Қазақстанда «Жетісу», «Қайрат», «Астана», «Тобыл» командаларында ойнаған сербиялық шабуылшы Джордже Деспотович осы күні Ресейдің «Оренбург» командасының капитаны. Голды да жиі соғады, жақында Мәскеудің «Спартак» қақпасынан да саңылау тапты. Сол ойыннан кейін футболшы ресейлік ақпарат құралдарының біріне сұқбат беріпті. Әңгіме барысында футболшы Қазақстандағы карьерасын да айтқан екен.

– «Оренбург» командасында ойнап жүргеніңізге бір жылға таяды. Бәріне бейімделіп үлгердіңіз бе?

–  Мен осыған дейін үш жыл Қазақстанда ойнадым. Сондықтан аса қиындық тудырған жоқ. Өйткені екі жақтың шарттары өте ұқсас.

–  Қазақстанда қандай таңғалатын жағдайлар болды?

–  Оған дейін Бельгияда бір жыл өнер көрсеткенмін. Ол жақта футболға жағдай жоғары деңгейде жасалған. Ал Қазақстандағы алғашқы командамның қаласында басында әуежайдың өзі жұмыс істеген жоқ. Сол себепті ойындарға бару үшін алты сағат автобуспен жүретінбіз және әрі қарай ұшаққа мінеміз. Мұндай кезде тек жарақат алып қалмауды ойлайсың. Тіпті массаждың өзі көмектеспейді.

 – Айтпақшы, неліктен «Црвена Звезда» сапына іліге алмадыңыз?

–  Тура клуб тарихындағы ең қиын кезеңге тап болдым. Бәлкім, содан да болар. Ол тұста стадионда судың өзі болмайтын. Жалақы да уақытында төленген жоқ. Тіпті 7 ай ойнағанымда бірде-бір рет айлық алып көрмедім. Оның үстіне, маған мүмкіндік беріп алаңға да шығармады. Сосын басқа вариант іздеуге тура келді. Қазақстанның «Жетісу» командасынан ұсыныс түскенде бірден келістім. Өйткені, басқа ұсыныс болған да жоқ. Талдықорғанға тек футбол ойнау үшін ғана бардым.

–  Қазақстанда үш жыл ойнадыңыз…

–  Қазақстанға барар алдында күдігім болып еді. Ойыншылардың көбі 22 жасында «Реал» немесе «Барселонада» ойнауды ойлап жүреді. «Жетісу» сапынан екі-үш ойыннан кейін «Қайраттың» бапкері келіп жолығып: «Мен сені жазда командама шақырамын, келемін деп уәде бер», – деді. Сөйтіп, Алматыда жалға ойнадым. «Қайрат» командасында сегіз ай ойнадым. Маған олар жаңа келісімшарт ұсынғысы келмеді, соңы нәтижесіз аяқталды.

–  Неліктен?

– «Црвенадан» кететін кезде клубтың маған қарызын кешіремін деген құжатқа қол қойып бергенмін. Олар маған 30 мың еуро қарыз болатын. Жалпы, ешқандай айғай-шусыз қоштастық. Алайда соған қарамастан клуб президенті маған иттік жасады. «Црвенадан» кеткенімді растайтын құжатқа байланысты клуб президенті тағы бір шарт қойды, яғни «Қайрат» сапында ойнауыма қарсы болды. Өйткені Алматы клубының менімен келісімшарт жасауға ниетті екенін біліп, әдейі істеді. Маған таңдау қалдырмады. Тағы да қосымша келісімге қол қойып кетуім керек немесе Сербияда қалуым қажет. Амал жоқ, «Қайратта» ойнамаймын деп қол қойып бердім. Маған басқа клубтардан ұсыныс түсетінін білдім, себебі Қазақстанда жақсы ойнаған болатынмын. Сөйтіп, айтқандарына көндім.

–  Клуб президентіне бұл не үшін керек болды?

–  Екеуміздің қарым-қатынасымыз нашар еді. Сол тұста «Қайраттың» қожайыны Қайрат Боранбаев хабарласып: «Біз сені күтіп отырмыз, екі ай өтті. Қайдасың?» – деп сұрады. Оған осындай проблема болып жатқанын айттым. «Келісімшартқа қол қойсам да, бір жыл бойы ойнай алмаймын» дедім. Боранбаев «Црвена» президентімен сөйлесіп көргенімен, еш нәтиже шыққан жоқ. Бұдан кейін «Астана» үш жылдық келісімшарт ұсынды, одан бас тарта алмадым.

–  Жақында Дмитрий Сычевпен сұқбатымыз шықты. Ол да Қазақстандағы футболға жасалған жағдай аса мәз емес екенін айтты.

–  Мен бұл ел туралы жаман ештеңе айта алмаймын. Қазақстан жүрегімде. Маған көп көмегі тиді. Әрине, жағдай оңай емес. Тіпті кейбір алаңдарда мүлдем футбол ойнауға болмайды. «Қайрат» пен «Астанада» жағдай тәуір. Бұл екеуі – Қазақстандағы ең бай команда. Ал «Жетісуда» жаттығуда ойыншылар Месси, Роналду деген жазуы бар формалармен жүретін. Мысалы, мен «Црвена Звездадағы» жейдеммен жаттығу жасайтынмын.

–  Сонда «Жетісу» командасына қалай жоғары лигаға ойнауға рұқсат береді?

–  Шынымды айтсам, білмеймін. Жалақы өте жақсы. Елдегі, бюджет төмен команданың бірі болса да, жақсы төлеп жүрді. Ойыншылар айына 15-20 мың еуро алады. Үнемі басшылыққа: «2-3 легионерді сатып, сол ақшаға жақсы база салып, стадионды дұрыстаңдар» деп айтатынмын. Бірақ олар ойлаған жоқ.

Бір футболшыға жылына 200-300 мың еуро жалақы төлегеннен, алаң салып алғандары дұрыс емес пе? Сол кезде дұрыс футбол ойнауға болады. Командалас досым екеуміз шетелдегі оқу-жаттығудан кейін бірден базаға ұшып келдік.  Онда ешкім болған жоқ, іші суық (-15). Кетуге асыққанымызбен, басқа вариантымыз болмады. Амал жоқ, қалуға тура келді.

– Қазақстанда қойды құрбандыққа шалатын дәстүр бар екенін білеміз. Сіз ондайға кездесіп көрдіңіз бе?

– Иә, «Жетісуда» ойнап жүргенімде қатарынан үш немесе төрт ойында жеңіске жете алмады. Бапкеріміз өте жақсы азамат болатын. Ол бізге: «Жігіттер, не істеу керегін білемін. Алаңда қой сойып, құрбандық шалуымыз керек», – деп айтты. Содан кейін келесі ойында біз жеңіске жеттік. Ал маған гол соғуым үшін бутсыма қанды жақты. Бір қызығы, содан кейін гол соға бастадым. Бірақ қойға обал. Алаңдағы қанды сүртіп алатын шығар деп ойлағанмын, жоқ, тиіскен жоқ. Солай ойнай бердік.

 – Алдағы жоспарларыңыз қандай?

– Пушкаш сыйлығына ие болуды ойлап жүрмін. Менің «Ахмат» қақпасына қайшылап соққан голым сыйлыққа ие болады деп үміттенемін. Тілшілер үнемі еске салып тұруларыңыз керек (күлді). Биылғы жылы үздік атанған голды көріп шықтым. Одан менікі әдемі деп ойлаймын. Ол жігіт те негізі қайшылап тепкен. Алайда, менікі өте қиын жағдайда соғылды. Месси мен Роналдумен бір сахнада тұру үшін Пушкаш сыйлығына ие болғым келеді. Бұйырып жатса, өте керемет болар еді.

Дайындаған
Бек ТӨЛЕУОВ

Ұлан» газеті, №43
22 қазан 2019 жыл

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз