Ерте, ерте, ертеде, қазір біз өмір сүріп жатқан жер атты ғаламшар пайда болыпты. Жаратушы жердің үстіне тау-тасты, өзен-көлдерді, құрлықтар мен мұхиттарды жаратыпты. Кейін жер үстінде адамдар мен аң-құстар, балықтар өмір сүріпті. Жаратушы жан-жануарларға: «Адамға қызмет жасаңдар!» деп бұйырыпты.

Сол бұйрықты естіген аң-құстар қолдарынан келген көмекті жасапты. Аралар әдемі гүлдердің шырынын жинап, адамдаға тәтті бал сыйлапты. Сүліктер адамдар ауырғанда денесіне жабысып, ауруынан айықтырыпты. Ал, тұт ағашында өмір сүретін құрт адамдарға жібек беріпті.

Адамдар жылқы, түйе, сиыр, қой мен ешкі бағып, сүтін ішіп, етін жеп, терісінен төсеніш жасап, киім тігіпті. Сөйтіп, олар еш нәрседен таршылық көрмей, бақытты өмір сүріпті. Тек судағы балықтар ғана: «Біз адамдарға қандай көмек жасай аламыз?» деп барлығы жиналып, ақылдасыпты.

– Адамдар құстардың аяғына хат байлап, бір-бірінен хабар алады. Тіпті, тауықтардың өзі жұмыртқа туып, кішкентай балаларды қуантады, – дейді баяу қозғалатын Сазан.

– Адамдар бізді аулап, тамағына пайдаланады, біздің көмегіміз сол шығар, – дейді Шортан шоршып.

– Жоқ, достар! Біз ерекше жаралған балықтармыз. Біздің басқа бір көмегіміз болу керек, – дейді Мөңке.

– Дұрыс айтасың, Мөңке! Мен адамдардың табанына ұқсаймын, содан кейін мені табан балық деп атап кеткен, – дейді Табан балық.

Сол кезде Көксерке:

–  Біз – омыртқалы жануарлармыз. Сен жалпақ болған соң атыңды табан балық қойғаны рас. Мен Африка жағалауынан басы атқа ұқсайтын балық көрдім. Тіпті, ток беретін жалпақ балықтарды көрдім,  – дейді.

– Қызық екен, айтшы, ол балықтар қалай тыныс алады? – дейді кішкентай Майшабақ.

– Ой, оны кім білмейді? Біз желбезегіміз арқылы тыныс аламыз ғой, – деп балықтар шулап қоя береді.

– Сен әлі кішкентайсың. Біздің ақылымызды тыңдасаң, бәрін білетін боласың, – дейді Алабұға қанатымен кішкентай Майшабақтың басынан сипап.

– Кәне, тынышталамыз! Біз суда тіршілік етеміз. Егер жағалауға шықсақ, дем жетпей, тұншығып қаламыз,  – дейді мұрты едірейген Жайын.

– Жайын дұрыс айтады, сабыр сақтайық, әйтпесе  біздің дауысымызды естіп, жыртқыш Акула тап берер,  – дейді Бекіре.

Балықтардың ең үлкені Тұқы еді. Ол балықтарды тыңдап, өнегелі сөз айтты.

– Балық бауырларым! Сөзіме құлақ салыңдар! Біз адамдарға барып көмек бере алмаймыз. Қандай көмек жасасақ деп мен де көп ойландым.  Қазір жер бетіндегі ең ақылды, ең білімді мақұлық, ол – адам. Біздің осылай дауласып жатқанымыз – біліміміздің аздығы. Ал айтыңдаршы, мынау өзен-көлде, теңіздер мен мұхиттарда қанша су бар?

Балықтар қиналып, жауап бере алмай қалады.

– Ал, неге күндіз Күн, түнде Ай шығады?

Балықтар тағы үндемей, ойланып қалады.

–   Жазда жер беті неге ыстық, қыста суық болады?

Балықтар «білмейміз» деп басын шайқайды.

Сонда Тұқы балықтарға қарап:

–  Міне, осының бәрін зерттейтін адамдар. Олар кішкентай кезінен бастап білім алып, табиғаттың қыр-сырын зерттейді. Біз білім алып жүрген кішкентай балалар мен үлкен адамдарға жақсылық тілейік. Адамдардың ғылымның құпиясын ашуына әрдайым ақ жол болсын, – дейді.

Сол кезде Жаратушы балықтарға риза болып, ризық-несібесін мол етіпті. Содан бастап әріп үйреніп, сабақты жақсы  оқып, білім алып жүрген кішкентай балаларға балықтар сәттілік тілейді екен.

«Балдырған» журналы, №10
Қазан, 2019

 

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз