Бокс тарихында аты алтын әріппен жазылған отандасымыз Геннадий Головкин жақында ғана украиналық Сергей Деревянченкоға қарсы кезекті жекпе-жегін өткізіп, төрешілер шешімі бойынша жеңіске жетті. Алайда бұл жеңіс көпшіліктің көңіліне күдік ұялатып, жекпе-жек жанкүйерлердің көңілінен шықпады.

Иә, айқын басымдықпен жеңіске жете алмаған Головкин Big Drama Show көрсете алмады. Алғашқы раундтарды жақсы бастаған отандасымыздың уақыт өткен сайын қарқыны бәсеңдей түсіп, көп соққы жіберіп алды. Генаның қарсыластың бетіне, басына, ішіне жаудыртатын джебтерін де сирек көрдік. Енді тақырыбымызға тірек болған Головкиннің спорттық мансабын аяқтайтын уақыт келді ме деген мәселеге тоқталсақ. Шыны керек, отандасымыздың Сергеймен болған жекпе-жегінде соққылары жойқын әрі дәл болғанымен, шабуылы өте аз болды. Бокс үшін жас мөлшерінің аса маңызды рөл атқаратыны белгілі. 37 жасында 40-шы жекпе-жегін өткізген отандасымыз шау тартқандай, рингтегі қимыл-қозғалысы да бұрынғыдай емес секілді. Боксшылардың соққысын санайтын CompuBox (Computerized punches scoring system) статистикасына сүйенсек, Генаның қарсыласқа бағыттаған джебінің (Jab) айтарлықтай азайғанын байқауға болады. Мысалы, Головкин – «Канело» ремачында қарсыласына 547 джеб соққысын бағыт-таса, Деревянченкоға қарсы жекпе-жекте 406 джеб бағыттап, 107-сін ғана дәл тигізген. Тағы да CompuBox статистикасының көрсеткішіне жүгінер болсақ, GGG 12-раундта 314 ауыр соққы бағыттап, 136 соққыны дәл тигізген.

Ал қарсыласы 472 ауыр соққы жұмсап, оның 183-ін дәл тигізген. Тіпті, 10 раундта Деревянченко 40 секундтың ішінде отандасымызға 30-ға жуық соққы жұмсап үлгерді. Шыны керек, бұған дейін Головкиннің ешбір қарсыласынан ондай
ауыр соққылар алғанын көрмедік. Одан бөлек, Сергей отандасымыздың осал тұсын айқындап берген сияқты. 5-раунд аяқталар тұста украиналық боксшы Головкиннің ішіне ауыр соққы жасап, есеңгіреткендей болды. Дәл осы соққыны бапкерлер Деревянченкоға жиі-жиі ұруға кеңес беріп, көбірек ішке, бүйірге шабуыл жасауға міндеттеді. Өйткені бұл соққылар Геннадийдің физикалық күшіне және жылдамдығына айтарлықтай әсер етті.

Бұл жекпе-жекте кімнің жеңіске жеткендігі туралы боксшылар мен мамандар әртүрлі пікір айтып, өз ойларымен бөлісті.«Головкин қартайғандай көрінді. Ол алғашқы раундтарда жақсы жұдырық-тасқанмен, Деревянченко 5 раундтан бастап күш ала бастады. Әсіресе осы раундта ол Головкиннің ішіне ауыр соққы жасап, шаршатты. Сергей жеңіске жете алмаса да, тамаша өнер көрсетті, енді оның табысы айтарлықтай жоғарылайды», – деді 2013 жылы Головкиннен жеңілген ағылшын боксшысы Мэттью Маклин. Жеңіл салмақта WBC тұжырымы бойынша әлем чемпионы Девин Ханей де (23-0,15 КО) жекпе-жек тең аяқталды деп есептейді. «Головкиннің жекпе-жегіне көңілім толмады. Бұған дейін ол Деревянченконы жекпе-жектің екінші жартысында нокаутқа жібереді деп топшылаған едім. Менің ойымша, олар тең түсті. Ол енді Альваресті жеңе алмайды», – деді америкалық боксшы.

Расында бұл жекпе-жек Геннадийдің спорттық мансабындағы ең қиын жекпе-жектің бірі болды. Дегенмен оның өзіндік себебі де жоқ емес.Отандасымыздың менеджерінің айтуынша, Головкин бұл жекпе-жекке сырқаттанып шыққан. Соның салдарынан бар өнерін көрсете алмай, қарсыласын уақытынан бұрын ұта алмады. Головкиннің ауыр соққылары қарсыласына сирек тигенмен де, әлі де жойқын екенін байқадық. Ұзақ жыл бойы орта салмақта үстемдік еткен ол сырқаттанғанына қарамастан мықтылығын дәлелдеді. Орта салмақта IBF және IBO тұжырымы бойынша әлем чемпионы атанған Гена бұл жекпе-жек үшін 15 млн АҚШ долларын иеленді. Жалпы DAZN стриминг жүйесімен 3 жылға келісімшартқа отырған спортшы 6 жекпе-жек өткізуі тиіс. Келісімшартқа сәйкес қазақстандық боксшының сыйақысы 100 миллион доллардан асады. Әрі ол міндетті түрде атақты, мексикалық Сауль «Канело» Альвареспен жекпе-жек
өткізуі тиіс. Головкиннің соңғы кездесуінен кейін «Канело» отандасымыздың
енді ешқандай қиындық тудырмайтынын, тіпті нокаутқа жіберетінін айтты. Альвареспен болған алғашқы кездесуде Головкин жойқын соққыларымен, өткір шабуылымен чемпиондық атақтарын сәтті қорғап қалған еді. Алайда екінші кездесуде «Канелоның» тактикалық жақтан өскені, ал Головкиннің бокстасу мәнері өзгеріссіз қалғаны байқалды. Жас факторы боксшымызға тактика және тәжірибелік тұрғыдан өсуіне кедергі келтіруі әбден мүмкін. Егерде Альвареспен үшінші жекпе-жекте дәл осылай жұдырықтасса, жеңіске жете алмауы мүмкін. Головкиннің спорттық мансабы соңғы кезеңдеріне келіп жеткендей. Сондықтан сарапшылардың пікірінше, Альвареспен үшінші жекпе-жек өткізуден гөрі, Деметриус Андраде (28-0,17КО) және Билли Джо Сондерс (28-0,13КО) сынды чемпиондардың белдігін жеңіп, бокс тарихындағы өз есімін алтын әріппен жазып кеткені көбірек тиімді болар еді. Дегенмен Геннадий Головкиннің қолғапты шегеге ілетін уақыты есік қағып тұр деуге ерте сияқты. Не болса да, әліптің артын бағайық.

Дәурен ТҮЛКІБАЙ

Ақ желкен» журналы, №10
Қазан, 2019

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз