Осыдан тура 20 жыл бұрын, дəл осы қазан айында «Хабар» арнасының эфирінен «Город будущего» деген телехабар жарыққа шыға бастады. Араға біраз уақыт салып, қазақ тіліндегі нұсқасы «Азамат» деген атпен көрерменге жол тартты. Содан кейінгі бірнеше жылда «Азамат» жастардың ғана емес, балалар мен жасөспірімдердің ең сүйікті бағдарламаларының бірі болды. Мұны Ұлттық пікірсайыс орталығына келетін, дебат клубына мүше болғысы келетін жастардың саны жылдан-жылға көбейгенінен-ақ көруге болады. Ал сол дебатерлардың қай-қайсысы да бүгінде қоғамның əр саласында жауапты қызмет атқарып жүр. Пікірсайыс клубының қазақ бөлімінде үйлестіруші қызметін атқарған Рауан Кенжеханұлы бүгінде білім беру, ағарту саласындағы көптеген бастамасымен танымал. Қазір Ұлттық аударма бюросына жетекшілік етеді. Алмас Нұрбақытов, Нартай Əшім, Тимур Мұхтаров сынды азаматтар да бүгінде ағарту бағытында қызмет етіп жүр. Дебатерлар арасынан шыққан Руслан Желдібай Ақпарат жəне қоғамдық даму министрлігінде жауапты қызметте болса, Ерболат Мұхамеджан Білім жəне ғылым министрінің кеңесшісі. Айтпақшы, Білім министрі Асхат Аймағамбетов мырза да дебаттан шыққан азамат. Əділ Сəрсенбай бастаған жігіттер азаматтық қоғамның дамуына үлес қосып жүрсе, Асхат Жапсарбай бастаған бір топ мемлекеттік қызметте. Кезіндегі белсенді пікірсайысшылардың бірі Жұлдыз Сүлейменова Алматы қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің директоры болса, Сəбит Мəтиев Ұлттық банкте қызметте. «Азаматтан» шыққан журналистер мен осы саладағы топ-менеджерлердің өзі бір төбе. Ринат Кертаев, Құрманбек Жұмағали, Мұрат Есжан, Нұрмұхамед Байғараев, Нұрсұлтан Құрман, Мира Мəдəлі, Назым Басқынбаева, Алма Сайлауқызы, Айсəуле Əбділдаева сынды журналистер мен продюсерлер – солардың бір парасы ғана. Шыңғыс Ергөбек, Нұрбек Матжани, Шалқар Нұрсейітов, Алмат Игенбаев сияқты жігіттер алыстағы Америкадан білім алып қайтты. Жалпы, қарап отырсақ, Ұлттық пікірсайыс клубы мен «Азамат» бағдарламасы жастардың тұтас бір буынын қалыптастырған екен. Осы азаматтардың қай-қайсысы да дебаттың түрлі форматын алдымен өзі зерттеп, елге алып келген, ең алғаш пікірсайыс орталығын ашқан Бақытнұр Отарбаеваға қарыздар десек, артық емес. Сондықтан болар, Бақытнұр Зейноллақызының мерейтойына орай Алматы менеджмент университетінде өткен дөңгелек үстелде Əділ Əбдірахман, Сəбит Мəтиев, Мақсат Халық, Назым Басқынбаева бастаған «азаматтықтар» бір шоғыр болып отырды.

«Бүгінгі дөңгелек үстелдің тақырыбының өзі ерекше. Білім беру саласындағы
технологиялардың трансформациясы: тиімді практика жəне даму перспективасы. Бұл тақырыпты таңдаған себебіміз, Бақытнұр Зейноллақызы –трансформатор. Жаңаша өзгерістер жасаушы адам».

AlmaU ректоры Гүлмира Курганбаеваның осы сөзіне алып-қосарымыз жоқ. Бақытнұр апай, расында да, нағыз осы білім мен ғылым саласының реформаторы. Сонау 1980 жылдары қазіргі əл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің тарих факультетін арнайы бөлімде, яғни ағылшын тілінде оқып бітіргеннен бастап тек қана білім беру, ағарту бағытында қызмет етіп келе жатыр екен.

Қазақ Ұлттық педагогика университетінде, Қазақ-Британ техникалық университетінде қызмет етсе, бүгінде AlmaU құрметті профессоры. Ізденімпаздығының арқасында Фулбрайт стипендиясын иеленіп, алғашқылардың қатарында Америкада оқыған. АҚШ-та, Ұлыбританияда, əлемнің басқа да дамыған елдерінде тəжірибеден өткен. Дөңгелек үстел басына жиналғандардың əрқайсысы Бақытнұр Зейноллақызының жаңашылдыққа жаны құмар жан екеніне, белсенді өмір салтына ерекше назар аударды.

Жиырма жыл бұрын телевизиялық бағдарламаның продюсері болған Гаухар Юсумбаева Ұлттық пікірсайыс орталығы мен «Азаматтың» арқасында еліміздің барлық жоғары оқу орындары мен мектептерінде пікірсайыс клубтары ашылғанын атап өтті.

– Жиырма жыл бұрын, дəл осы 23 қазан күні «Город будущего» эфирге жол тартты. Жарты жылдан кейін «Азамат» ашылды. Пікірсайысшыларымыз халықаралық аренаға шыға бастады. Сол балалардың əрқайсысы қазір өз
саласының маманы, ғылыми дəрежесі бар азаматтар. Бұл бағдарламаның жастарға берері көп болды. Сондықтан жаңаша форматта жаңғыртуды ойластырып жүрміз,
– деді Гаухар Юсумбаева.

Білім жəне ғылым министрі Асхат Аймағамбетовтің құттықтауын ала келген тағы бір пікірсайысшы Ерболат Мұхамеджан болса, өзі де дебатер болған министрдің осы бағыттағы жаңаша идеяларды қолдайтынын жеткізді.

Халықаралық ІТ университетінің профессоры Гүлнара Закирова пікірсайыс клубы жастардың саяси сауатының өсуіне зор ықпал еткеніне тоқталды.

– Мен пікірсайыс клубына ең алғаш 9-сынып оқып жүргенде келдім. Кейін университетке түскен соң, белсенді араласа бастадым. Бүкіл достарым, қызметім, жұмысым, бəрі осы «Азаматпен» тікелей байланысты екен. Тіпті, ең алғаш рет шетелге де осы пікірсайыстың арқасында барыппын. Ағылшын тілінде
Польшадағы дебат турниріне қатысқан болатынбыз. Біз тек пікірсайыспен шектелмей, ағарту бағытындағы басқа да жобалармен айналыстық. Бақытнұр апайдың тікелей мұрындық болуымен Парламентте қоғамдық көмекші болдық. Практикадан өтіп, заң шығару органының жұмысымен таныстық. Мол тəжірибе жинадық. Ауылдық жерлердегі балаларды тарту, оларды ынталандыру
мақсатымен арнайы десант ұйымдастырып, Алматы облысын аралап шықтық.
Мұның бəрінің бізге бергені мол болды,
– дейді продюсер, журналист, PR маманы Назым Басқынбаева.

Жиын соңында сөз алған Бақытнұр Зейноллақызы:

– Бүгін маған қаншама жылы сөз айтып, көңілімді көтердіңіздер. Өзімді керемет
қаһарман сезініп кеттім. Көбінесе пікірсайыс туралы айттыңыздар. Дебатты
мен ойлап тапқан жоқпын, бұл – Батыстан келген өнім. Интеллектуалдық
өнім. Пікірсайыстың түрлі форматын жасаған профессорлармен кездестім.
Соларды саралап, елімізде ашылуына мұрындық болдым. Мұны керемет жетістік
деп ойламаймын. Бірақ, мен талантты балаларды көре білдім деп ойлаймын,
– деді.

Бақытнұр апай болашақты жаңаша бағытта жаңғыртуды ойластырып жүргендерін де айтты. Ендеше, кезінде талай жастың арманы болған «Азамат» алда да біраз балаға жол сілтеуі мүмкін.

Жұлдыз ƏБДІЛДА

Ұлан» газеті, №44
29 қазан 2019 жыл

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз