Отандық телеарналардан түрік сериалдарын жиі көреміз. Олардың кино өндірісіне, актерлық құрамына, әуеніне дейін таңдай қағамыз. Мұндай туындылар біздің отандық кинематографияда да көп болса екен деп тілейміз. Түркияда оқитын қазақ қызы Мархабат Ілиясты да шетелге оқуға жетелеген мақсат – осы. Ол қазір Анкара қаласындағы Хаджи Байрам Вели университетінде телевизия және кино мамандығы бойынша білім алып жатыр. Мархабат «Ақ желкеннің» оқырмандарына Түркиядағы оқу, тіл үйренудің қиындықтары туралы
әңгімелеп берді.

Қазақстанды Түркияға барып таныдым

– Мектепте, университетте, күнделікті өмірде патриот, Отан деген сөздерді жиі естиміз. Бірақ шетелге оқуға түспей тұрып бұл сөздердің мән-мағынасын дұрыс түсінбеппін. Еліміздің рәміздері – Ту, Елтаңба, Әнұран екенін бастауыш сыныптан бастан білгеніммен, олардың қадірін де студент болғанда барып түсіндім. Түркияға барғанда қай елден келгенімді, Қазақстанның қандай мемлекет екенін, салт-дәстүрлеріміз туралы сұрайтын. Менде Қазақстантану процесі осы кезде басталды. Отаным туралы толық әрі нақты ақпарат беру үшін көп оқып, ізденетін болдым. Шетелде жүргенде Отаның туралы тек жақсы нәрсе айтқың келеді екен. Өз елімізде жүргенде әр нәрсеге шағымданып, көңілім толмай жүретін. Ал Түркияда Отанға деген махаббат пен құрметім арта түсті.

Бірде әр студент өзінің туған жері туралы презентация дайындауы керек болды. Интернеттен Қазақстанның суреттерін жүктеп алып, бірге оқитын достарыма көрсеттім. Бәрі біздің елдің табиғатына таңғалды. «Сенің Қазақстаның қандай әдемі! Осындай жерді тастап, Түркияға не үшін келдің?» деп сұрағандар да болды. Өзім де ойланып қалдым.

Түркияға келетін таныстарым елден жиі сәлемдеме әкелетін. Түркиядағы достарыма сыртында Қазақстанның туы бар шоколад қатты ұнайды. Елге келген
сайын осы шоколадтан апарып берем. Әлемнің түкпір-түкпірінен келген студенттер бір жатақханада тұрамыз. Бірде құрбымның бөлмесіне барсам, сыртында Қазақстанның туы бейнеленген шоколадтың қағазын қабырғаға жапсырып қойыпты. Себебін сұрап едім: «Байрақты ешқашан жерге тастауға болмайды. Мейлі, қай елдің туы болса да жоғары қою керек», – деді. Ойланып қалдым. Содан бері өз елімнің ғана емес, басқа елдің де рәміздеріне құрметпен қарайтын болдым.

Отандық арнадан отандық кино ғана көрсек деймін

– Түркияда бір жыл тіл үйрену курсын оқыдым. Әлемнің көптеген елінен келген тілі, түрі, нәсілі әртүрлі адамдармен бірге оқыдым. Бір байқағаным, олардың дүниетанымы кең. Мысалы, мен Африкада қандай елдер бар екенін де анық білмейді екем, ал олар Қазақстанның экономикасы, саясаты, Президент туралы біледі.

Тіл курсын үйренген кезде басқа студенттерден үздік оқыдым. Кейбір достарым
«сен түрікше жақсы білесің ғой, не үшін оқып жүрсің» деп сұрайтын. Бізге Қазақстанда тұратын Фатих есімді ұстаз сабақ берді. Өзі қазақша жақсы біледі екен. Ол кісінің алдында қазақтардың беделін түсірмеу үшін жақсы оқуға тырысамын. Қазақ тілі мен түрік тілінің ұқсас тұсы көп. Түріктер тасты – таш, көлікті араба дейді. Байқағаным, қазақтардың күнделікті қолданыстағы сөздері орыс тілінен еніпті. Свет, газ, машина… Осылай жалғасып кете береді. Шындығында қазақтың нағыз төл сөздері түрік тіліндегі сөздермен ұқсас. Сондықтан маған тіл үйрену қиынға соқпады.

– Түрік тілін үйрену үшін сериал көреміз. Қазақстанда түрік сериалдары танымал
болғандықтан, сюжетін, актерлық құрамын бәрін жатқа білемін. Достарым тағы да «сен – түріксің» деп әзілдейді. Түркияда оқып жатқан мамандығым кино әлемімен тікелей байланысты. Өзім де Қазақстанда кино саласында жұмыс істегенмін. «Той любой ценой» фильмін түсірдік. Түркияға келіп киноның қыр-сырына қанығып жатырмын. Болашақта оқуымды аяқтаған соң елге оралып, кино әлемін жаңа деңгейге көтергім келеді. Отандық режиссер Қанағат Мұстафинмен хабарласып тұрамын. Алға қойған арман-мақсаттарымыз көп. Отандық телевизиядан отандық фильмдер ғана көретін күнге жетсек екен деймін. Түрік халқы қазақ, қырғыз, өзбектерді бауырым деп жақын тартады. Түбі бір – түркіміз, болашақта түркітілдес мемлекеттер достастығын құрамыз деп армандайды. «Бауырым» деп құшақ жайып қарсы алады. Жергілікті халқы қазақтар сияқты қонақжай әрі ақкөңіл.

Түркияда телефон нөмірін алу, телефоныңды тіркету үлкен проблема. Әр адамның басына бір ғана нөмір беріледі. Сол нөмірден шыққан-кірген қоңыраулар мен хаттар үшін жауапкершілік жүктеледі. Бұл бір жағынан адамның жеке қауіпсіздігі үшін де қажет нәрсе сияқты.

Әңгімелескен
Дана МАРАТОВА

Ақ желкен» журналы, №9
Қыркүйек, 2019

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз