Бұл бүгінгі күннің ғана сұрағы емес. Бірақ жауабы бар ма?! Еліміздің барлық қаласында құрылыс жұмыстары тоқтаған емес. Барлық өңірде жаңа ықшамаудандар құрылып, әрқайсысының мектебі, өнер ошақтары секілді ғимараттар бой көтеріп жатыр. Ал Елордадағы құрылыс қарқынының жөні тіптен бөлек. Алматыдағы «Қазақстан» қонақүйіне, Республика сарайына, «Медеу» мұз айдынына, Абай атындағы опера және балет театрына қызыға қараймыз. Туристер де осы ғимараттарға соқпай кетпейді. Себебі бұлардың сәулеті басқа елдерге ұқсамайды, өзінше көркем. Ал кейінгі ғимараттардың архитектурасын ұлттық деп айта аламыз ба? Осындай бір сұрақтың төңірегінде бірнеше мәселені көтеріп отырсақ дейміз. Бұл сұрағымызға академиялық профессор Бекрімжан Глаудинов жауап берді…

– Көтерілген тақырып өте маңызды. Қазақстанда қанша сәулетші болса, соның бәріне қойылған сұрақ. Құдайға шүкір, қазір еліміз аяққа тік тұрып, нығайып келе жатыр. Елдің өсуіне ғылым, өнер адамдарының да еңбегі мол. Соның ішінде сәулетшілер де өнер адамдары боп есептеледі. Сәулет өнері деген не? Көпшілік архитектураны құрылыспен ғана байланыстырып қояды. Құрылыстың негізгі материалы – кірпіш, тас, темір сияқты нәрселер. Ал сәулет өнерінің негізгі материалы – кеңістік. Адам өмір сүретін кеңістікті жайғастыру, дұрыстау, адамзаттың ең жоғары талаптарына жауап беру – осы мамандықтың жұмысы. Сол мәселелермен жүргенімізде Елбасы «Рухани жаңғыру», «Үшінші модернизация» деген көзқарасы арқылы мұны тікелей маған қаратып айтып жатқандай болды. «Біз батыстың мәдениетін көшіруді тоқтатайық» деп жазды. Кішкентай болса да әр халықтың өз тарихы бар. Ал тарих деген не? Тарих деген – соғыс қана емес, мәдениетінен, дәстүрінен құралған дүние. Сәулет өнері, қысқаша айтқанда, әрбір адамға, олардың қауымына, көзқарасына лайықты орын қалыптастыратын кеңістік. Бұрынғы ұсталарымыз да әр кірпішті қойғанда, зират-кесенелерді тұрғызғанда осы сұрақты ой елегінен өткізіп барып салған деп ойлаймын.

Кеңес өкіметі кезінде-ақ сәулет өнерінің ұлттық беталысы жөнінде мәселе тікелей қойылды. 1937 жылы КСРО Сәулетшілер одағы құрылды. Сонда қазақтың тұңғыш архитекторы, бәріміздің ұстазымыз Төлеу Басенов баяндама жасаған. Сонда «жаңа үкімет дүниеге келді, оның сәулет өнері қандай болуы керек?» деген мәселе қойылған. Сол кезде Алексей Горький деген жазушы: «Біз мазмұны – социалистік, формасы – ұлттық өнерді дүниеге келтірейік», – депті. Сәулетшілер де осы ұстанымды қолдады. Ал оны жүзеге асыратын уақытта олар барлық қаладағы ғимараттарды бір типпен салды. Бүгін ол кемшілік анық көрініп тұр. КСРО құрамында болған елдердің үйлері ұқсас екенін ажырату қиын емес. Төлеу Басенов: «Тым болмаса ғимараттарға ою-өрнегімізді қолданайық», – деп мәселе көтерген. Ою деген жәй нәрсе емес, оның ішінде үлкен мағына бар.

Ұлттық бағытта бой көтерген ең алғашқы ғимарат – Абай атындағы опера-балет театры. Ол 1941 жылы салынды.

1970 жылдардан бастап осы мәселеге Қазақстан сәулетшілері қаттырақ көңіл бөле бастады. Оған түрткі болған – Республика сарайының салынуы. Бұл сарай салынып біткенде шын қуандық. Басқа елде мұндай құрылыстың болуы мүмкін емес. «Мынау ғимарат шынымен біздікі ғой» деп қуандық. Біздің жүрегімізге, санамызға жарық бергендей болды. Бұдан кейін біраз жақсы ғимарат бой көтерді. Әсіресе, Алматы қаласында.

Сәулет өнерін қалыптастырудың 13 шарты

Тәуелсіздік алғаннан кейін бұл мәселені бірден шешу қиын болды. Оның үстіне жекеменшік құрылыс компаниялары көбейіп кетті. Тақырыпқа байланысты мәселенің шешілуі неге ұзаққа созылып кетті деген сұрақ туындайды. Менің жауабым, біріншіден, сәулет өнерінің ғылыми-зерттеу институты жоқ. Ол ауадай қажет. Өзім жоғары орынға 5 рет хат жаздым. Бағдарламасының бәрін дайындап жібердім. Олардың берген жауабы – Алматыда Қазақ құрылыс және сәулет ғылыми-зерттеу және жобалау институтының бар екені. Ондай институт бар, бірақ ол жерде бірде-бір сәулетші жоқ. Олар жер сілкіну жағдайымен ғана айналысады. Ой-өрісіміз оған жетпеген екен ғой деп қойдым. Заман келер. Енді бұл мәселенің шешілу жолдары қандай? Қала деген маңызды дүние. Ертеде гректер: «Егер даңқыңды шығарғың келсе, үлкен қалада туып-өс», – депті. Себебі үлкен қалада жеткіншекке керек нәрсенің бәрі бар. Егерде сәулет өнері адамның, қауымның ой-өрісіне күш беретін кеңістік болатын болса, қала кеңістігінен басқа нәрсе жоқ. Жыл сайын 1-курстың студенттеріне міндетті түрде мынаны айтамын: Алла тағала адамзатқа мына 4 мамандықты тапсырған екен: сот, дәрігер, ұстаз, сәулетші. Барлық жаратылысқа табиғатты жаратты. Ал адамзатқа жер-дүниеден басқа ештеңе бермеді. «Бүкіл құрылысты өзің саласың деді» деп түсінемін. Сәулет өнерінің сондай ғажайып өнер екенін түсінуіміз керек.

Сәулет өнерін қалыптастырудың 13 шарты бар. Ол қандай шарттар? Егер осы шарт толығымен орындалса, онда ұлттық мәнері де шешіледі. Айта кетейін. 13 шартты 3 топқа бөлдім.

І. Ұзақ уақытқа төтеп бере алатын факторлар:

1. Табиғи-геодезиялық шарттар;
2. Климат (ауа райы);
3. Жергілікті құрылыс материалдары;
4. Қауымдық идеологиясы, дәстүрі қалыптасқан кеңістікке ғимарат жасау.

ІІ. Өте маңызды факторлар:

5. Құрылыста қолданған конструкциялық шешімдер өзгешелігі:
6. Түс рөлі;
7. Ою-өрнектер;

8. Тарихи өзгерістер.

ІІІ. Субъектив факторлар тобы:

9. Сәулетшілердің ұсталық шығармашылығы;
10. Қалыптасқан дәстүр;
11. Халықтың психологиялық ерекшеліктері;
12. Халықтардың мәдени ұқсастығы;
13. Өнерлер синтезі.

Қайталап айтамын, мұның бәрін орындау үшін ғылыми-зерттеу институты керек!

Қазақ мешіті қандай болу керек?

Қожа-Ахмет Яссауи кесенесін ұлттық сәулет өнеріне жатқызамыз. Неге? Себебі бұл ғимарат өз заманындағы ата-бабаларымыздың ойындағы, жүрегіндегі сұраққа жауап берген болса, екіншіден, соларға қарап, оның әсерімен ішкі дүниетанымы қалыптасқан. Оны Әмір Темір тұрғызды деп айтуы мүмкін. Бірақ біздің аталарымыз соған қарап өсті, соның әсерінен кейінгі ғимараттарды тұрғызды, сәулетшілер соған қарап өздерін тәрбиеледі. Сондықтан бөтендікі деу дұрыс емес. Ол – біздің тірегіміз. Ал Айша бибі, Бабажы қатын кесенелері – шедевр! Орта Азияда ондай құрылыс жоқ. Бакуде Бабажы қатын кесенесінің ерекшелігі жайлы есеп бердім. Сонда біреу: «Бұл армян сәулет өнерінің үлгісі», – дейді. Бірден тоқтаттым. «ХІІ ғасырдың аяғында армяндардың Ыстықкөл ауып келгенін білемін. Ал бұл Х ғасырда салынған. Сендерде мұндай ғимарат бар ма?» – деп таласқа түстік. Әзербайжандар мені қолдап шыға келді.

Тәуелсіздік алғалы бері тұрғызылған ғимараттардың сәулет өнері тұрғысында ізденісі бар. Бірақ сын көзбен зер салсақ, бір мәселе әлі шешілмей келе жатыр. Дүниеде болып жатқан сәулет өнеріне қатысты жаңалықтардың барлығы да құрылыс материалдарымен байланысты. Ал құрылыс материалдарының пайдалануы ғылыми зерттеу жұмыстарының нәтижесі. Мысалы, 2004 жылы Нобель сыйлығына ие болған үш өлшемді графит деген материал бар. Оның ғажайыбы – сондай жеңіл, бірақ сондай берік, мықты. Алып ғимараттарды кез келген формада салуға мүмкіндік береді. Бізде де соны қолданады. Бірақ әлі күнге Республика сарайындай керемет ғимарат салынған жоқ. Нұр-Сұлтан қаласындағы «Астана операның» ішкі көркемдігі жақсы. Ал сыртқы формасын гректердің сәулет өнеріне ұқсатқаны көңіліме қонбады. Бастапқыда оның конкурсына біраз досым қатысқан, жақсы үлгілер бар еді. Мысалы, Жандарбек
Мәлібековтің үлгісін жасағанда қатып кетер еді. Әйтсе де, Нұр-Слтан қаласында сәулет өнерінің ұлттық тұрғыдағы бағытында жақсы қадамдар бар.

Түрік мешіттерінің архитектурасының біркелкі болуы – олардың дәстүрінен. Ертеде жер ауып келген бір сәулетшінің үлгісі оларда қалыптасып қалған. Ал Павлодар қаласындағы Мәшһүр Жүсіп мешіті – қазақ мешіті сәулетінің үлгісі. Біз еркіндік сүйгіш халықпыз ғой, осы мешітке кірсең, соны сезінесің. Формасы да өзгеше. Сұрақ дұрыс. Әр елдің мешіті ешкімдікіне ұқсамауы керек.

Біздің кезімізде сәулет өнерінің оқуын алты жыл оқитын едік. Себебі барлық білімді кішкентай басыңа сыйғызуыңа әрекет жасау керек. Бұл да философия сияқты үлкен ғылым. Биылдан бастап оқу жүйесін төрт жылға көшірді. Сәулетші боп жетілу үшін біраз тәжірибе керек, сол үшін төрт жылдық оқу аздық етеді. Шет елдерде оқуды бітіргеннен кейін біраз жылдық тәжірибеден соң ғана диплом қорғайды. Оқуды бітірген 100 адамның бәрі бірдей ұста боп кетпейді. Соның 10-15-і ұста боп жетілсе, соның өзі біз үшін бақыт. Сәулетшілер – ең қайырымды адамдар. Өзінің күшін білетін, бірақ еш уақытта менменсінбейтін адам. Сәулетші барлық адаммен ынтымақта болу керек және адамдарға қарсы топтарда болмауы керек.

Жазып алған
Асылан ТІЛЕГЕН

«Ақ желкен» журналы, №9
Қыркүйек, 2019

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз