«Балдәурен» Республикалық оқу-сауықтыру орталығында демалу – әрбір қазақстандық баланың арманы. Лагерьдің Бурабай, Қапшағай, Түркістан, Балқаш сияқты табиғаты тамаша жерде орналасуы ғана емес, онда қызмет ететін педагог мамандар да оқушыларды өзіне баурап алады. Жақында Алматы қаласында «Жастар» педагогикалық тобымен өткен кездесуде осыған көзіміз жетті. Қазақстанның төрт бұрышындағы «Балдәуренде» жұмыс істейтін жас мамандар Қапшағайда бас қосып, 2019 жылдың «Үздік педагогикалық Жастар тобын» анықтады. Біз жастар отрядын теміржол вокзалынан күтіп алдық. Бурабайдан келгендер күзден жазға саяхаттағандарын айтса, шымкенттік жастар оңтүстіктен әкелген шашуларын ұсынып жүр. Бір байқағаным – бұл жастарды жол да, ұйқы да, қиындық та шаршата алмайды екен. Алыс жолдан шаршап келсе де, айтқандары – ән, билегендері – би, барлығында көтеріңкі көңіл-күй. Дайындықтарының жақсы екенін осыдан-ақ байқауға болады. Тіпті, қажетті музыкалық аппарат пен дайындаған реквизиттерін де арқалап келіпті.

Осылайша, 2019 жылдың күзінде «Балдәурен – Қапшағай» оқу-сауықтыру орталығында бас қосқан жастар педагогикалық тобы екі күн бойы түрлі бағыт бойынша байқауға түсті. Байқауда Абай атамыздың мұрасы ұлықталып, Бурабай, Қапшағай, Түркістан, Балқаштан келген жастар педагогикалық топтары өздерінің аймақтарын таныстырды. Сондай-ақ олар ұйымдастырушы-ұстаздың сандығын таныстырып, ән айтып, би билеп, өнерлерін ортаға салды. Келесі күні ұйымдастырушы-ұстаздар спорттық ойын түрлері бойынша сынға түсті. Тақырыптық отряд бөлмесін безендіру процесі де байқаудың ең қызықты кезеңдерінің бірі болды. Біліммен де, білекпен де мыңды жығатын, бір бойына сан түрлі өнер дарыған жастардың өнеріне біз де тәнті болдық.

Шындығында, «Балдәуреннің» атын қалыптастырып, көркін қыздыратын, жан-жақтан жиналған балалардың басын қосып, олардың лагерьдегі ең алғашқы досы, ағасы, әпкесі, тіпті, кейде ата-анасыныңы рөлінде болатын жастар педагогикалық тобының мүшелері. Олар тәулігіне 24 сағат, аптасына жеті күн, ауысым бойы тынбай еңбек етеді. Олар – еңбекқор. Олар – өнерлі. Себебі, олар – балалардың шамшырағы. Балалар да «Балдәуреннен» кеткен соң өз ұстаздарын ұмытпайды. Оған дәлел – байқаудың қортындысын шығаратын күні Алматы қаласындағы «Достық» үйінде болған фан-кездесу. Экс-балдәурендіктер өздерінің ұстаздарымен кездесіп, орталықта болған қызықты оқиғаларын естеріне алып, ұйымдастырушы-ұстаздарға сұрақтарын қойып, мардымды жауап алды. Байқауымызша, демалушы балалардың барлығын дерлік ұйымдастырушы-ұстаз болу туралы сұрақтар мазалайды екен.

Байқаудың жалпы қорытындысы бойынша «Балдәурен-Түркістан» оқу-сауықтыру орталығынан келген ұйымдастырушы-ұстаздар үздік шықты. Биыл екінші рет ұйымдастырылып отырған байқаудың былтырғы жеңімпаздары «Балдәурен-Қапшағай» жеңімпаз ретінде байқау өткізуді биыл өз мойнына алған болатын. Алдағы жылы жастар педагогикалық отряды шырайлы Шымкентте бас қосатын болады.

Бір қызығы, ұйымдастырушы-ұстаздардың барлығында үздік болуға, көңілді болуға деген талпыныс бар. Бірақ, жеңімпаз болу олар үшін маңызды емес. Себебі, «Балдәуреннің» жастары –  бүтін отбасы. Бәрі бір-біріне бауыр. Оссындай бауырмал, білімді, өнерлі жастар біздің болашақтағы толқынды үздік етіп тәрбиелейтініне сеніміміз мол.

Автор: Дана Маратова

Суреттерді түсірген: Айгүл Хожантаева

 

 

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз