Данияр Садықұлы – Қызылорда облысының Тасбөгет ауданында туып-өсіп, бүгінгі күні Мəскеуде білім алып жатқан талапты жастардың бірі. Бала кезінен шетелге шығуды армандаған кейіпкеріміз алғашқы жоғары білімді Қазақстанда алады. Бакалаврды физика пəнінің мұғалімі мамандығы бойынша бітіріп, магистратураға Сталин атындағы Мəскеу Ұлттық технология зерттеу институтына түседі. Таңдаған мамандығы – жаңа материалдар ойлап табу. Магистратураға қалай тапсырды, Мəскеу несімен ұнады, студенттік өмірі қалай өтіп жатыр? Мұны Даниярдың өз аузынан тыңдайық.

– Данияр, не себепті Мəскеуді таңдадыңыз?

– Бірінші Словакияға тапсырып көрдім, өте алмадым. Болгарияға тапсырдым, ол жаққа да түспедім. Енді Санкт-Петербургке тапсырамын деп ойланып жүргенімде, ол жақта онлайн нұсқа жоқ екенін, өзің барып тапсыру керек екенін естідім. Райымнан қайтуға тура келді. Біріншіден, қаржы болмады, екіншіден, түсіп кететініме кепілдік те жоқ еді. Мəскеу жөнінде досымнан естідім. Қазақстаннан көп студент тапсырғысы келеді екен. Арнайы комиссия келіп, емтихан қабылдап, екі-үш апта конкурс жасап, содан кейін жауабын айтады екен. Тапсырдым. «Оқуға түстіңіз» деген жауап келді. Міне, қазір осындамын. Магистратураға түсу шарттары еш қиын емес. Менің пəнім физика болғандықтан, осы пəннен тест тапсырдым. Сұрақтары қиындау болды. Ағылшын тілін қажет етпейді.

– Мамандығыңыз ерекше екен…

– Жаңа материалдар жасау деген мамандық. Мысалы, темір жолды алып қарайық. Пойыздың əртүрлі құрылғысы бар. Оларды қандай да бір материалдан жасайды. Сапасына, төзімділігіне қарайды. Зерттеп, жаңа материалдар ойлап табады. Соңында теміржолшылармен байланысып, ойлап тапқан дүниелерін ұсынады. Менің мамандығым да, болашақ міндетім де дəл осындай. Тек мен лазерьге байланысты құрылғылар төңірегінде ойланып, жаңа бірнəрселер жасауға тырысамын.

– Білім беру жүйесі қандай?

– Қазақстанмен салыстырсақ, теорияны өте аз өтеді. Барлығы практикамен болады. Зауыттарға алып барады, сол жақта жұмыс істетеді. Бұл біздің тез үйренуімізге жақсы.

– Қазақстанда мұндай мамандық бар ма? Болашақта бұл мамандыққа сұраныс болады деп ойлайсыз ба?

– Қазақстанда бұл мамандық енді-енді дамып келе жатыр. Ал Ресейде бұрын аяққа тұрған мамандық. Бүгінгі күні де бұл салада жұмыс табу қиын емес. Оқуымды аяқтаған соң осы жақта қалып жұмыс істеймін деп отырмын.

– Қазақстанда білікті мамандар жетіспегеннен дамымаған шығар. Өзіңіз
алғашқылардың бірі болып неге дамытпасқа?!

– Адам шетелге шыққан соң көзқарасы, мақсаты, ойы өзгереді. Мені де мына жаққа келгеннен кейін əртүрлі ой мазалай бастады. Жаңа ойлар, жаңа бастамалар, алға қойған мақсаттарым бар. Оны осы жақта іске асырғым келеді. Кез келген адам шет жаққа шыққан соң, болашаққа жаңа жоспар құрады. Менде де солай болып тұр.

– Не себепті дəл осы мамандықты таңдадыңыз?

– Өзіме жаңа нəрсені ойлап тауып, ғылым саласында жүрген ұнайды. Зертханаларда болып, сол жерде тəжірибе жасап көрген қызықты. Сол үшін таңдадым. Қолда бар материалды пайдаланып, жаңа нəрсе ойлап табуға ұмтылыс жасаудың өзі қызық.

– Мəскеу ұнап жатыр ма? Əсеріңіз қандай?

– Мəскеуге келгелі ойлау қабілетім екі есе қарқынмен дамып жатыр. Ұнап жатыр. Ауа райы керемет. Мына жақта байқағаным, бұлттар жерге жақын. Биік ғимараттың үстіне шықсаңыз, бұлт жаныңызда жүргендей болады. Бастапқыда өзімде сене алмай жүрдім. Көшеде келе жатып, қуанғаннан өзімнен-өзім күліп жіберемін. Адамдар таңырқап қарайды. Неге өзімен-өзі күліп барады деп ойлайтын шығар. Бір ерекше сезімде болдым. Шетелде жүргеніме, оқып жатқаныма сене алмай, өзіме таңырқап жүретінмін.

Қазақстан жастарына көзқарас жақсы

– Ол жақта Қазақстан жастарына көзқарас қандай?

– Қазақстан жастарына көзқарас жақсы. Тəжікстан, Өзбекстан, Қырғызстаннан келген студенттерге сəл басқаша қарайды. Расизм бар. Қазақстан десең, басқа ұлттарға қарағанда жақын тартады. Бір мысал айтайын, оқуға келгеннен кейін топқа бөлетін болды. Өзімнің қай топта екенімді білуге университетке келдім. Кураторым жолығып, ұлтымызды сұрады. Жанымда Тəжікстаннан келген бір бала бар еді. Тəжікстаннан екенін айтып еді, бітіргеннен кейін Тəжікстанда жұмысқа орналастыра алмайтындарын айтты. Мен Қазақстаннан екенімді айттым. «Қазақстанда бəрі жақсы, жұмысқа тұрғыза аламыз, ол жақта көп серіктесіміз бар. Оқып жатқан екі жылда практикамен Қазақстанға барып келсеңіз де болады» деп, біраз мүмкіндік туралы айтты.

– Студенттерге қандай жағдай жасалған? Шəкіртақы, пəтер, жұмыс, күнкөріс деңгейі қандай?

– Шəкіртақы Қазақстанмен салыстырғанда аз. 1600 рубль, теңгемен он мыңға жуық. Тегін жатақхана береді. Жатақхана көңілімізден шығады. Таза, кең, əдемі. Алғаш келген кезде түсіндіріп айтты, бірінші кезекте дипломдық жұмыс жазу керек. Қалауыңызға қарай зауыттарға жұмысқа орналастырады. Екеуін қатар алып жүрсеңіз де болады. Университеттің арнайы бір сайты бар. Сайтта сабаққа қатысты тапсырмалар салынған. Соларды орындап, уақтылы өткізіп отырсаңыз өзіңізге жақсы.

– Мəскеуде не таңсық болды?

– Мен Алматы метросында бір-ақ рет болғанмын. Мəскеу метросы əлем бойынша 9-орын алады. Ал əдемілігі жағынан бірінші орын дер едім. Метро өте үлкен, 250-дей станция бар. Шатасып қаласыз. Бірінші жолдан екі жолға өтетін бұрылыстары бар. Алғаш келгенде адасатынмын.

– Шетелде оқығысы келетін қазақстандық жасөспірімдерге қандай кеңес бересіз?

– Өзіңіз қалаған барлық мемлекетке, оқу орындарына өтініш тастай беріңіз. Қол жеткен жердің бəріне. Бірінен жауап келмесе, екіншісінен міндетті түрде келеді. Көп ізденіңіз. Еуропаға түскіңіз келсе, ағылшын тілін үйреніңіз. Ал Ресейдің көп қаласына ағылшын тілі керек емес, орыс тіліне жетік болсаңыз жеткілікті. Ерінбеңіздер. Қаражат жағы қиын болса, əлемде тегін оқу орындары бар. Өзім тегін оқып жатырмын. Мəскеуде оқу Қазақстаннан Еуропаға барып оқығаннан 3-4 есе арзан.

– Бос уақытыңызды қалай өткізесіз?

– Бос уақытым бола қалса, кітап оқимын. Балалармен футбол ойнаймыз. Мына жақта футбол алаңдары тегін, барлық жерде бар. Ал Қазақстанда ақылы болады ғой. Оқу орнында ТМД-дан келетін студенттер өте көп. Басым көпшілігі қазақтар. Сондай-ақ, Мəскеу жастарынан бір байқағаным, олар біз сияқты метрода атып тұрып орын бере бермейді. Құлаққап тағып алып отыра береді. Жастар өздерін емін- еркін ұстайды.

– Мəскеудегі студенттік өмір…

– Үлкен мүмкіндіктер, жаңа таныстар, өмірлік тəжірибе, ұмытылмас қызықты студенттік шақ.

– Рақмет, Данияр! Оқуыңызға сəттілік тілейміз!

Əңгімелескен Нарқыз ЕРЕС,
СДУ студенті.

Ұлан» газеті, №43
22 қазан 2019 жыл

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз