Белгілі балалар ақыны Өкім Жайлауовтың туғанына 90 жыл

Өкім аталарың еңбек жолын «Қазақстан пионері» (қазіргі «Ұлан») газетінде қызмет етуден бастаған. Ақын ересек оқырмандармен қатар балаларға арнап та өлеңдер жазуды ерте қолға алған. Оның қаламынан бүлдіршіндер сүйіп оқитын көптеген өлеңдер мен тақпақтар дүниеге келді. Ақын аталарыңның «Шәкірт ойы», «Жасыл бақша», «Шопан дауысы», «Жарқын жаз», «Арай», «Күміс жаңбыр», «Соны соқпақ», «Шұғылалы шақ», «Дарқан дала», «Мезгіл бояулары», «Шартараптан шарапат»сияқты өздеріңе арналған кітаптары жарық көрген. Ақынның 90 жылдық мерейтойына орай өздеріңе арналған бір топ өлеңін назарларыңа ұсынамыз.

ҚОМАҒАЙ

Тамаққа ол сұс қадап,
Обырлана кіріскен.
Абайсызда тістеп ап,
«Шығып қалды тілі істен».

Былай қалды тамағы,
Тілі судай қанады.
Жасқа толып жанары,
Түсіп кетті қабағы.

Тілі ашыды-ау,
Обал-ай,
Азабын-ай, азабын!
Өзіне өзі
Қомағай
Тарттырды өстіп сазайын.

СҮТ

– Сүт берші, апа, сүт, – дедім.
– Сүт жоқ үйде, шырағым.
Болмаған соң күткенім,
Жер тепкілеп жыладым.

– Қайдан алам табанда, –
Деді апам қысылып. –
Түсте ешкіні сауам да,
Сүтін берем пісіріп.

Көнбесем, не өнеді,
Тым ақымақ емеспін.
Тысқа шықсам,
Бедені
Күйсеп-ақ тұр көк ешкім.

Жем қалдырған кезі жоқ,
Бәрін жепті жемінің.
Байғұс
Сүтке тезірек
Толтырмақ-ау желінін.

Осы кезде көк лағым
Қоя берді маңырап.
Түкпірінде қораның
Жылап тұр ол аңырап.

Қарап тұрмын аңырып,
Өз жайыма жөнелмей.
Маңырайды жалынып:
– Сүт! Сүт берші! – дегендей.

Сүтті қайдан берем мен,
Бір тұйыққа тірелдім…
Ағыттым да көгеннен,
Жамыратып жібердім.

ЕРІНШЕК

Теледидар алдында
Отырғаны емініп.
Егер жұмсай қалдың ба –
Сылтау айтар ерініп.

– Сабағыңа дайындал!–
Десең болды пәлеге,
Қайдағыны уайымдар,
Сылтау айтып және де.

– Сыпырсаңшы еденді!–
Десең, тағы күңкілдер.
– Маза берші, тегі, енді!
Ойнап келем, шіркін!– дер.

Ақша ұстатып қолына:
– Жей ғой, – десең, – тәтті алып!–
Қарап оң мен солына,
Шыға келер шаттанып.

АСПАН

Көлегейлеп күн жүзін,
Көшпелі бұлт басқанда,
Сан құбылтып мінезін,
Ашуланар аспан да.

Ыза-жасын жаңбыр ғып,
Нөсерлете жөнелер.
Жер-дүние жаңғырып,
Рақатқа кенелер.

Жаңа ғана түйіліп
Тұрған аспан ашылар.
Доға болып иіліп,
Кемпірқосақ асылар.

Суретін салған Ерлан МОМБАЕВ

«Балдырған» журналы, №10
Қазан, 2019

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз