Спорт – намыстың оты, шеберліктің шоқтығы, елдің еленуі, денсаулық дәнекері. Ең бастысы – мемлекеттің мерейі. Ерасыл Шерниязұлы осылай елдің абыройын асқақтатып жүрген жас спортшы. Ол қазақтың қара баласының қасиетін боз кілемде байқатты, шаршы топтан суырылып шығып, саңлақ деңгейіне көтерілді. Жақында Ерасыл жылына бір рет өтетін самбодан жастар және жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатында жеңімпаз атанды. Батыс Қазақстан жұртшылығы оны Орал темір жол вокзалынан ерекше ілтипатпен, зор құрметпен қарсы алды.

Ерасыл бауырымыз жарыстан алған әсерін айтып, өзін қолдаған ел-жұртына алғысын жеткізді. Алақандай ауылдан шықса да Алатаудай айбарлы, бүгінде бір әулеттің емес, дүйім елдің мақтанышына айналған Бақыт Ерасыл Шерниязұлынан сұқбат алып, еркін әңгімелесудің сәті түскен еді. Жас спортшының өмірлік ұстанымын, азаматқа тән айбынын арқау еткен пікірін оқырман назарына ұсынып отырмыз.

– Рақмет! Бұл мен үшін маңызды жарыс болды. Ташкент қаласында өткен самбодан жастар және жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионаты жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Әлемнің 50-ден астам елінен палуандар қатысты. Мұндай беделді бәсекеге кез келген адам қатыса алмайтыны белгілі. Алдымен арнайы жолдама алып, іріктеу кезеңінен өту керек. ҚР чемпионатын ұтсаңыз ғана әлем чемпионатына қатысуға мүмкіндік аласыз. Биыл Алматы қаласында өткен ел біріншілігінде жеңімпаз атанып, жолдама алдым.

– Чемпионатта неше белдесу өткіздің?

– Финалға дейін екі белдесу өткіздім. Бірінші украиналық, содан кейін Түркіменстан палуанымен кездесіп, таза жеңдім. Финалда тәжік палуанының жеңдім.

Қай қарсыласты жеңу қиынға соқты?

– Қай-қайсысы болсын, оңай болмайды. Бірақ ең қиынға соққаны – финалдық белдесу.

Өзіңнің өскен ортаң туралы айтып берсең.

– Жаңақала ауданы Жаңақазан ауылына қарасты Жуалыой елді мекенінде 1999 жылы 13 қаңтарда дүниеге келдім. Үйдің тұңғышымын. Сол ауылда Х.Нұрымғалиев атындағы негізгі мектептің табалдырығын аттап, 5-сыныпқа дейін білім алдым. Әкем Шернияз осы мектепте директор болып жұмыс істеді. 2009 жылы дала өрті оқиғасынан әкеміз дүние салды. Отбасылық жағдайға  байланысты 2010 жылы аудан орталығына көшіп бардық. Жаңақала орта мектебінде 5-сыныптан 9-сыныпқа дейін оқыдым.

Спортқа сүйіспеншілік қалай оянды?

– Бала кезде адамда арман көп болады ғой. Алғашында ақын болсам деп армандадым. Бірақ спортқа деген құлшынысым басымдау болды. 7-сыныптан бастап күрес үйірмесіне қатыстым. Ол кезде ауылда Ернар Ғұбайдуллин деген ағамыз жаттықтырып, дзюдо күресінің әліппесін үйретті. Марат Есмағұлов ағайдан да ақыл-кеңес, тәлім-тәрбие алып, күрестің қыр-сырын меңгердім.

Әдебиетке жақын екеніңізді білеміз. Қазір өлең жазасың ба?

– Иә, мектеп кезінде түрлі тақырыпта өлең жазғаным рас. Алайда қазір өлеңнен алыстап кеттім. Біржола күреске бет бұрғасын шығар.

Спортшының бабы бапкеріне байланысты дейді ғой. Бапкерің жөнінде не айтасың?

– 9-сынып бітіріп ауылдан қалаға келген кезімнен бері Бірлес Есенғалиев жаттықтырады. Ол самбодан жастар арасында әлем чемпионы, ересектер арасында әлем чемпионатының күміс жүлдегері болған. Адамгершілігі мен ақыл айтып, қолдау көрсетуі де ерекше. Қалаға келгелі әкемдей болып кеткен жан. Жеке бапкерімнен басқа Райбек Меңдіғалиев, Нүтфолла Түменов, Талғат Балмағанбетов сынды жаттықтырушыларға алғысым шексіз.

Ал артыңнан еріп келе жатқан іні-қарындастарыңа қандай кеңес айтасың?

– Ең бірінші өзіңе нақты мақсат қоя біл дегім келеді. Сосын сол мақсатқа жету жолында аянбай, маңдай теріңді төгіп еңбек ету қажет. Қандай да бір жетістікке жетем десең, бос уақытыңды тиімді пайдалану керек деп ойлаймын.  Әр жас жеткіншек бос уақытында кітап оқып, жаттығу жасап, пайдалы іспен айналысса, денсаулығына да, қоғамға да үлкен үлесін тигізері анық. «Тамшы да тама-тама тас жарады» демекші, үздіксіз еңбек еткен жанның жүзі жарқын, көңілі сергек, денсаулығы мығым болады деп ойлаймын.

Спортшыларды қолдауға байланысты атқарылып жатқан жұмыстарға көңілің тола ма?

– Иә, әрине. Спортшы жастарға қолдау жетерлік. Мәселен, ҚР чемпионатын ұтқаннан кейін шәкіртақы тағайындайды. Соның өзі бізге үлкен көмек және мотивация.

Жаңақала ауданынан шыққан тұңғыш әлем чемпионысың. Жеңісіңді кімге арнайсың?

– Бұл тек менің жеңісім емес, елімнің жеңісі. Біріншіден, Алланың қалауы, екінші, анамның, тума-туысқан, ел-жұртымның дұғасының арқасында осы жеңіске жеттім. Менің бұл жеңісімде жаныма жақын әр адамның үлесі бар. Оралға келген де құрметтеп, күтіп алған жерлестеріме ризамын. Шыны керек, ел болып қарсы алғандарына қатты риза болдым.

52 келі салмақта чемпион атандың. Алдағы уақытта салмақ ауыстыратын ойың бар ма?

– Жалпы, самбо федерациясы биыл өзінің жаңа ережесін қабылдады. Самбо олимпиадалық спорт түріне кірсе, өзгеріс болады.  Онда жеңіл салмақ 52 келі емес, 58 келіден басталады. Өзгерген жағдайда 58 келіде бақ сынаймын.

Спорттан басқа немен әуестенесің?

– Әр адамның имани білім алған дұрыс деп есептеймін. Бос кезімде діни кітаптар оқимын. «Мұсылман баласына білім алу парыз» дейді. Сондықтан білімімді толықтырғанды жөн санаймын.

Жас болсаң да спортта біраз белесті бағындырып үлгердің. Алдағы уақытқа қандай жоспарың бар?

– Алда жастар арасында жеңімпаз болғаным секілді ересектер арасында да топ жарып, самбодан әлем чемпионы болуды армандаймын. Ол көп еңбекті қажет ететінін түсінемін және еңбектенуге тырысамын.

Әр адамның үлгі тұтатын, еліктейтін тұлғасы болады. Сен кімді үлгі тұтасың?

– Үлгі тұтатын спортшылар көп қой. Бірақ  өзіміздің облыстың атын шығарған ағаларым Бағдат Жарылғасов, Ерболат Байбатыров, Нұрбол Серіков, Болатбек Райымқұлов сынды ағаларды құрмет тұтамын.

Ерасылдың өмірлік ұстанымын білсек.

– Өмірге адам болып келген соң адами қалыптан ауытқымай, пендешілікке салынбай, жігітке лайық жалын иесі болу – негізгі ұстанымым. Әрине, жоспар көп, аламанда атой салып, ел еншісіне бағалы жүлделер салуға тырысамын. Қай спортшының да арманы – Олимпиада. Сол күнге жетсем екен деп тілеймін.

Жеңіске жетудің сыры неде?

– Ынта ықылас пен төккен терде. Тауқыметке төтеп беріп, азабына бой бермеген адамнан бірдеңе шығады ғой. Аянбай тірлік еткен жан сөз жоқ табысқа жетеді. Меніңше, сыры осыда.

– Әңгімеңе рақмет! Тіл-көзден аман бол!

Сұқбаттасқан
Алтынбек ЫСҚАҚ

Ұлан» газеті, №44
29 қазан 2019 жыл

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз