Кішкентай бала үш нәрсеге тойымсыз келеді. Бірінші тәттіге, екінші ойынға, үшінші
әңгімеге. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы балаларға тәтті жеткіліксіздеу болғандықтан, оның есесін көбіне соңғы екеуімен қайтаратын. Менің де балалық шағым сол тәтті-құттының аз, бірақ даладағы ойын мен қариялардың әңгімесінің дәмі кетпеген кезге тура келген еді. Кішкентай кезімде атасымен бірге қой бақпаған ұл, апасымен бірге жүн түтпеген қыз көрген емеспін. Ал мен айтып отырған екі нәрсе де нағыз әңгімеге қолайлы уақыттар еді.

Қой бағып жүріп атам екеуміз не түрлі әңгіменің басын шалмадық? Ауыл төңірегін
түгесіген күні аудан, аудан түгесілгенде аймақ, аймақ түгесілгенде әлемге көз жүгіртер едік. Бала кезімде бұлардың барлығы бөлек-бөлек дүниедей көрінуші еді. Бірақ әлемдік әңгіменің жер шарының бір нүктесіндегі ауылдан бастау аларын ол кезде ойладық па?

Атам екеуміз қой бағып жүріп ауыл мазарының жанын өтетінбіз. Сонда ол кісі дауыстап «қиямет қайым жақын» деп жеті рет қайталайтын. «Балам, мазар жанынан өткен сайын осы сөзді айтып жүр. Әруақтар қуанып қалады» дейтін.
– Ата, қиямет қайым деген не? – деймін мен.
– Ол заманның ақыры, балам.
– Ол қашан болады?
– Ол кезде адам жусан басына шығып азан шақырады.
– Сонда құмырсқа секілді болып қаламыз ба?
– Ее, балам! Біздің бала кезіміздегі жусандар кісі бойындай болатын. Қазір ғой майдаланып кетті.

***
Араға 20 жыл уақыт салып сол бала кезімдегі ауылдан шықпаған қарияның әңгімесіне швед оқушысының сөзінен кейін қайта ораларымды кім білген? Грета Тунберг есімді қыздың БҰҰ-ның саммитінде айтқан сөзі әлемге таралып кеткеніне көп өткен жоқ. Ол әлемдік саясаткерлерді бүгінгі экологиялық мәселелерге қатысты айыптаған болатын.

«…Мен дәл қазір сіздердің алдарыңызда емес, теңіздің арғы жағында өтіп жатқан сабағымда отыруым керек еді. Сіздер өздеріңіздің бос сөздеріңізбен менің арманым мен балалығымды ұрладыңыздар. Қаншама адам қырылып кетудің алдында тұр. Тұтас экожүйелер күйреп жатыр. Ал сіздер ақша мен шексіз экономикалық өсім туралы ертегі айтып отырсыздар. Бұлай етуге сіздердің құқықтарыңыз жоқ!».

Алдыңғы буын саясаткерлерге тағылған бұл айып төңірегінде қаншама сөз қозғалып, қаншама кекесін әңгімелер де айтылды. Грета Тунбергті батыр көтергендер мен оны белгілі бір топтың қуыршағы деңгейіне түсіргендер де бар. Әрі оны қуыршақ деп дәлелдеушілердің пікірлері сенімді көрінеді. Дегенмен біз қозғайтын мәселе бұл емес.

Әлемдік экологияның бұзылуы, мұздықтардың еріп, теңіз деңгейінің көтерілуі, ауадағы зиянды заттардың кесірінен адамдардың ауруға шалдығуы, әлемдік мұхиттағы аралға айналған қоқыстар секілді мәселелердің көтеріліп жүргеніне қанша уақыт өтті. Оны қазбалап жаза берудің өзі артық. Адамзаттық мәселе бүкіл адамға қатысты және адамның мәселесі адамзаттық мәселе екеніне дау жоқ. Сондықтан әлемдік дүниені өз еліміздің деңгейінен қарап көргіміз келді. Осы мәселемен «Қазақстанның экологиялық ұйымдар қауымдастығы» ЗТБ басқарма төрағасының орынбасары Абақанов Елдос мырзамен аз-кем әңгіме қозғадық.

– Елдос мырза, әлемдік экологиядан аз-кем хабарымыз болса да, еліміздегі экологиялық ахуал турасында ақпарат аздай көрінеді. Жалпы еліміздегі экология термині қашаннан бастап қолданылып келеді?

– Әлемдегі экологиялық саясатқа көңіл бөлу 1972 жылдың 5 маусымынан басталды. Дәл осы күні БҰҰ-ның Стокгольмде жиналысы болып, ол жерде қоршаған ортаны қорғау мәселесі көтерілген еді. Қазіргі таңда 5 маусым әлемдік қоршаған ортаны қорғау күні ретінде аталып өтіледі. Ал еліміздегі экологиялық мәселелер 1991 жылдан бастап қолға алына бастаған. Осы жылы тұңғыш рет қоршаған ортаны қорғау жөніндегі заң қабылданады. Кейіннен бұл заңға бірнеше мәрте өзгертулер мен түзетулер енгізіліп отырды. 2007 жылдары еліміздегі бүкіл қоршаған ортаны қорғау туралы заңдардың барлығы біріктіріліп, экологиялық кодекске қол қойылған болатын. Қазір біз осы кодекс бойынша жұмыс істейміз.

– Еліміздегі экологиялық ахуал жайында не айтасыз?

– Зерттеулер бойынша Қазақстанда 2 млн-нан астам зиянды заттар қоршаған ортаға шығарылады. Бұған 3-5 млн тонна көлемінде пайда болатын қатты қалдықтарды қосыңыз. Оның үстіне елімізде тарихи экологиялық мәселелер де жетерлік. Оның қатарында Кеңес өкіметінен қалған Арал мәселесі бар. Сонымен қатар сол Кеңес өкіметі тұсында жұмыс істеп, қазірде жұмысы тоқтаған бірнеше зауыттың да мәселесі тарихи экологиялық мәселелер болып саналады. Бұл зауыттардан әлі күнге бөлінетін қалдықтарды «қожайынсыз қалдықтар» деп атаймыз. Яғни олардың иесі жоқ. Сондықтан ол зиянды заттармен мемлекет өзі тікелей күресуге міндетті болып отыр.

– Яғни мемлекет тарапынан арнайы жобалар жасалып жатыр ғой?

– Әрине! 2015 жылға дейін экологиялық қауіпсіздік бағдарламасы болды. Ал бүгінгі күнгі басты экологиялық шешім ретінде жасыл экономикаға көшу тұжырымындамасын айтуымызға болады. Бұл бастаманың маңыздылығы мен ауқымдылығы сол – аталмыш жоба еліміздегі бүкіл экологиялық проблемаларды біріктіріп, оларды шешудің кешенді жолдарын қарастырып жатыр. Сонымен қатар жасыл экономика жобасы кешегі өкіметтен «мұраға» қалған мәселелерді шешуді ғана көздемей, алдағы кездесер кедергілердің де алдын алуға жол ашады. Оған мысал ретінде баламалы энергия көздерін айтуымызға болады. Бұл жобаның жоспары бойынша еліміздегі баламалы энергия көздері жыл сайын өсіп отыруы керек. 2020 жылға дейін 3%-ға, 2030 жылға дейін 10%, 2050-ге дейін 50%-ға көтеру жоспарланған. 2018 жылы Елбасымыз көтерген жаңа экологиялық кодекс қалыптастыру жөніндегі мәселе биылғы президентіміздің жолдауында да айтылып өтті. Яғни бұл кодекс бойынша еліміздегі зауыттар мен кәсіпорындарға қойылатын экологиялық талаптар күшейтіліп, еуропалық стандарттарға сәйкестендірілетін болады.

– Бұл нормаларды «Қазақстанның экологиялық ұйымдар қауымдастығы» қадағалайтын бола ма? Сонымен қатар осы қауымдастық турасында айтып өтсеңіз.

– Қадағалау жағын дөп басып айту қиын. Бірақ мұның барлығы біздің назарымызда болары сөзсіз. Өйткені бүгінгі күні біздің қауымдастыққа 130-дан астам ұйым біріккен. Олардың ішінде мемлекеттік те, мемлекеттік емесі де бар. Әрқайсысы әртүрлі салада жұмыс істейді. Бір ұйым ауа ластануын зерттесе, екінші ұйым қоқыс мәселесін қарастырады. Яғни әрбір ұйым Қазақстан экологиясына өзінше үлес қосып жатыр. Ал біздің қауымдастық осы ұйымдардың барлығымен қоян-қолтық жұмыс істей отырып, бір үлкен жобаны бастағалы отырмыз. Ол жоба «Қазақстандағы қоғамдық-экологиялық мониторинг картасы» деп аталады. Қысқаша біз әрбір ұйымнан жиналған ақпараттарға сәйкес Қазақстанның экологиялық картасын жасап шығамыз. Оның толық және мобильді қосымшалары болады. Әрбір азамат сол карта арқылы өз аймағының, қаласының экологиялық ахуалынан хабардар бола алады. Қандай зауыттар бар, олардан қанша зиянды қалдық шығады, олардың зияны қандай – бәрі-бәрі осы картада көрсетілетін болады. Сонымен қатар бұл карта арқылы қарапайым азаматтар өз аймағындағы проблемалар турасында да бізге ақпарат жібере алады. Біздің алдағы жобамыз осындай.

– Сауал соңын экологиялық этикетпен аяқтасақ деген едім. Оны қалыптастыру
турасында қандай нақты қадам жасалып жатыр?

– Жалпы дамыған елдерде экологиялық мәселелерді шешуден бұрын, экологиялық этикет қалыптастыруға көп күш жұмсалады. Өйткені болашақта болған дүниені шешуден гөрі, оны болдырмау керектігін олар көбірек ойлайды. Біздің елімізде де бұл мәселе жақсылап қолға алынып жатыр. Бір кездері энергетика министрлігінің құрамында жәй ғана экологиялық комитет жұмыс істейтін.

Ал қазіргі таңда Экология министрлігі құрылып жатыр. Бұл үлкен бетбұрыстың басы десек қателеспейміз. Осы министрлік тарапынан және біздің қауымдастық тарапынан да Білім және ғылыми министрлігіне ұсыныстар жасалып жатыр. Олардың қатарында мектептерге экологияны эликтивті пән ретінде енгізу, математика, физика, химия пәндерін экологиялық мәні бар есептермен толықтыру секілді ұсыныстар бар. Біздіңше, жастайынан қоршаған ортаның қаншалық ластанып жатқанын біліп, оны қорғаудың жолдарын үйренген бала – нағыз табиғат жанашыры болып шығады.

– Әңгімеңізге рақмет!

epaselect epa07864221 Greta Thunberg, the 16-years-old climate activist from Sweden, addresses world leaders at the start of the 2019 Climate Action Summit which is being held in advance of the General Debate of the General Assembly of the United Nations at United Nations Headquarters in New York, New York, USA, 23 September 2019. World Leaders have been invited to speak at the event, which was organized by the United Nations Secretary-General Antonio Guterres, for the purpose of proposing plans for addressing global climate change. The General Debate of the 74th session of the UN General Assembly begins on 24 September. EPA-EFE/JUSTIN LANE

***
Мақаламыздың жусаннан, заманның ақырынан бастадық. Иә, заманақыр болғанда адам жусанның басына шығып азан шақырады деген сөздің бар екені шындық. Және жусанның атам айтқандай бір кездері кісі бойындай биік болғаны да ақиқат. Бірақ жусан неге аласарды? Бұл сауалдың жауабын динозаврлардың қырылып кетуімен түсіндіруге болады.

Жалпы үлкен жануар динозаврлардың жер бетінен жойылып кетуіне тек метеориттің құлауы кінәлі ме еді? Ғалымдардың пікірінше олай емес. Динозаврлар метеорит құлағаннан кейін де біршама уақыт өмір сүрген. Тек алып дененің жер бетіне құлауымен ормандар азайып, оттегінің ауадағы құрамы кеміген. Ал үлкен дене ауадағы аз оттегімен күн көре алмайды.

Біздіңше жусанның да, адамның да майдалануының астарында осы ауадағы оттегінің азаюы жатыр. Яғни адамзат тосын құлаған метеоритсіз-ақ өз-өзіне динозаврлардың тағдырын жасау үстінде. Ауаға улы газдар бөлінген сайын оттегі азаяды. Оттегі азайған сайын адам майдаланады. Бүйте берсек жусан басына шығып азан шақырар уақыт та алыс емес секілді (Бір замандардағы жусан биіктігін ойлаңыз). Яғни ақырзаманды біз сенетін тылсым күш емес, өзіміз жасаймыз.

Досхан ЖЫЛҚЫБАЙ

Ақ желкен» журналы, №10
Қазан, 2019

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз