Естеріңізде болса «Ақ желкен» журналының №9 санының «Егерде…» айдарында «Егер сіз үйректің сүйкімсіз балапаны болсаңыз…» атты мақала жариялаған едік. Ол мақалада балаға мектепте және отбасында жасалатын қысым жөнінде сөз қозғадық. Адам балалық пен жастық шағын артқа тастап, үлкен өмірге араласқан кезде де оған қоғам, өмір сүретін ортасы тарапынан көрсетілетін қысым күшейе түспесе, бәсеңдемек емес. Оның үстіне мектептегі әлімжеттік, мазақ ету секілді оқиғаларды үлкен өмірдегі нағыз психикалық қысымдармен салыстыруға келмейді.

Алдыңғы мақаламызда айтып өткендей жер бетіндегі адамдардың 50 пайызы
буллингтің құрбанына айналады. Буллинг – адамға әдейі қысым көрсету. Мысалы жұмыста басшы, жалға алып тұрып жатқан пәтердің иесі – барлығының талабын буллинг ретінде қарауға болады. Буллингтің 10 құрбанының жартысының бойында параноя белгілері пайда болып, ол психикалық созылмалы ауруға айналуы бек мүмкін. Бұл өз кезегінде адамды таңдау еркінен айырады. Әрине ол таңдай алады. Бірақ әр таңдаудың артында
оған кері әсер ететін бір нәрсе тұруы мүмкін. Оның қорқынышы осында жатыр. Яғни оның өмірі өмір сүруге емес, қателік жасамауға құрылады. Қазіргі таңда адамның араласатын ортасы шамамен 16 адамнан тұрады. Ал буллинг құрбанына айналған адам ешкіммен араласпай, тұйықталып, сыртқы ортамен қарым-қатынасын мүлдем тоқтатады. Сондықтан мұндай адамдардың айырылмас досы интернетке айналады. Өмір ағысынан шет қағылған адам өз агрессиясы мен ішкі қорқыныштарының барлығын әлеуметтік желілер арқылы өзгеге төгуі мүмкін. Әрине лақап ат арқылы. Мұның салдары өзге адамдардың психикасына кері әсер етеді. Бұл да оның оңалып кетуіне көмектесе қоймайды. Сондықтан олар өмірінің соңғы нүктесін өздері қоюға мәжбүр. Буллинг құрбандарының бестен бір бөлігі осы тәсілге жүгінетіні статистика бойынша дәлелденген.

Буллингтің әсерінен осындай күйге жеткен адамдарға психологтың көмегі аздау. Сондықтан олар өздерін қолға алып, өмір сүретін ортасын алмастыруы керек.
Мүмкіндік болса саяхаттағаны абзал. Ол сонда ғана өз өзін жеңе алады. Жаңа жерде жаңа адамға айналудың мүмкіндігі жоғары.

ТӨЛБАСЫ

Ақ желкен» журналы, №10
Қазан, 2019

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз