Бүгін «Ұланның» оқырмандарына Американың атақты теннисшілерінің бірі, «Үлкен дулыға» турнирінің екі дүркін чемпионы  Артур Эшті таныстырмақшымыз. Спортшының тағдыры басқалардан ерекше.

Ол жарық әлемде 50 жыл да өмір сүре алмады. Бар-жоғы 49 жасында дүниеден өтті. Эш корттағы қарсыластарын оңай жеңді, афроамеркалықтардың құқығын батыл қорғай білді. Сол үшін түрмеге де түсті. Теннистегі «Үлкен дулыға» санатындағы турнирді жеңген алғашқы және әзірге жалғыз қара нәсілді спортшы. Бірақ өкініштісі, аса ауыр дертті жеңе алмады…

ЖИДС-пен (СПИД) ауырған кезде де  Эш әлеуметтік және білім беру іс-шараларына айналысуын тоқтатқан емес. Шәкірттерінің бірі ұстазына жаны ашып мынандай сауал қойған екен: «Артур, неліктен құдай сізге осыншалықты әділетсіздік танытты?» Сол кезде оның жауабы да ұтымды шығыпты. «Әлемде 50 миллион бала теннис ойнауды бастайды, соның ішінде 500 мыңы әрі қарай жалғастырады, ал турнирлерге тек 50 мыңы ғана қатысады. Ал «Уимблдон» секілді «Үлкен дулыға» санатындағы жарыста бақ сынауға 50 адамның ғана жолы болады, ширек финалға – 8, жартылай финалға – 4, ал финалға тек екеуі өтеді… Мен осы додалардың басты титулын жеңіп алғанда құдайдан «Неге мен?» деп сұраған жоқпын, ендеше қазір де ондай сауалға қоюға хақым жоқ!» деп жауап беріпті.

Алғашқы қадамдар

Эш 1943 жылы Вирджиния астанасы Ричмонд қаласында қара нәсілді жұмысшылардың отбасында дүниеге келген. Осыдан 80 жыл бұрын Ричмонд Америкадағы азаматтық соғыстың қызып тұрған басты орталықтарының бірі болған. Ол анасы қайтыс болғаннан кейін жеті жасында үйінің қасындағы саябақта тенниспен айналысуды бастайды. Артур бапкерден жолы болған адам. Өткен ғасырдың 50-жылдарының соңында жасөспірімдер арасындағы ұлттық чемпионатты жеңіп алады. Ал 60-жылдардың басында жасөспірімдер арасындағы жабық кешендегі ел чемпионатында топ жарған алғашқы афроамерикалық теннисші атанады. Осы табысынан кейін Лос-Анджелестегі Калифорния университетіне (UCLA, әлемдегі ең атақты университеттердің бірі) стипендиямен қабылданды. Сөйтіп, Эш Дэвис кубогына қатысу үшін АҚШ құрамасына шақырылады. Оған дейін қара нәсілді ойыншылар құрамаға алынбаған. Айына 220 доллар стипендия да төленеді. 1966 жылы отбасында алғаш болып жоғары білім алып шығады (бизнесті басқару мамандығы бойынша).

Әскерден чемпиондыққа дейін

1966 жылы Эш отан алдындағы борышын өтеу үшін әскер қатарына аттанады. «Әскери борышын өтеуге келгендермен айналысатын лейтенант сөмкемдегі теннис ракеткасын көріп таңғалды. «Әй, бала, бұл таяқты неменеге өзіңмен бірге ұстап жүрсің», – деп сұрады. «Мұны ұстауды винтовкадан артық меңгеріп қалдым деп жауап бердім», – деп еске алады Эш әскердегі күндерін еске түсіргенде.

Арада 2 жыл өткенде кіші лейтенант Эш «Үлкен дулыға» санатындағы US Open турниріне қатысады. Айтпақшы, бұл жарыс сол кезде алғаш рет Нью-Йорк қаласында өтеді. Қатысушылар екі топқа бөлінген: бір тобы кәсіпқойлар, екіншісі – әуесқойлар. Артур екінші топқа қосылды. 22 жастағы теннисші фавориттердің біразын жеңіп, финалға шығады. Шешуші кезеңде онымен Том Оккер кездеседі. Бес сеттік матчта Эш жеңіске жетті. Марапат үшін күміс кубок алады. Басқа ештеңе жоқ… Ал финалдағы қарсыласына 14 000 $ түбіртегін ұсынады. Артур 1968 жылы рейтингте алғаш рет бірінші орынға көтеріледі. Сөйтіп, тағы афроаменикалықтар арасында әлемдік рейтингтің көшін бастаған бірінші спортшы атанады. «Үлкен дулыға» турнирін ұтқан алғашқы қара нәсілді теннисші. Осылайша, теннис спортының жаңа дәуірін бастады. Қазіргі кезде теннисте тек кәсіпқойлар бақ сынайды. Ал Нью-Йорктағы «Флашинг Мидоуз» орталық корты осы күні Артур Эштің атымен аталады.

Абақтыдағы күндер

Өз алаңдарында өткен дулығадағы жеңісінен соң араға екі жыл салып Артур Жасыл құрлықта марапатқа ие болады. Дегенмен 1970 жылы өткен Австралия ашық чемпионатына демеушілермен болған келіспеушілікке байланысты Лэйвер мен Роузвуд секілді мықтылар қатысқан жоқ. Бұдан Эштің жеңісінің құны төмендеді деуге келмес.

Эш еліне батыр болып оралды. Американың қаранәсілді тұрғындары Эшті аспанға көтерді. Ал ОАР елшілігі танымал спортшыға виза беруден бас тартты. Содан бері Артурдың апартеидке қарсы жеке күресі басталды. Қарсылығын митингтерде білдіріп, мінберлерде нәсілдер теңдігі жайлы ойын ашық білдіріп, елшілік алдында ереуіл ұйымдастырып жүрді. Оның бұл әрекеті биліктің назарынан тыс қалған жоқ. Теннисші 1985 жылы алғаш рет абақтыға қамалды. Арада 7 жыл өткен соң, 1992 жылы ол тағы да темір тордың ар жағынан бір-ақ шықты. Бұл жолы  Гаитиден келген босқындарға қорлық көрсеткеніне өзінің ашулы екенін «Ақ үй» алдында білдірді.

Соңғы дулығасы және алғашқы шәкірті

Қоғамдық істерге белсенді араласып жүрген Эш кейде тіпті теннис туралы ұмытып та кететін. Сөйте тұра 70-жылдардың орта тұсында да бұл спортта алдына жан салмай жүрді. 1975 жылы Уимблдонда Артур өзінің «Үлкен дулыға» санатындағы үшінші жеңісіне қол жеткізді. Бұдан соң тағы бес жылдай өнер көрсетіп, 1980 жылы 37 жасында үлкен спортпен қоштасты. Мұның алдында Артур микроинфаркт алған болатын.

Бірақ ол теннистен кеткен жоқ. Эш Дэвис кубогында АҚШ құрамасының капитаны болды. Өкінішке қарай, бұл тәжірибе сәтсіз шықты.

Коннорс, Макинрой секілді мықтылармен жұмыс істеу Артурдың өзіне қиын соқты. Одан қалды Эш жас таланттарды іздеумен айналысты. Сондықтан Янник Ноа секілді «жұлдыздың» пайда болғанына әлем осы Эшке қарыздар. Камерунға келгенде америкалық 10 жасар баланың талантына тәнті болады. Франция федерациясының президенті Филипп Шатриеден жасөспірімді қарамағына алуға өтініш жасады. Содан бері Янник француз атанды. Оның тәжірибесінің толысуына Артурдың қосқан үлесі зор. Себебі өзімен бірге ертіп жүріп түрлі жарыстарға қатысуын, тіпті өзімен бірге жұптық ойындарда өнер көрсетуін қамтамасыз етті.

Бұдан бөлек Артур журналисткаға да жақын еді. Time журналында өзінің бағаны да болды. Сондай-ақ ABC Sports-та комментаторлықты қоса атқарып жүрді.

ЖИТС-пен күрес

Емі жоқ ауруға душар болғанын теннисші 1988 жылы білді. Қан құю кезінде экс-теннисшінің ағзасына иммун тапшылығы вирусы түсіп, мұны ол төрт жыл бойы жасырып жүрді. Әрі қарай шындықты жасыруға болмайтынын түсінген ол USA Today-ге берген сұқбатында денсаулығы туралы ашық айтты.

Бойын дендеген ауруға дес бермей, Денсаулық институтының негізін қалаған. «Изящные дни» мемуарын Артур бақилыққа аттанардан бір апта бұрын аяқтаған.

Дайындаған
Бек ТӨЛЕУОВ

Ұлан» газеті, №44
29 қазан 2019 жыл

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз