Бағана басына тартылған сымда қонақтап отырған қарлығаштың қасына сол төңіректе өз бетінше ұшуды меңгеріп жүрген балапаны келіп қонды. Аспан ашық болғанмен, күн салқын еді. Анасына қарап еді, көңілсіз екен. Күн салқындай бастағалы бері анасының жабырқап жүргенін байқап жүр. Ол қандай уайым болды екен сонда?! Оның байыбын толық біле алмай жүрген балапан осы сәтті құр жібермеуге тырысып:

– Анашым, байқап жүрмін, біраздан бері көңілсіз жүретін болдыңыз. Неге? Соның сырын айтып беріңізші? – деді анасына жалынышты түрмен қарап. – Әлде менің істеріме көңіліңіз толмай ма?

– Жоқ, олай емес. Бәрі дұрыс. Дегенмен, сен білмейсің ғой… білсең, сен де жабырқар едің, – деді қарлығаш бір күрсініп алып.

– Жоқ, жоқ, анашым. Сіз қасымда болсаңыз, мен ештеңеге алаңдамаймын, – деді балапан анасын қамықтырып жүрген істі тез білгісі келіп.

– Ол бір құпия нәрсе де емес. Сен аз күн болса да білмей, алаңсыз жүрсін дегенім ғой. Мен айтпағанмен, уақыттың өзі-ақ  айтады әлі.

– Ол не, анашым? Айттым ғой, мен ештеңеден қорықпаймын, тек сіз қасымда болсаңыз болды.

– Жақсы. Онда айтайын, бәрібір, сен білуге тиіссің. Байқаған шығарсың, күн суытып келеді.

– Иә. Ертелі-кеш тым салқын…

– Бұл кезді адамдар күз деп атайды. Ауа райы салқындайды. Көп құстар алыстағы жылы жаққа ұшып кетеді… Біз де кетеміз бұл жерден. Ертең жолға шығамыз.

– Неге?.. Алысқа кетпей-ақ осында қала берсе не болады?

– Жағдай ондай жеңіл емес, балам. Аз күннен соң күн қатты суытады.

– Онда үйге салған  ұямызға кіріп алмаймыз ба?

– Жоқ. Сен түсінбей тұрсың. Күн суытқан соң адамдар да есік-терезелерін қымтайды. Қалай кіріп-шығасың?

– Басқа бір қалқа тауып, сонда ұя салып, кіріп алмаймыз ба?

– Өйте алмаймыз, балапаным! Күздің артынан қыс деген маусым келеді. Ол тіпті де қатал.  Аспаннан қар деген мұздай суық ақ ұлпа жауады. Даланы аяз дейтін суды қатырып, жерді тоң қылатын  суық  кезіп жүреді. Ол кезде құстар тұрмақ, адамдардың өзі сыртта жүре алмайды. Ал азықты қайдан табасың? Бәрі қардың астында қалады… құрт-құмырсқа болмайды.

– Олар қайда кетеді, анашым?

– Олар жаздай індеріне азық-түлігін жиып, жердің астына түсіп кетеді.

– Онда не істейді.

– Жиғандарын қорек етеді, ұйықтайды.

– Мұның бәрін сіз қайдан білесіз, анашым?

– Қазір айтам… біз алыста, жылы жақта жүргенде алты ай қыс өтіп, артынан көктем деген маусым келеді. Күн жылына бастайды. Қардың барлығы еріп кетеді. Жер көгереді, ағаштар бүр жарады. Сол кезде біз осы туған жерімізге қайта ораламыз. Асығып жетеміз. Міне, жаңағы сен сұраған сұрақтың жауабы осы тұстан табылады. Бізді осында қалған құстар қуана қарсы алады.  Біз олардан өзіміз жоқ кезде не болғанын сұраймыз. Олар майын тамызып айтып береді. Содан білеміз бәрін…

– Енді түсіндім, анашым. Сонда біз қанша  уақытта қайтып келеміз?

– Алты-жеті айдан соң.

– Онда жақсы екен. Сіздің кетеміз деген сөзіңізді естіп жабырқап қалсам… Бұл ара маған қатты ұнайды. Кеткім келмейді. Егер қайтып келетін болсақ…

– Бұл ара маған да ұнайды. Жері көркем ғана емес, адамдары да мейірімді. Анаммен бірге бірінші рет келгенде ұя салатын жер іздеп, талай жерді шарлағамыз.  Сонда осы жердің адамдары ғой бізге үйлерінің төбесіне ұя салдырған. Жаз бойы ұямызға да, сендерге де тиген жоқ. Балаларына да тигізбеді. Біз бұл елге ризамыз. Мұны сен де есіңде берік сақтауға тиіссің.

– Жақсы, анашым. Мен мұны ешқашан ұмытпаймын.

Балапанның көңілі жайланып, жылы жаққа дәл әзір ұшып кететіндей балауса қанаттарын қағып-қағып қойды.

«Балдырған» журналы, №10
Қазан, 2019

 

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз