Жақында ұстаздар мерекесіне орай «Үздік педагог-2019» байқауы өтті. Бас жүлде Муаммер Гүлге берілді. Ол – Гиннестің Рекордтар кітабына енген ұстаз. Ол
дайындаған қазақстандық оқушылар халықаралық олимпиадалардан өте көп жүлде алған. Бізге сұқбат берген Муаммер ағай мұғалімдік қызметке келуі, олимпиадалар, оқушыларды қалай дайындайтыны жайында əңгімелеп берді.

– Оқушы кезде бір мұғаліміміз болды. Сол мұғалімді жақсы көрдім. Адамгершілігі, сабақ беруі қатты ұнайтын. Сондықтан да мұғалім мамандығын таңдадым. Неліктен математика десеңіз, есеп шешу, сандармен айналысу қызық көрінді. Əрине, мамандық таңдар кезде анам мұғалімдіктен көп табыс таба алмайтынымды айтты. «Егер өз салаңда мықты болсаң, əрдайым сұраныста боласың жəне еңбегіңе лайықты төленеді» деп жауап бердім. Шешіміме ешқашан өкінген емеспін, – дейді мамандық таңдауы жайында айтқанда.

Мұғалімдік қызметіндегі қиындықтар жайлы

Муаммер ағай Стамбұлдағы (Түркия) Мармара университетін бітірген. Университетті бітірген кезде «шетелде жұмыс істейсіңдер» деп бір емтиханнан
өткізеді. Емтиханды жақсы тапсырғандарды шетелге жұмыс істеуге жібереді. Осылайша, университетті бітіре сала қолына дипломын алып, Қазақстанға келеді. Бұл 1994 жыл еді.

– Алғаш келгенде Ақтөбеде қызмет еттім. Əрине, бастапқыда қиындықтар болды. Тіл жағынан қиналдым. Балалармен көп сөйлесе алмадым. Communication аз болды. Балалар түрікше, ағылшынша үйренгеннен кейін бұл мəселе шешілді. Ол Қазақстанның жаңадан тəуелсіздік алған кезі ғой. Жағдай онша емес. Көшеде жүргенде де кейбір проблемалар болды. Тамақ жағы да қинады. Ол кезде қазіргідей көп жақсы нəрсе болған жоқ. Дегенмен, біртіндеп үйрендік.

Олимпиададан 2413 жүлде

Муаммер ұстаздың сабақ беріп жүргеніне биыл – 25 жыл. Ақтөбеде 14 жыл қызмет еткен. Сосын Астанаға ауысқан. Қазір Нұр-Сұлтан қаласындағы дарынды ер балаларға арналған Білім-инновация лицейінде мұғалім. Мұнда сабақ беріп келе жатқанына 11 жыл болыпты. Оның шəкірттері математикадан халықаралық олимпиадада 2413 медаль алған – 824 алтын, 390 күміс жəне 1199 қола жүлде. Атап айтсақ, оқушылары АҚШ, Үндістан, Бразилия, Грузия, Сингапур, Малайзия жəне Еуропаның көптеген мемлекетінде өткен олимпиадаларға қатысқан. Шəкірттері олимпиаданың алғашқы медалін 2001 жылы алыпты. Сол кезде басты қарсыластары АҚШ, Қытай жəне Ресей оқушыларынан озған. Сол кезді еске алған Муаммер ағай былайша баяндады:

– Біз олимпиадада ең жақсы нəтижені 2001 жылы көрсеттік. Сол жылы Америкадағы IMO-ға (International Mathematics Olympiad) Ақтөбеден үш оқушымыз қатысып, үшеуі де алтын алды. Негізінде IMO-дан алтын алу қиын. Тіпті бір алтын алу да оңай емес. Сол кезде біз бір емес, үш алтын алдық. Олимпиада тарихында бір мектептен үш оқушы алтын алуы тұңғыш рет еді. Команда бойынша үшінші орынды иелендік. Сол олимпиададан бері 19 жыл өтті. Əлемде біздің балалар көрсеткен нəтижеге осы уақытқа дейін əлі ешкім жете қоймады. Бұл жетістігіміз Гиннестің Рекордтар кітабына тіркелді.

Гиннес рекордтар кітабы

2001 жылы АҚШ-та өткен Бүкілəлемдік олимпиадада үш оқушысының үшеуі де алтын алған. Мұғалімнің бұл жетістігі Гиннестің Рекордтар кітабына енген. Ал сол кітапқа енген үш оқушы Бауыржан Бектеміров, Əлібек Алдоңғаров, Аман Жұмакешов еді. Мектеп бітірген соң үшеуі де əлемнің үздік университеттеріне оқуға түскен. Бауыржан Гарвардта (Harvard University) математика мамандығын оқыса, Əлібек бағдарламалауды таңдаған. Аман Түркияда білім алған. Ал Муаммер ұстаз еңбегі үшін 2001 жылы Елбасының қолынан Алғыс хат алған.

Муаммер ағайдың айтуынша, Қазақстан математика бойынша əлемде 150 мемлекеттің ішінде 18-20-орында. Еліміздің алдыңғы орында тұруына сіңірген Муаммер мұғалімнің де еңбегі зор. Осы жерде біз олимпиадаға оқушыларды қалай дайындайтынын, оқушыларының мықты нəтижеге қалай жететінін сұрадық.

Олимпиадаға оқушыларды қалай дайындайтыны жайлы

– Олимпиадаға оқушыларды жақсы дайындаймыз деп ойлаймын. Көп уақыт арнаймыз. Сабақтан тыс уақытта да, демалыс кезінде де дайындаламыз. Бір оқушыны дайындағанда күніне орташа есеппен 7-8 сағат жұмсаймыз. Алдымен сабақ өтіп, түсіндіреміз. Сабақтан кейін есеп шығарып, практика жасайды. Тек оқулықпен шектеліп қалмай, өзге де материалдарды қарап, пысықтаймыз. Сабақ беріп қана қоймай, оқушылармен сөйлесеміз. Қалай дайындалу керек, не нəрсеге дайындалу керек, соған мұқият жауап береміз. Үнемі олимпиада бойынша əңгімелесеміз. Сонымен қатар оларды қадағалап тұрамыз. Егер қадағаламасақ, оқымайды.

«Сабақ оқымайтын балалардың ынтасын қалай ашасыз?» деген сұрақ қойдық:

– Мұндай балалардың сабақты жақсы көруіне көп уақыт арнаймыз. Сабақ түсіндіргенде жақсы, оңай нəрселерді айтамыз. Қиын нəрселерді сабақта көп айтпаймыз. Бала алдымен оңай нəрселерді түсінсе, əрі қарай қызығып кетеді де қиын нəрселерді түсініп, үйрену жеңіл болады.

«Математикаға қабілетті не қабілетсіз деген жоқ»

Математика пəнін кейбір оқушылар бірден қағып алып алғыр болады да, кейбіреулері түсіне алмай қиналып жүреді. Математика мұғалімі оқушының ең бірінші кезекте сабақты жақсы көруін алға тартты.

– Қабілетті я қабілетсіз. Меніңше, математикаға қабілеті бар немесе қабілеті жоқ деген нəрсе болмайды. Тек қана баланың сол сабақты жақсы көруі маңызды. Оқушы сабақты жақсы көргенде мұғалімнің айтқанын түсінеді. Ең басты проблема – оқушы сабақты «мұны білмеймін, түсінбеймін» деп бастайды. Солай бастағанда, əрине, түсінбейді. Керісінше, оларға сабақты жақсы көру керектігін жеткізу керек. Оқушыларға жақсы сабақ, оңай сабақ деп дұрыстап айту қажет. Сабақты жақсы көрсе, айтқаныңды бірден түсінеді.

Муаммер ұстазды шəкірттері мұғалім ретінде ғана емес, жалпы адам ретінде ерекше құрметтейді. Шəкірттің жүрегінде қалу əрбір ұстаздың арманы шығар. Муаммер ағайдан оқушылармен қалай қарым-қатынас жасайтынын, мұғалім мен оқушы арақатынасы қандай болуы керектігін сұрадық.

– Біріншіден, балаларды жақсы көру керек. Оларға досың сияқты қарау қажет. Қатты қысым жасамаған жөн. Жақсы көрсеңіз, бала да сізді жақсы көреді. Баланың сізді жақсы көруі маңызды. Себебі айтқан сабағыңызды тыңдау үшін немесе сізді сыйлау үшін ең маңызды нəрсе – осы.

Сыныпта туған балаң отырғандай сабақ өту керек

– Жас мұғалімдерге айтарым, оқушыларға сабақ өткенде, өзіңіздің балаңыз сыныпта отырған сияқты түсіндіріңіз. Яғни сыныпта туған балаңыз отыр, сол сыныпқа сабақ өтіп жатырсыз. Балаларды менің балам, өзгенің баласы деп бөліп-жармай, өз балаң сияқты қарап, сабақты солай түсіндіру керек. Сабақ түсіндіргенде кітаптан немесе дəптерден қарап емес, натурал айту керек. Алдын ала оқып, үйренгендерін сабақта беруі керек. Егер үйрене алмайтын нəрселері болса, мұғалім оны айтпау керек, яғни қиын нəрселерге көп араласпағаны жөн. Мұғалім тек сабақ береді деп қарамау керек, мұғалімдікті өміріңіздің бір бөлшегі сияқты көріңіз.

Қазан айының басындағы ұстаздар мерекесінде Муаммер Гүл «Үздік педагог-2019» бай- қауында жеңімпаз атанды.

– Халықаралық Global Prize деген жарысқа мені таңдады. Таңдағанда қандай сезімде болдыңыз десеңіз, өте қуаныштымын! Бірақ мені таңдайды деп күткен жоқпын. Мен үшін тосынсый болды.

Муаммер ағай енді Қазақ- стан атынан Дубайда өтетін «Əлем мұғалімі» халықаралық сыйлығының іріктеу кезеңіне қатысады. Əлем мұғалімі сыйлығы – педагогтарға арналған Нобель сыйлығының баламасы. Кейіпкерімізге сəттілік
тілейміз!

Қания ТАБЫС,
СДУ студенті.

Ұлан» газеті, №44
29 қазан 2019 жыл

22 ПІКІРЛЕР

  1. Айналайын Хания, істерің ілгері болсын! Өте бір қажырлы, еңбекқор қызсың, өзіңнің сүйікті ісіңмен айналсқанды жақсы көресің, тек алға!!!!

  2. Муаммер ағай, менің мүғалімім болды. Ағайға қарап мен де мұғалім болдым. Еңбегіңіздің жемісін көріңіз, ұстазым!

  3. Керемет устаздык еткен жалыкпас,уйретуге балага деген енбегиниздин жемисин кориниз 👍👍👍👍

  4. Муаммер бейге өз басым таң қалуым басылатын емес, бір сәт қозғалыссыз тұрмайды . Не деген энергия ! Ісіңізге сәттілік ағай !

  5. Ардақты ұстаз Муаммер мырзаға алдағы “Әлем мұғалімі”сайысында үлкен жеңіс,табыс тілеймін.

  6. Сабаққа беріліп, оқушылармен жақсы қарым-қатынаста жүреді. Əрдəйым да көмек көрсетіп, бізге екінші əкеміздей болды. Керемет адамның үлгісі.

  7. Әрдайым шешім таба білетін, оқушыларын ұайымдайтын, пысық мұғалім! Көөөөп үлгі алуға болады.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз