Сүлейман Демирел университетінің технопаркі базасында IT жəне бизнес мектебінің студенттері стартап жобаларын таныстырды. Краудфандинг алаңында өткен шараға 17 топ қатысты. Жоба авторларының идеясы əртүрлі. Олардың ішінде онлайн қызмет көрсетуден бастап экофуд өнімдерін шығаратын жобалар да бар. Бір қызығы, студенттердің басым бөлігі өздері білім алатын оқу орнындағы проблеманы шешуге тырысқан.

Сүлейман Демирел университеті президенті Мейірбек Мəжитовтің айтуынша, краудфандинг алаңы – түрлі қызық идея мен əлеуметтік маңызды жобаны жүзеге асыратын орын.

«Біз жастарға кəсіпкер болудың қыр-сырын үйреткіміз келеді жəне олардың
шығармашылық идеясын дамыту үшін барынша қолайлы жағдай жасаймыз.
Мұндай шаралар теория мен практика дағдысын қолдана отырып, оқу орындарындағы кəсіпкерлікті қалыптастырады. Əрі бұл тəсіл жастарды нарыққа дайындап, оларға табыспен қатар сəтсіздікке де шыдауға үйретеді. Бұл болашақта бизнес құру үшін баға жетпес тəжірибе болатыны сөзсіз»,
– деді
Мейірбек Мəжитов.

Студенттердің жобасына университеттің профессор-оқытушылар құрамы да бағасын берді. Бизнес мектебінің деканы Берік Сабденəлиевтің айтуынша, жобалар қомақты қаржы əкелмеуі мүмкін, бірақ тəжірибе тұрғысынан алғанда, жастарға үлкен мүмкіндік береді.

«Кейбір жоба күнделікті өмірде сұранысқа ие болса, кейбір бизнес-модельдерге
кəсіпкерлік құралдарды жетілдіру қажет. Сонымен бірге неғұрлым ауқымды
аудиторияны қажет ететін жобалар да бар. Кооперацияға Бизнес мектебі мен IT мамандықтарының студенттері қатысып отыр. Осы шараның арқасында
студенттердің іс жүзінде кəсіпкерлікке бейімділігі мен арнайы дағдыларының
ашыла түскенін көріп отырмын»,
– деді Берік Сабденəлиев.

Жақын арада университет басшылығы жас кəсіпкерлерге өз тауарлары мен қызметтерін ілгерілету жəне сату мақсатында арнайы алаң құруды көздеп отыр.

Айнұр БАЙҚАРА:

Студенттер инвесторға мұқтаж

Шараны студенттік технопарк координаторы Айнұр Байқара ұйымдастырды. Ол бізге ерекше стартап жобалар мен олардың болашағы туралы айтып берді.

Ұлан: Айнұр, студенттер қандай идея ұсынды жəне олар несімен ерекше болды?

Айнұр Байқара: Студенттер түрлі жобаны ұсынды. Соның ішінде тамақ индустриясына қатысты үш жоба болды. Өкінішке қарай, қазір университетімізде пайдалы тағамдар тапшы. Асханалардан мұндай тағамдарды таба алмайсыз. Бұл олқылықтың орнын толтыру үшін студенттер осындай жобаны қолға алған. Олар смузи сусынын дайындайды. Жеміс-жидектерден салат жасап, оларды кептіріп те сатады. Бұл – университет студенттерінің денсаулығы үшін де пайдалы жоба дер едім.

Қазір үлкен қалаларда «Некафе» деген антикафелер желісі бар. Адамдар мұндай орынға көңіл көтеру үшін барады. Онда түрлі ойын ойнайды, кітап оқиды. Бірақ адамдар антикафелерге арнайы баруы керек. Кейде достарыңызбен немесе балаларыңызбен үйде отырғанда бір ойынды ойнағыңыз келеді. Бірақ үйіңізде оған керек нəрселер болмауы мүмкін. СДУ студенттері ойынға керек заттарды үйге дейін жеткізіп беру мəселесінің де шешімін ұсынды. Ол үшін сайтқа кіріп, өзіңізге керек затты таңдап, тапсырыс бересіз. Содан соң бір сағаттың ішінде тапсырыс берген затыңызды үйіңізге дейін жеткізіп береді.

СДУ жатақханасында тұратын студенттерге түнде тамақ істеуге рұқсат жоқ. Бірақ емтихан, мидтерм кезінде олардың қарны ашады. Студенттер бұл мəселенің де шешімін тапты. Олар тамақты да жеткізіп береді. Əр жоғары оқу орнының өзіне ғана тəн ерекшеліктері болады ғой. Біздің студенттер СДУ-дың ерекшеліктерін көрсететін креатив футболкаларды, жейделерді дайындап шығарды.

Ұлан: Студенттердің стартап жобасын кімдер қолдайды? Инвесторлар бар ма?

Айнұр Байқара: Студенттердің барлық жобасын университеттің технопарк базасы қолдайды. Əзірше олардың дайындаған жобасын қолдайтын ірі инвесторлар жоқ. Бірақ қазір қор жинап жатырмыз. Бұл қордан студенттердің жобасына керек қаржыны бөліп отырамыз.

Кей кəсіпті бастауға немесе оған керек затты сатып алуға 10 мың теңге жетпеуі мүмкін. Сол себепті стартап жобалар байқауын краудфандинг алаңында өткізіп отырмыз. Халық аздап болса да қаржы берсе, мұның өзі үлкен көмек болады.

Ұлан: Студенттер ұсынған жобаның болашағы туралы не айтасыз? Олар дайындаған жоба келешекте сұранысқа ие бола ма?

Айнұр Байқара: Стартап жобалар байқауын ұйымдастырғанда бірнеше мақсатымыз болды. Қазақстандағы, соның ішінде Сүлейман Демирел университетіндегі стартап жобаларды дамытқымыз келді. Оның үстіне, кез келген жоба қоғамдағы белгілі бір проблеманы зерттейді. Сол проблеманы шешуге түрлі шешім ұсынады. Оған қоса университетте бұрын мұндай стартап жоба байқауы болмаған. Сол себепті студенттерге мүмкіндік беріп, жаңа нəрселерді көргіміз келді. Алдағы уақытта барлық жобаны Қазақстан бойынша жүзеге асыруға болады. Əзірше студенттер жобаларын университет қабырғасында сынап көреді. Солай тəжірибе жинайды, кəсіптеріне сұраныстың бар-жоғын анықтайды жəне соған сүйеніп, жобаларына өзгеріс енгізеді. Өйткені үлкен жетістіктің бəрі кішігірім мақсатқа жетуден басталады. Сонымен бірге олар керексіз шығынның алдын алады.

Ұлан: Əңгімеңізге рақмет!

Мейірман ІЛЕС

Ұлан» газеті, №44
29 қазан 2019 жыл

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз