АЛҒА АУДАНЫ

Атшаптырым аумағы,
Көмір, мұнай – бар бәрі.
Тасқоралы таулары –
Көркейтіп тұр Алғаны.

Қысы суық болғанмен,
Жазы ыстық бұл жердің.
Қойнауы оның толған кен,
Бақыты бар мұнда елдің.

Тарихта орнын мәңгі етіп,
Айналды Есет ұранға.
Ақын Ізтай Мәмбетов
Туған аудан бұл Алға.

ӘЙТЕКЕ БИ АУДАНЫ

Әйтеке би атанған
Ел біледі Айтықты.
Естігенмін атамнан,
Талай билік айтыпты.

Атымен сол кісінің
Аталады бұл аудан.
Мұнда егіннің түсімі
Ерлер атын шығарған.

Тарих өткен күндерді
Жібермейді құрдымға.
Шайқастардан бір белгі –
«Хан моласы» тұр мұнда.

БАЙҒАНИН АУДАНЫ

Алғашқыда Табын боп
Аталғанмен бұл аудан,
Байғанин деп қалың көп,
Бата алыпты жыраудан.

Осы жерде әйгілі
Ақтан ақын* туыпты.
Жазы ыстық деп қайғырып,
Елемейді ел суықты.

Сағыз бен Жем өңірін
Өрнектеген даланың.
Көтереді көңілін
Жазда келген баланың.

*Ақтан Керейұлы (1850–1912) – халық ақыны.

ҚАРҒАЛЫ АУДАНЫ

Балыққа бай Қарғалы
Аты ауданға берілген.
Ол – Електің тармағы,
Несібі асып-төгілген.

Қанша балық ауланды,
Таулары бар жатаған.
Тұрғындары ауданды
«Швейцария» атаған.

Жайқалған бақ ал төрі,
Асырайды-ау бір елді.
Қарғалының картобы –
Осы өңірдің бренді.

ҚОБДА АУДАНЫ

Бағзы кезден белгілі
Киелі жер екені.
Дейді ежелден ел мұны
Батырлардың мекені.

Келесің сен ақылға,
Көрсең Абат-Байтақты.
Қобыланды батыр да
Осы жерде жай тапты.

Әлия апам қайралып,
Тәлім алған ерлерден.
Мұнда Исатай Тайманов
Денесі де жерленген.

МАРТӨК АУДАНЫ

Қазақтар бар шетте өскен,
Ұқсын солар әр текті.
Ресейменен шектескен
Кім білмейді Мартөкті?

Солтүстігі қыратты,
Жазық дала түстігі.
Өзен-көлді, бұлақты,
Қансонарлы қыс күні.

Байторысай, Аққұдық,
Қаратоғай, Жайсаңды
Жақын түгіл жат біліп,
Жер аттары ой салды.

МҰҒАЛЖАР АУДАНЫ

Мұғалжар – тау аласа,
Айырмасы аз дөңестен.
Баурайында жараса
Қайың, мойыл көп өскен.

Артып елдің дәулеті,
Толастамас өмір бір.
Жұбановтар әулеті
Өсіп-өнген өңір бұл.

Кенге де бай аудан бұл,
Мұнай, газ, мыс – бар бәрі.
Аспанынан жауған нұр,
Суға толы аңғары.

ОЙЫЛ АУДАНЫ

Күнбатысты бетке алып
Ағады Ойыл өзені,
Ағыспенен көп балық
Кең арнаны кезеді.

Мақтан тұтар аймағы
«Барқын құмы» бар мұнда.
Ол теңіздің қайраңы
Болған екен алдында.

Нұрсұлуды* аңыз ғып
Айтады осы өңірде.
Ол Зарема тәрізді
Қалған барлық көңілде.

*Нұрсұлу Тапалова – биші. 1923 жылы Ақтөбе облысының Ойыл ауданында өмiрге келген. Ол Галина Улановамен «Бақшасарай бұрқағында» Зареманың рөлiн ойнаған.

ТЕМІР АУДАНЫ

Шұбарқұдық – кенті бар
Батыстағы Темірдің.
Бұл өлкеге ел құмар,
Мұнайы мол өңірдің.

Жер қойнынан тас көмір
Өндіреді еліміз.
Байлық болса – жақсы өмір,
Түсінеміз оны біз.

Көрінсе егер бір дарын,
Қарамайды ел тосырқап.
Ашықбаев* жырларын
Жатқа айтады жас ұрпақ.

*Ертай Ашықбаев – белгілі балалар ақыны.

ХРОМТАУ АУДАНЫ

Бай болмасын ел қалай
Қазыналы өңірде!
Жер қойнауы кенге бай –
Бар мыс, мырыш, көмір де.

Хромит кенін бәрі де
Мақтан қылып жырлайды.
Қосады оны әніне,
Жұрт біледі бұл жайлы.

Мұнда Жақсы Қарғалы,
Ойсылқара, Ор, Дүбір,
Қарабұтақ, Тамды ағып,
Кенелтеді елді бір.

ШАЛҚАР АУДАНЫ

Сантас, Сасай таулары
Қойнауында көлі бар.
Теңіздейін аумағы,
Балығының дәмі бал.

Айдында – ақ шағала,
Шабақ көрсе құнығып,
Күнге күйіп жағада,
Қайтады жұрт тынығып.

Көз ұшында жоғалар
Түлкі, қарсақ, бөкені.
Қорғандар мен обалар –
Ата-баба мекені.

ЫРҒЫЗ АУДАНЫ

Қырын киік жайлаған,
Ойында елік ойнаған,
Көлде құсы сайраған
Бар ма мұндай бай далам?!.

Төксең дағы, сірә, тер,
Қайдам,
қайдан табарсың:
Теңдесі жоқ кратер
Осы Ырғызда – Жаманшың.

Шежіреден белгілі
Массагеттер даласы.
Мұнда өмірге келді
ұлы
Абайдың да бабасы…

«Балдырған» журналы, №10
Қазан, 2019

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз