Белгілі балалар жазушысы Роза Әбілқадырованың туғанына 80 жыл

Еңбек өтілін туған ауылында бастауыш сынып мұғалімі болып бастаған Роза әжелерің кейін бірқатар газет-журнал редакцияларында, «Қазақстан», «Жалын» баспаларында редактор болып қызмет істеді. Оның қаламынан балаларға арналған көптеген әңгімелер мен ертегілер дүниеге келген. «Балдырған» журналының тұрақты авторларының бірі болған жазушының бірнеше кітабы жарық көрді. Сендердің назарларыңа балаларды жанындай жақсы көретін Роза әжелеріңнің бірнеше туындысын ұсынып отырмыз.

«ДАНА» ҚОРАЗ

Ерте, ерте, ертеде бiр үйдiң «дана» қоразы болыпты.

Әу баста ол мекиендерi мен балапандарына құрт-құмырсқа iздеп, көң-қоқсықты бұрқырата шашып, елеусiз өмiр кешiп жатыпты.

Бұл аулада үш-төрт мекиен мен жетi-сегiз балапаннан басқа, өмiрi ұйқысы қанбай, маужырап жүретiн Жолбарыс атты жалқау ит те тұрады екен.

Бiр күнi Жолбарыс үйiлген ағаштың бұрышында боздап отырады.

Қасына қаңғалақтап қызыл қораз келiп:

– Қо-қо-қо-қоқ, еш пендеге залалың жоқ, сұғанақтықты бiлмейтiн, тойсаң да тоқ, тоймасаң да тоқ, маңқиған сенi кiм ренжiттi? – дейдi таңырқап.

– Ренжiгенiм рас! Бұл үйден кетiп, көзiмдi құртамын

– Қо-қо-қо-қоқ, жазған-ай, сонша жәбiрленетiндей не жазып қалып едiң

– Қоқылдап қоймадың ғой. Бәрiне сенiң ақ тауықтарың кiнәлі. Өздерi желiгiп, бiр жерге тұрмайды-ау, тұрмайды. Бүгiн тағы бiреуiн  оңай олжаға кәнiгiп алған қу түлкi қағып кетiптi. Қожайын қатты ашуланды. «Маубас неме, тауықтар таусылғанда, қу түлкi өзiңдi сазға отырғызып кетедi. Ауладағы  тауықтарға ие бола алмасаң, барыңнан жоғың, табаныңды жалтырат!»– дедi. Бұл үйге күшiк күнiмнен келiп, бауыр басып қалдым емес пе? Қай жаққа кетерiмдi бiлмей, басым қатып отыр, қызыл қораз, – деп ағынан жарылды Жолбарыс.

Қызыл қораз одан бетер безiлдеп әбiгерге түстi. «Бiздiң қоразға не болды екен?» – деп, зәрелерi ұшып, балапандарын шұбыртқан мекиендер де жинала қалды. Қыт-қыттап, оған қызыл қораз қосылып, ауланы азан-қазан еттi. Мән-жайды естiп, бiлген мекиендердiң бiрi:

– Жолбарысқа көмектесуiмiз керек, – дедi ойлана. – Бiрақ қалай? Түлкiге қарсы тұрар қайрат та, жасар қулығымыз да жоқ.

– Қол қусырып отыра бермейiк! Түлкi туа айлакер болды деймiсiңдер? Бiздер де бiр амалын ойлап тауып, тiршiлiк етуiмiз керек. Жолбарысты қалай құтқарсақ екен? – Бұл ұсынысты жасаған қызыл қораз едi.

Бiр кезде ол: «Таптым, таптым!» – деп, безiлдеп қоя бердi. «Мына шiркiнге не боп қалды?» дегендей Жолбарыс оған жаутаң-жаутаң қарады.

– Достым, мен амалын таптым. Қу түлкiнiң көзiне көк шыбын үймелейтiн болды. Айласы жер астында деп, айдар тағылған түлкiңдi ендi көрiп алдық…

– Алыстан орағытпай, айтсаңшы бiрден, – дедi Жолбарыс шыдамсыздана.

– Тыңда! Түлкiнiң тауық етiн жақсы көретiнi рас қой! Рас! Бұдан былай тауық көрсе, тау айнала қашатындай болады.

– Па, шiркiн! – Жолбарыстың қызыл қоразға тiптен жыны келдi. Шоқиып отырған жерiнен көтерiлiп, кетуге ыңғайланды.

– Тоқта, достым! Түкеңе бiз мынадай айла жасаймыз. Ана бiздiң үйдiң бақшасының бас жағындағы тоғайды көрдiң ғой!

– Көрмегенде…

– Тоғайдың бергi бетiндегi дәу қайыңды бiлесiң ғой!

– Бiлемiн.

– Мен ертең сол қайыңның бұтағына қонақтап алып шақырамын. Ал сен көршi үйдегi тазы мен төбеттi ертiп, сол маңда жасырынып жатасың. Мені естiген қу түлкi менi жеуге жетiп келедi. Сол кезде сендер оны қаумалап ұстайсыңдар. Сонда қожайын сенiң ерлiгiңе таң қалып, кешiрiм жасайды.

– Әй, қо-қо-қоқ-қораз, мына бiр ұсынысыңның жаны бар тәрiздi.

– Бұл көкең бостан-босқа сөйлемейдi! – деп қораз маңғазданады.

Ертесі үлкен қайыңға жақын жерде жасырынып үш ит жатты да, қораз бұтақта қонақтап алып, бар дауысымен шақырды. Айтқандай-ақ, қалың ағаш арасынан түлкiнiң тұмсығы көрiндi. Абайлап басып қайың түбiне жеттi.

– Әй, әңгүдiк, орманды өрт шалғандай айқайлағаныңа жол болсын? – дедi түлкi құйрығын бұлаңдатып.

– Бүгiн бiр мекиен жоғалып кетiп едi, соны шақырғаным ғой!

– Ондай болса, бақырмай, төмен түс! Ол мекиен жақын маңда! Бермен кел, жөн сiлтеп жiберейiн!

Түлкi әтешке жолыққанына қатты қуанды. Сiлекейi шұбырып кетті.

– Қазiр, Түке!– деп, қызыл қораз «қо-қо-қо-қолап» достарына белгi бердi.

Түлкiні арсылдаған төбеттер қоршап алды. Қай жаққа қашарын бiлмеген ол қатты састы. Тiсiн ақситып, айбат шеккеннен басқаға мұршасы келмедi.

Шала-жансар ұры түлкiнi Жолбарыс үйге алып келгенде, қожайын таң-тамаша болды. Осы күннен бастап қызыл қораз ауладағы тауықтар арасында «дана» қораз атанды. Тiптi тауық қорада:

Қызыл қораз данамыз,

Қорғанымыз, панамыз.

Бiз де айлакер атанып,

Түлкi аулайтын боламыз, – деген өлең де тарады.

Ендi «дана» қораздың даңқы бұрынғыдан да артты. «Дана» қораз: «Керек десеңдер, қасқырды қанжығаларыңа байлап, жолбарысты жетектетiп беруге де қулығым жетедi», – дейтiндi шығарды. Кез келген жерді кезiп кете беретiн болды. Жанашырлықпен айтылған ескертулердi құлағына iлмейтiн халге жеттi.

Сөйтiп, күн өткен сайын, қораздың даналығынан даңғойлығы артып кеттi.

Тоғайға барып қыдырып қайтпаса, көңiлi көншiмейтiн. «Теректiң бұтағына шығып алып, қасқырды да, түлкiні де шақырып едiм, жоламады. Мен туралы түгел хабардар болғанға ұқсайды. Тегi, аң атаулы менен өлердей сескенедi», – деп мақтанатынды шығарды.

Өстiп даңғойланып жүргенде, ол бiрде зым-зия жоғалды да кеттi. Даңғойдың қандай аңға жолығып, кiмге қолды болғаны да белгiсiз.

«Балдырған» журналы, №9
Қыркүйек, 2019

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз