беремін. Мұның бәрі олардың қолынан қалай келгенін түсінуге тырысамын.

Карьерасы жайлы

Англияда, Испанияда ойнадым, қазір Италиядамын. Оның бәрі алға жылжуыма әсерін тигізгеніне сенімдімін. «Жайлылық аумағынан» шығуға қорыққан жоқпын. Әйтпесе, бәрі керемет болатын. Маған жаңа ұсыныстар, жаңа белестерді бағындырған ұнайды. 33 жасымда «Ювентустің» жейдесін кигенімде көбі таңғалды. Бірақ былтырғы маусымда Италияның А сериясының үздік ойыншысы атандым. Мен керемет бейімделгішпін. Команда ауыстыруға болады, әртүрлі бапкерлердің қарамағында ойнауға болады, алайда мұның бірде-бірі ойыныма әсер етпейді.

Дайындаған
Бек ТӨЛЕУОВ

Ұлан» газеті, №45
5 қараша 2019 жыл

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз