Күнікей Жұртбай орта сыныпқа өткеннен бастап «Ұлан» газетіне белсене хат жазып, мақалалар жолдап тұрды. Көп өтпей «жас тілші» де атанды. Бірақ соңғы уақытта газеттен қол үзіп қалды. Себебін де білген сияқтымыз. Қазір алыстағы Америкада. Күнікейдің қазіргі қызығушылығы туралы кеңірек əңгімелесуді жөн көрдік. «Ұланға» оқушы кезімнен жазбағандықтан, жас тілшілер туралы
көп біле бермеймін. Сондықтан Күнікей əуелі өзін жақынырақ таныстырып өтті.

«Жасым 16-да. Американың Mt. Ararat High School мектебінде 12-сыныпта оқып жатырмын. Туған өлкем – Алматы. Бірақ өмір бойы елордада тұрдым, сондықтан өзімнің қалам деп айта аламын. Болашақта режиссер болғым келеді. Монтаж, кітап оқу, тіл үйрену мен боксты ұнатамын. Əлемдегі ең күшті мектептердің бірінде 10-сыныпты бітірдім. Елордамыздағы №76 мектеп-лицей мені құшақ жая қарсы алғанына өмір бойы разы болатын шығармын. Мектебімді жақсы көремін! Онда ең мықты əрі адамгершілігі мол мұғалімдер бар. Сол мектепке ауысуға шешім қабылдамасам, ешқашан FLEX бағдарламасы туралы білмес едім», – деп бастады жас тілші қыз əңгімесін. Біздің сұрайын дегеніміз осы бағдарлама туралы еді. Иə, достар, Күнікей секілді сендердің де Америкада оқуға мүмкіндіктерің бар. Ендеше Күнікейдің əңгімесін тыңдайық.

– Бағдарлама жайлы қайдан білдің?

– Бір жыл бұрын ағылшын тілі сабағы өтіп жатқанда сыныпқа біз танымайтын апай кіріп, бір олимпиаданы ма, сайысты ма жарнамалай бастады. Бас жүлде Америкаға саяхат деген сияқты болды. Сыныптастарым онша назар аудармағандықтан, қызықпағанын байқадым. Əрине, қалада мұндай жарнамалар толып тұрған жоқ па? Лохотрон шығар деп ойлаймыз ғой. Мен де əдетте солай ойлап, мəн бермейтінмін… Неге екенін əлі де түсінбеймін, бірақ сол сəтте сыныптастарымның арасында əлгі жарнамаға назар аударған тек мен болдым. Сабақ аяқталған соң апайдың жанына жақындап, көбірек ақпарат сұрап сөйлестім. Апай таныстырған бағдарламаның сайтын жазып алдым. Сосын ағылшын тілін қаншалықты білетінімді сынап көрмек болдым. Əрине, бір жылдан кейін америкалық мектепте отырып, осы сұқбатқа жауап беремін деген ой ол кезде миыма да кіріп шықпады.

– Бағдарламада қанша кезең болды? Қанша адам бақ сынады?

– FLEX (Future Leaders Eхchange) – болашақ көшбасшылармен айырбас, сондықтан балалардың көшбасшылық қасиеттерінің болуын қажет етеді. Үш кезеңнен тұрады, үшеуінен де өткен оқушы финалист атанып, Американың мектебінде толығымен тегін бір жыл оқып келеді. Бірінші кезең – ағылшын тілінен 15 минуттық тест. Мен үшін оңай болды деп айта аламын, алайда осы кезеңнен кейін қатысушылардың жартысынан көбі өтпей қалды. Астанада 700-ден астам оқушы бірінші кезеңге қатысса, ең соңында соның ішінен 6-7 оқушы ғана екінші кезеңге өтті. Əр кезеңге өткен сайын жаттығулар қиындай түседі. Мысалы, екінші кезеңде 35 минутта ағылшынша үш эссе жаздық. Тақырыптары психиканы тексеруге бағытталған, оқушының көшбасшылық қабілеттерін анықтау үшін жасалады. Үшінші кезең – ең қиыны. Себебі бұл кезең бірнеше күнге жалғасады: сұқбат, топтық ойын, ағылшын тілінен ауқымды тест, тағы да эссе жазу жəне анкета толтыру. Осы кезеңдер толығымен бір жыл уақыт пен жұмысты талап етеді. Финалистерді Вашингтондағы комиссия мүшелері жазған эсселеріне қарап таңдайды. Өкінішке қарай, олардың оқушыларға қандай талап қоятыны бізге мəлім емес. Меніңше, бағдарламаға қатысу үшін əр бала өзін шынайы танытып, өзгеріске дайындығын көрсетуі керек. Қазақстанда бірінші кезең тестілеуі осы жыл үшін дəл қазір (2019 жыл, қазан) өтіп бара жатыр. Толығырақ discover-fl ex.org сайтынан қарай аласыз.

Фильмнің ішінде жүрген сияқтымын…

– Өзге елдегі мектепке бірден үйренісіп кеттің бе?

– Америка маған ұнайды. Алғаш келген кезде қиындау болғаны рас. Себебі сол уақытта кішкене ауырып жүргенмін. Сондай-ақ ағылшынды күнделікті қолдануға үйренбегенмін. АҚШ туралы ақпаратты күнделікті фильмдер мен ғаламтордан алып жүргендіктен, «мəдени шок» болмады. Өзімді фильмнің ішінде жүрген сияқты сезінемін. Қазіргі уақытта Мэн штатының Портленд қаласына жақын шағын қалашықта қабылдаушы отбасымен бірге тұрамын. Хост-отбасыма жəне мектебіме тез үйреніп кеттім. Мұндағы адамдардың қонақжайлығы мен мейірімділігі ұнайды. Айырбас студент болғанымды білгендер қуана-қуана көмектесіп жібереді. Табиғаты тамаша. Атлант мұхитының жағасында орналасқанымен, орманды, ауасы таза. Шағын қалада тұрғаныммен барлығы қолжетімді, дүкендері мен ойын-сауық орталықтары көп.

– Мектебің жайлы да айтсаң…

– Мектебімнің атауы – Mt. Ararat High School. Тұратын үйімнен 15 минуттық жерде. Мектепке (кинодағыдай) сары автобусқа мініп барамын. Менен басқа Қырғызстан, Украина, Чехия, Франциядан келген Flex оқушылары бар. Американың оқыту жүйесі біздегіден мүлдем басқаша. Мысалы, осы жылы мен 8 пəн оқимын: Pre Calculus (математика), француз тілі 1, академиялық ағылшын тілі 4, астрономия, study hall (үй жұмысына бөлінген уақыт), understanding film (кинематографияны зерттеу мен монтаж), Америка тарихы 1, AST (жоғары оқу орнына түсуге арналған көмек).

Қазақстанда 10-сынып бітіргеніммен, Америкада 12-сыныпқа түстім. Сондықтан уақытымның басым бөлігі жоғары оқу орнына түсуге бағытталады. Əр оқушы сабақтардың ішінен өзіне ұнайтын пəндерді таңдап оқуға құқығы бар. Міндетті сабақтар да бар. Олар: математикадан 3 жыл, ағылшыннан 4, ғылымнан 2, шетел тілінен 2, шығармашылықтан 1 жыл. Соған қарап сабақ кестеңді өзің құрасың. Күніне 85 минуттан 4 сабақ болады, үзіліс 5 минут, күннің ортасында, яғни түсте 35 минуттық түскі ас (ланч) бар. Бұл жердің оқыту тəртібі өзіме көбірек ұнайды.

– Америка мектебіндегі бір күніңді сипаттап берсең…

– Мектеп автобусы үйдің маңына шамамен 07:15-те келеді. Сол уақытқа дайындалып, таңғы асымызды ішіп шығамыз. Күніне 85 минуттан 4 сабақ болатындықтан, күнделікті сабақ кестесі де өзгеріп тұрады. Қызыл күн (екінші күн кестесі) болғанда, біріншіден, Advisory-ге барамын. Мұны күннің алдындағы 9 минуттық дайындық деп те атасақ болады. Осы 9 минуттың ішінде басқа 12-сынып оқушыларымен сөйлесіп, мектеп ішіндегі жаңалықтарды естіп, күнделікті жоспарымызды бөлісеміз. 08:00-де бірінші сабақ басталады, мен үшін ол математика. Математикадан кейін 5 минуттық үзіліс, одан кейін француз тіліне барамын. Бұл менің үйреніп жүрген бесінші тілім болғандықтан, əзірше оңай. Сабақтар əрдайым қызықты өтеді. Күн ортасында, яғни түсте 35 минуттық ланч бар.Тамақты үйден алып келемін немесе осы жерден сатып аламын. Соңғы
2 сабағым – Америка тарихы мен Фильм зерттеуі. Дəл қазіргі сабақ кестемді жақсы көремін. Сабақ біткенде қайтадан автобусқа мініп, үйге қайтамын.

– Америкалық мектептердің еліміздегі мектептерден қандай айырмашылығы бар?

– Ең үлкен айырмашылығының бірі – өзіңе-өзің сабақ кестесін құру мүмкіндігінің болуы. Соңғы сыныпта мамандығыңа байланысты сабақтарды таңдап, не ұнататыныңды байқап, университетке дайындалып алуға болады. Кейбір қиын сабақтар колледж деңгейінде өтеді де, кейінгі оқу орындарында кредит сияқты қабылданады. Əркім өзіне-өзі жоспар құратындықтан, Қазақстандағыдай бірқалыпты сыныптастар болмайды. Тіпті кейбір сабақтарда 9-сынып пен 12-сынып оқушылары бірге отырып оқи алады. Сондай-ақ бұл жерде мұғаліммен қарым-қатынас мүлдем басқаша. Олар өзің қатарлы досың сияқты. Еркін
əңгімелесуге, тіпті қалжындасуға да болады.

– FLEX-ке тапсыру кезінде немесе оқып жүргенде басыңнан өткерген бір қызық
оқиғаңмен бөліссең…

– Ең қызығы, жақында көршілес қалада қазақстандық досымды кездестірдім. Өткен аптадағы демалыс күні қабылдаушы отбасыммен бірге Fryeburg Fair жəрмеңкесіне барған едік. Сол жəрмеңкеде тамақ күтіп тұрған кезімізде артқа қарап едім, FLEX-ті бірге өткен астаналық досымды көріп қалдым. Кішкентай қалашық болғандықтан ешкімді кездестірем деп ойлаған жоқпын. Сол күнді өзге айырбас оқушыларымен бірге жəрмеңкеде өткіздік. Өте қызықты болды.

– Шетелде оқуыңа ата-анаң қарсы болмады ма?

– Ата-анам кішкентай кезімнен «ешқашан шетелде оқымайсың» деп тəрбиелеген. Бірақ ағылшын тілін меңгеруге, осы бағдарламаға жұмсаған күнделікті еңбегімді көріп, жіберді. Олар менің таңдаған жолымды қабылдап, қолдағанына өте ризамын.

– Биыл Қазақстаннан қанша оқушы FLEX-пен Америкаға оқуға кеткенінен
хабардарсың ба?

– Шамамен 120 оқушы. Барлығымызды бірнеше топқа бөліп, жаз бойы шығарып салып жүрді. Біз толық академиялық бір жыл оқимыз, содан кейін Қазақстанға қайтып оралуға міндеттіміз.

– Осы бағдарламаға тапсыруға ниетті оқушыларға қандай кеңес бересің?

– Тапсырып көруден қорықпаңыздар! Қаншалықты ерте бастап, іздене бастасаңыз, соншалықты мүмкіндік те көбейеді. Осыдан 2-3 жыл бұрын шетелде білім алу туралы жəрмеңкелердің əрбіріне барып, əрдайым жылап шығатынмын. Мен үшін бүкіл ұсыныс тым қымбат болды. Алайда қазір қайда екеніме өзім əлі де сене алар емеспін. Меніңше, ең бастысы – талпынуды, ұмтылуды доғармау. Біз ертең не болатынын, қай есік ашылатынын ешқашан білмейміз. Сондықтан бар мүмкіндіктен қорықпай, күшімізді сынап көру керек деп ойлаймын. Осы бағдарлама жайлы сұрағысы келген оқырмандар болса, Инстаграм желісінен (iamkunikey) хабарласуына болады.

– Іске сəт! Əрқашан биіктен көрін, Күнікей!

Қания ТАБЫС,
СДУ студенті.

Ұлан» газеті, №43
22 қазан 2019 жыл

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз